«Қаржы орталығы» АҚ Ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Айнұр Сағындықова жатақханаларға қажеттілікті шешу мақсатында мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі әзірленгенін айтты. Осы тетікке сәйкес кез келген жеке кәсіпкер болсын, кез келген ЖОО болсын, өз қаражаты есебінен жатақхананы пайдалануға енгізе алады.
«Жатақхананы пайдалануға енгізгеннен кейін әр студентке мемлекеттік тапсырыс орналастырылатын болады. Мемлекеттік тапсырыс көлемі егер жатақхананы жаңа құрылыс жобасымен салатын болса, онда бір студентке жылына 195 АЕК 6 жыл бойы төленетін болады, бұл республика бойынша. Тек алматы қаласында норматив көбірек, өйткені бұл сейсмикалық өңір, Алматы қаласында 6 жыл ішінде 1 студентке құрылыс кезіндегі норматив 230 АЕК құрайды», - деді А. Сағындықова.
Жатақхананы бар ғимаратты қайта жабдықтау, қайта жаңғырту арқылы, яғни реконструкциялау арқылы енгізуге болады. Реконструкция жолымен енгізетін болса, онда республика бойынша 1 студентке шаққанда 8 жылға 47 АЕК, Алматы, Астана қалалары үшін бұл көрсеткіш көбірек, 8 жылға 92 АЕК құрайды.
Осы тетікке сәйкес мемлекет тарапынан қойылатын ең басты талап – салынған жатақхананың нысаналы мақсатын өзгертпеу бойынша 20 жылға шектеу. Екінші талап – жатақханада тек студенттер, докторанттар мен магистранттар тұруы керек.
«Әр жатақханада бейнебақылау болады, турникет орналастырылады. Яғни, әр студенттің қашан кіріп, қашан шыққанын тексеруге болады», – деп нақтылады департамент директоры.
Оның айтуынша, бұл тетік 2018 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. 2018-2020 жылдар аралығында ЖОО студенттері үшін 26 мыңнан астам орынға 99 жатақхана енгізілген. Мұндай орындарды енгізу бойынша көшбасшы өңірлер – Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Абай, Атырау, Жамбыл облыстары.
«2023 жылға жоспар бойынша ЖОО студенттері үшін 8 мыңнан астам орындық 32 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінгі таңда 2600 орындық 6 жатақхана іске қосылды. Қалған 6 мыңнан астам орындық 26 жатақхананы жылдың соңына дейін іске қосу жоспарлануда», – деді спикер.
Сонымен қатар ол биылғы жылы пайдалануға берілген жатақханаларға жеке тоқталды. Атап айтқанда, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде 600 орындық, Қарағанды қаласындағы медициналық университетте 400 орындық, Ақтау қаласындағы Каспий университетінде 500 орындық жатақхана пайдалануға берілген.
«Қалған үш жатақхананы жеке кәсіпкерлер салған, олар - Шымкент қаласында екі кәсіпкер салған 1000 орындық жатақхана және Астана қаласында», – деп түйіндеді спикер.