RSS лента

«...Көк тудың желбірегені, Жаныма қуат береді...»

  • 05.06.2023, 17:08,
  • 450
  • 0
  • Автор:
Автор фото: "Атырау" газеті

Еліміздің әр азаматы жатқа білетін өлең жолдарының авторы, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Алмас Ахметбекұлының айтуынша, адамның ең үлкен бақыты – ұлт болып өмір сүру, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

– Халықтың ең зор жетістігі – тəуелсіз мемлекет құра алуы, - дейді ол. – Тəуелсіз мемлекет құрып, оның аумағын белгілеп, территориясында тұтас халық ретінде өмір сүре алу – ұлттың бақыты. Біздің ұлт сонысымен да бақытты. Қазақстан – қазба байлығы мол, ұтымды геосаяси орында, керемет континентте орналасқан, ерекше бай қуатты мемлекет. Сондықтан, біздің басты бақытымыз бен болмысымыз да осы Қазақ елі. Тəуелсіздік алған күнді естіген сəтте біз бір қиырда болсақ та атойлап қуандық. Шетелдегі кез-келген қазақ елдің азаттық алатынына, тəуелсіздік сағатының соғатынына айрықша сенді. Бұл сенімді үлкендер баласына айтып, тіпті дүниеден өтіп бара жатса да Атамекенге оралу бақытына ұрпағының жететінін қайталап айтып отырды. Тəуелсіздіктің елең-алаңында біз Қазақстанның саяси жағдайымен таныс болдық, кеңес Одағының ыдырауы мүмкін екенін білдік. Сол кезде Қытайда осы тақырыптың барлығы зерттеліп жазылып жатты. Себебі аспанасты елі кеңес Одағының тарап кетуіне мүдделі болған жоқ. ҚХР өздерін социалистік мемлекет санайды. Сондықтан, олар кеңес Одағының сақталуын қалады. Сол себепті мұнда болып жатқан жағдайлардың барлығын барынша нақты əрі жан-жақты сараптады. Сол кездерде Қазақстан тəуелсіздік алуға жақын тұрған. Ал, басқа республикалар тамыз айынан бастап тəуелсіздігін жариялап жатты.

 

Осындай жағдайларға алаңдаушылық пен қарап отырдық. 1991 жылы 16 желтоқсанда тарап кеткен кеңес Одағының ең соңғысы болып Қазақстан тəуелсіздігін жариялады. Кешкі сағат 18.15-те Тəуелсіздік декларациясы қабылданды. Бұл біз үшін бұл қуанышты күн болды. Қазақтың тəуелсіз мемлекет атанғанына қатты қуандық. Тəуелсіздік жарияланған сəтте Қытайдағы қазақтар телефон арқылы бір-біріне хабарласып, төбелері көкке жетіп жатты. 1992 жылы Тəуелсіздіктің басты белгілері мемлекеттік рəміздер бекітілді. Біз сол рəміздерді, көк тудың желбірегенін көру үшін түрлі түсті теледидары бар адамдардың үйіне жиналып, оны топтасып, көгілдір экраннан тамашаладық. Осы сəттен бастап елге жетуге, көк туды көзбен көріп, қолмен ұстауға асықтық. 1993 жылдың ақпанында тиісті құжаттардың барлығын үйлестіріп, Қазақстанға келдім. Қорғас шекарасында ең алғаш көк тудың желбіреп тұрғанын көріп, Қазақ елінің топырағын ерекше тебіреніспен бастым. Тəуелсіз Қазақстанға келген алғашқы сəтте алып кеменің ернеуіне табаным жартылай ілінген адам секілді, жүзіп бара жатқан кемеге жанталаса жармасқандай ерекше бақытты сезімді бастан өткеріп тұрдым. Қорғас шекарасындағы жұпыны кеден үйінің төбесінде шағын көк ту желмен желбіреп тұрды. Ол бізге бір нəрсе айтып тұрғандай көрінді. Сол сəтте «Ту не дейді?» деген сұраққа ақынның көңілінде жауап пайда болды. Туға қарап тұрып: «Көк Тудың желбірегені, Бақыттың елжірегені, Қиырда қалған қазақтың Атажұртына жете алмай Көзінің мөлдірегені» деген осы шумақ ойыма бірінші орала кетті. Жанымда Қалыбек Кенжалин деген азамат болатын. Екеуміз шекарада танысып, бірге келе жатқан едік. Ол сол кездері теледидарда «Көкпар» деген хабардың белсенді қатысушысы екен. Маған қарап тұрып, «ақынсың ба?» дегенде мен, «болса болар, неге олай дедіңіз?» дедім. Сонда ол «Көк туға қарап қатты тебіреніп кеттің, қатты толқып тұрсың» деді. Содан əрі қарай менде өлеңнің бірнеше шумағы туды. Кейін «Көк тудың желбірегені» атауымен тұтас өлең жазылды. Қазір бұл əнді білмейтін адам аз. Сонымен қатар, Мемлекеттік рəміздер күні қарсаңында ұйымдастырылатын шаралардың бірқатары да осы атаумен өтеді. Мерекелік шаралардың шымылдықтары да осы əнмен ашылып жатыр. Ақтөбеде Марат Базарбай деген аға кездесіп, бір тойда «Алмас, сен осы өлеңнің əнін жазған Ермұрат Зейіпхан екеуің азаттықпен бірге Отанға оралып, біздің халықтың санасында патриоттық құбылыс жасап, əр қазақтың еңсесін көтердіңдер, сендер тарихи төңкеріс жасадыңдар» деп айтып еді. Бұл əн 2000 жылы жазылып, 2001 жылдан бастап кеңінен тарала бастады. Ол бүгінде тұтас қазақ айтатын əнге айналды. Мені ақын ретінде қуантқаны «Көк тудың желбірегені» Гимнге көмекші болып орындалып жүр...

