«Әр ұстаз екі айға жуық уақыт еңбек демалысынан жаңаша серпін, қуат алып, жаңа оқу жылына зор қарқынмен кірісері хақ, - дейді Жанбай балалар саз мектебінің директоры Сагия Кемпирбаева. – Жаңа бастамаларға кіріспес бұрын қызмет қарқыныңды пысықтап, бағытыңды бағдарлап алуға жәрдемдесетін тамыз кеңесі атты дәстүрлі әсерлі жиын бар. Бұл жолы маған 34 жылдық тәжірибеге ие ұстаз, мектеп басшысы ретінде өз салам, яғни, қосымша білім саласы бойынша Өскемен қаласында өткен республикалық тамыз кеңесіне қатысу бұйырды. Бұл тамаша мүмкіндікті сыйлаған облыстық білім басқармасы қызметкерлеріне, қолдаған аудандық білім бөлімі ұжымына алғысым зор.
Биылғы тамыз кеңесі Өскемен қаласында өтті. Шырайлы Шығысқа киелі Батыстан ару қала Астана арқылы жол тарттық. Бұл жолы жанымда сапарлас ретінде Атырау қаласындағы Құрманғазы саз мектебінің домбыра бөлімінің меңгерушісі Гүлсара Құрманғалиева болды.
Маған ең алдымен ұйымдастырушылардың тыңғылықты дайындығы ұнады. Тіпті, олар біз жолға шықпас бұрын-ақ бірнеше күн бұрын әрқайсысымызбен жіті танысып, шүйіркелесіп, кеңестің бағыт-бағдарын таныстырып та үлгерген еді.
Ал, Өскемен аумағына енген сәттен бастап-ақ, әр қатысушыны ерекше ықыласпен күтіп алып, жылы шыраймен қарсылап, кеңес өз мәресіне жеткенше жанымыздан бір елі ажырамай рухани тұрғыда зор қолдау білдіргендерінің жөні тіптен бөлек.
350 педагог қатысқан келелі кеңеске Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі «Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» РМҚК директоры Раиса Шер арнайы қатысты.
Сан қилы ұстаз бір сәтте бас қосқан жиын әрі қарай сала бойынша 10 секциялық отырыстарға жалғасты. Біз Өскемендегі №1 балалар музыка мектебіндегі “Музыка - шабыт көзі” атты 2-секциялық отырысқа қатыстық.
Аталған мектеп басшысы Елена Щеглова модератор болған жиын барысында біз түрлі тақырыптағы тың тәжірибелер легіне қанығып, өзімізге керек кейстерді көкейге түйіп келдік.
Атап айтқанда, “Заманауи цифрлық білім беру кеңістігіндегі балалар музыка мектебі” музыкалық брифингі, “Электрондық білім беру ресурстары - оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру құралы” тақырыптарындағы, сондай-ақ, жетіген-сазсырнай музыкалық аспабы арқылы көрермендермен өткізілген тәжірибелік жұмыс, синтезаторды игерудегі музыкалық компьютерлік технологияларды пайдалану тәсілдері, оқу процесін ұйымдастырудың заманауи әдістері, “сандағы ноталар” сынды жұмыстар осы секциялық бөлім қатысушыларына ерекше ұнады. Өзімнің назарымды қазіргі таңда зор сұранысқа ие боп жүрген классикалық және эстрадалық бағыттағы шығармалардың аранжировкасын жасау техникалары ерекше аударды. Ал, американдық вокалист Шерил Портердің әдістемесі негізінде дауысты дамыту сабағының жөні тіптен бөлек… Тың техникалар біздің бұған дейінгі еңбек өтілімізде қоржынға жиылған музыкалық сауатымызды одан әрі толықтыра түсіп, ерекше серпіліс берді.
Әрі қарай кері байланыспен жалғасқан секция отырысы психологиялық тренингпен қорытындыланды.
Одан кейін бізді Шығыстың шынарлы тау бөктеріндегі табиғат аясында керемет тимбилдинг күтіп тұрды.
Тимбилдинг біз секілді жан дүниесі шығармашылыққа толы адам үшін таптырмас релакс болғаны сөзсіз. Өйткені, табиғат пен шығармашылық әуел бастан-ақ зор үйлесімділікте…
Осылайша, біз өзіміз барған тамыз кеңесінен көзге әдемі естелік кадрлар тізіп, санаға сілкініс жасап келдік. Осы орайда, әр қатысушы ұстазды түрлі тәсілге толы тәжірибелерімен таңдандырып, қызықты тақырыптар ұсынып, оған тыңғылықты, егжей-тегжейлі дайындықпен келген барша спикерлерге алғысымыз шексіз. Ал, тамыз кеңесі ұйымдастырушыларына көбінесе көзден жырақ қалып жататын қосымша білім саласын жетілдіру жолындағы еселі еңбектері үшін шын жүректен разымыз. Әсіресе, өзіміз қатысқан 2-секцияға жауапты болған Астана қаласындағы республикалық оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Назир Абылайхан Қанатұлы мен дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығының әдіскері Кошкембаева Жанар Құсайнқызына жоғары ұйымдастырушылық қабілеттері үшін ерекше алғыс айтамыз.
Бұл менің ғана емес, барша 350 ұстаздың көкейінде болған эмоция екендігі даусыз.
Мұндай жиыннан біз тек жігерлене түсеміз. Жаңа оқу жылына жаңа қарқынмен енуге әсте дайынбыз.
Сөз соңында айтарым, барша әріптестеріме шығармашылық шыңына еш кедергісіз шығуларына тілектестік білдіремін! Келелі кеңес дәстүрінен жаңылмай, сәтті жалғасын таба берсін!»