16 күні полиция бөліміне әйел қоңырау шалып, белгісіз біреулер оның әкесіне шабуыл жасап, қалтасындағы ақшасын ұрлап кеткенін хабарлаған.
Оқиға орнына жеткен полицейлер тексеру жұмыстарын жүргізу барысында белгісіз 2 жігіттің егде жастағы ерлі-зайыптылар тұратын үйге кіріп, ер адамға дене жарақатын салып, оны тонап, 190 мың теңге көлеміндегі ақшасын ұрлап кеткенін анықтаған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде полиция қызметкерлері 18 және 17 жастағы екі жігітті Дариян ауылында қолға түсірді. Оның бірі жәбірленушінің өз немересі болып шықты. Жауап алу кезінде тонауға барғандар сол күні Орал қаласынан Дариян ауылына қайтып келе жатқан жолда бірі-бірімен кездесіп, жәбірленушінің немересі қызға сыйлық сатып алу жоспарын досымен бөліскенін және және бұған досы да келісе кеткенін жеткізді.
Оларды ұстау кезінде бірінің қалтасынан тапанша және жиналмалы пышақ, ал 17 жастағы немересінен ұрланған ақша табылып, тәркіленді. Қазіргі уақытта күдіктілер Бәйтерек аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.