 

...Ең алдымен бұл өлеңге 1997 жылы əуен жазылды. Қытайдан келген бір азамат жазған. Алайда, оның əуенін қабылдай алмадым. Əннің рухына сəйкес келмегендей болды. Кейін Еркін Ергенұлы деген кəсіпқой музыкант, күйші, домбырашы жазды. Ол музыкалық үнділікпен жақсы үйлестірді. Бірақ, əннің диапазоны шағын, екпіні баяу болды. «Нотасы жаман емес, алайда диапазонын біраз күшейт, екпінін арттыр» деген кеңес айтқаныммен, менің пікірімді қабылдамай, өзінің ойында ғана қалды. Ендеше, «бұл əннен əуенді босат» дегенге дейін барыстық. Бірақ, біздің бұған дейін бірлесе жазған əндеріміз бар болатын. Десек те, осы əнге келгенде ортақ тіл табыса алмадық. Кейін Ермұрат Зейіпхан деген азаматты шақырып алдым. Ол жоғары баритон дауысты опера əншісі. Музыкалық аспаптардың барлығында ойнайды. Өзі ақын, əңгіме де жазады. Менің «осы өлеңге əн жазайық» деген ұсынысыма бірден келісіп, екі əуен жазып əкелді. Біреуі халықтық əуені бар осы əн. Екіншісі еуропалық стильдегі гимндерге ұқсап тұрды. Үйде жұбайым да, балаларым да музыкант. Олардың да таңдауы қазіргі əуен болды. Сол кезде əн авторы да ерекше қуанып кетті. Осы сəттен бастап əн əлі күнге дейін шырқалып келеді. Қазір кейбір əншілер бұл əуенді өзгертілген нұсқада айтып жүр. Бірақ, негізгі тұрақты тапсырыспен жасатқан əн авторы Ермұрат Зейіпхан. Өкінішке қарай, ол 2011 жылы дүниеден өтті.

 

Ұлт туы ұлт таңбасы, ұлт ұраны Сен десем қан тасытқан жыр туады. Кең байтақ Отанымның көкжиегі Бүп-бүтін көз алдымда құлпырады. Ұлт туын, ұлт ұранын, ұлт таңбасын, Көтерген көк аспан бұлттанбасын, - деп өлең жазып жүргенмін. Шығармашылығымда Туға байланысты басқа да өлеңдер көп. Бір туындым: Қазақстан шексіз сүйіп елжіреп, Аз ғұмырда арнаймын мен көп қайрат, Аспанымда мəңгі тұрсын желбіреп Жаннан қымбат, жаннан қымбат көк байрақ, - деп аяқталады. Қазақстан шекарасына кіріп келе жатқан сəтті суреттеген тағы бір өлеңімде: Қазақстан аттадым мен бір қадам, Көк Ту ғой ол құшақ жайған еміреніп. Көк Ту, саған теңдесі жоқ жыр жазам, Миллион қазақ шырқап тұрар тебіреніп, - деп жазылған. Бұдан басқа да туындылар бар. Оның барлығын бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес...

 

Бір өкініштісі, бізде Мемлекеттік рəміздер күні елеусіздеу тойланады. Осы күні ғана туларымызды қолға алып, жалаулатып, алаулатып алып шығамыз да мерекелік шарадан соң барлық туды кері жинап аламыз. Содан келесі рəміздер күніне дейін бұл көріністі көрмейміз. Елде рəміздер күні күнде болуы керек. Іргеміздегі Қытай деген халық барлық ауылдарынан бастап кенттеріне дейін, сонау Пекиннің орталығында да күн сайын таңертең күнмен бірге туды көтереді де, кешке күн батқанда жинап алады. Бұл үрдіс күн сайын жасалып жатса да, халық жиналып осы көріністі ерекше тамашалайды. Мемлекеттік Гимндерін орындайды. Халық одан бір сəт те жалықпайды. Түркияда халыққа 4,5 миллион ту жыл сайын тегін таратылады. Америкада 2,5 миллион ту тегін үлестіріледі жəне барлық жерде ту мен елтаңбаны, əсіресе туды жұрттың сатып алуына жағдай жасалған. Міне, бізде де осындай болуы керек қой. Бізде ту кез-келген жерде еркін сатылмайды. Сертификатсыз[1]ешкімнің қолына тигізбейді. Кез келген жерге туды ілдіртпейді де. Негізінде ту жұрттың көз алдында тұруы керек. Менің үйімде ту ілулі тұр. Елтаңба тұр. Еңбектеп жүрген жиен, немерелерім басын көтерсе туды көреді, Елтаңбаны көреді. Мұны көз алдында көріп өскен баланың өмірдегі ең басты құндылығы мемлекеттік рəміз болады. Ол рəміздің бейнесі арқылы азаттықты, Тəуелсіздікті, тұтас ұлтты көріп тұрады жəне мемлекеттікті сезінеді. Туда, Елтаңбада мемлекеттің келбеті. Ал, Гимн соның рухы. Сондықтан, қазақ халқы ғана емес, Қазақстанның əрбір азаматы, осы Отанды паналаған өзге ұлт өкілдері де туды төріне іліп қоюы қажет. Бұл осы жердің қақы, иесінің кім екенін, ол елдің тəуелсіз мемлекет екенін айшықтап тұрады. Мұның барлығы елде беталды ой, беталды əрекеттерді жасауға еш мүмкіндіктің жоқ екенін сездіріп, арам пиғылдылардың мысын басып тұрары анық. Бізде рəміздердің лайықты бағалануы, лайықты тойлануы деген ұғым жоқ секілді. Украиндарда Ту күні деген бар. Ұмытпасам, 30 тамыз болуы керек. Сол күні бүкіл украин топырағын ту жауып тұрады. Украиндықтардың сонша патриот, сонша отансүйгіш болуы осыдан.

 

Рəміздерге былтыр 30 жыл толды. Осы жылдар ішінде мемлекеттік нышандарға деген шынайы ықылас пен патриотизмді арттыру жұмыстарына көңіліңіз тола ма?

 

Біздің елдегі Отансүйгіштік пен патриоттықты дəріптеу саласындағы əрекеттерге мүлдем көңілім толмайды. Бір халықтың ең биік жетістігі – ұлттық мемлекет құра алуы. Бір адамның ең мағыналы өмір сүруі – ұлтымен бірге өмір сүруі. Яғни оның ұлттық мемлекетінде өмір сүруі маңызды. Бізде жастардың бірқатары шетелге кетіп жатыр. Олар үшін Қазақстан шетелден тауып келетін тиын-тебеннің қасында түкке тұрмайтын, ұлт болудың да қажеті жоқ болып қалды. Қазақша сөйлемейді. Мұның барлығы біздегі патриоттық тəрбиенің төмен екендігін көрсетеді. Мемлекеттік рəміздерге деген сүйіспеншілікті айтпағанда, олар туралы ұғымдары да жоқ.

 

Өз тілінде сөйлемеген адам, өз тіліндегі əдебиетті, жан тебірентер пəлсапаларды, ұғымдарды білмеген адам ешқашан патриот бола алмайды. Патриотизм туралы сөз қозғалғанда «Отанды сүй, патриот бол» деп айта беру əрбірден соң адамды жалықтыруы мүмкін. Сондықтан, отансүйгіштіктің басты белгісі – мемлекеттік рəміздерге басым назар аударып, патриоттық көңіл-күйді бала күннен бойға əбден сіңіре білу маңызды.

 

Жаңалық ашу үшін де əр адам патриот болуы керек. Ал, патриотизмнің мазмұны да, ауқымы да кең. Отанға деген сүйіспеншіліктің ең басты белгісі – еңбек ету. Еңбек еткен адам өзіне, сүйген жарына, балаларына, айналасына қызмет қылады. Сен жөндеп, жүргізіп жатқан көлік, сен жазып жатқан мақала, сен ашып жатқан жаңалық, сен жүргізіп отырған бағдарлама, осының барлығы да мемлекетте еңбек ету. Мемлекеттің аумағында өмір сүре отырып, сол жерде қызмет қылу – ең үлкен патриотизм. Шетелге барып, «үйттім, бүйттім, осынша ақша таптым, байлық жинадым» деп жүрген уақыттар Қазақстандағы бір күнге де татымайды. Осыны қашан да есте ұстаған жөн-ақ.

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости