RSS лента

"Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы – тарихи тұрғыда қас-қағым сәт"

  • 25.11.2021, 02:22,
  • 286
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет КӘРІБАЕВ тәуелсіздік жылдарындағы келелі оқиғалармен бөлісті, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

– Берекет Бақытжанұлы, әңгімемізді тәуелсіздік жолындағы күрес шежіресінен бастасақ…


– Тәуелсіздік жолындағы күресті шамамен ХVІІІ ғасырдың ортасынан бастаймыз. Ал, толығымен Қазақстанда мемлекеттіліктің жойылуы XIX ғасырдың алғашқы ширегінде, нақтырақ айтсақ, 1822-1824 жылдары жүзеге асады. Осы жылдары Ресей  алдымен Орта жүздегі, кейін Кіші жүздегі хандық билікті тоқтату туралы жарғы қабылдап, Қазақ мемлекеттілігін толығымен жояды. Сөйтіп, төрт ғасырдай өмір сүрген Қазақ хандығы тарихтың көшінде қалды.


Ал, мемлекеттілігі жоқ елдің жағдайы белгілі, өз жерінде халқының мүддесін қорғай алмайды. Қазақтың тәуелсіздігі үшін алғашқы болып хан әулетінің өкілдері күресті. Оның ішінде Кенесары көтерілісінің орны ерекше.


Кенесары – тәуелсіздіктің символы, азаттық жолында күрескен тұлға. Махамбет пен Исатай, Есет Көтібаров, Жанқожаның көтерілістері де ел егемендігі жолындағы күрестер.


Қазақ халқы өзінің азаттығы үшін алғашында қарумен күресті, ал ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында ақыл-біліммен қарсылығын білдірді. Бұл жолда Алаш жетекшілерінің күресін мысал етуге болады. Олардың ең түпкі мақсаты – Қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіру болатын. Ал, Кеңес дәуірінде идеялық жағынан күрес басталды. Қазақ ұлтының болмысын сақтау керек болғанда, Мұстафа Шоқайдың есімі бірден ойға оралады.


Тәуелсіздік идеясын сақтау төңірегінде сөз қозғалғанда Ермахан Бекмахановтардың жанайқайын айтуға болады. Күрестің шиеленіскен шағы, әсіресе, Кеңес жылдары болған еді. Тоталитаризм тұсында жекелеген адамдар Алаш идеясымен, тәуелсіздік идеясымен қаруланып, халықтың толықтай жойылып кетпеуі үшін жұмыстар жасады. Мұның барлығы да ел егемендігі үшін жасалған қадамдар.


– Ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының тәуелсіздік үшін күрес жолындағы ролі өз бағасын алды ма? Саяси тұрғыда біз қаншалықты баға бере алдық?


– Әрине, бірден «жоқ» немесе «иә» деп айта алмаймыз. Махамбет, Исатай, Жанқожа, Есеттердің көтерілісі белгілі бір дәрежеде патша өкіметіне қарсы күрес ретінде таптық тұрғыдан дәріптелді. Мектеп бағдарламасына да солай енді. Бірақ олар «тәуелсіздік жолында күресті» деп айтылған жоқ. Ал, Кенесары Қасымұлының көтерілісі керісінше бағаланды.


Ұлттық мүдде тұрғысынан оң баға берілмегендері бар. Кейбіреулері әлі күнге дейін толық өз бағасын алған жоқ. Солардың бірі – Мұстафа Шоқай. Біз толығымен тәуелсіздікті сезініп, санамыз дербес болған кезде қазақтың азаттығы жолында жанын берген тұлғаларды толықтай ақтап аламыз деп ойлаймын.


– Кеңес Одағының бодандығынан босаған жылдардағы тоқырау есіңізде болар? Күрмеулі жағдайдан қалай жол тауып шықтық?


– Қазіргі 45 жастан асқандардың бәрі 90-ыншы жылдардағы алғашқы экономикалық дағдарыстарды бастан кешті. Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдары бағаның өсіп, қиыншылықтың болғанын көзбен көрдік. Одан кейін карточка жүйесіне көшкенбіз. Мұның бәрі уақытша құбылыстар еді. Өйткені, Қазақстанның әлеуеті зор болды. Жерасты байлығы да мол. Осындай факторлар экономикалық тұрғыдан жүйеленіп, тоқыраудан шығуымызға ықпал етті.


1997 жылы еліміздің ұзақ мерзімді даму жолын белгілеген «Қазақстан-2030» Стратегиясы қабылданды. Бұл бағдарлама бойынша біз дүниежүзілік нарықта қандай тауарлардың қат екенін білдік, осылайша экономикада әуелі мұнай-газ саласына көп көңіл бөлінді. 2000-2001 жылдан бастап, Үкіметке артық ақша келе бастады. Ел қазынасы толықты. Ұлттық қор құрылды. Екінші экономикалық дағдарыс кезінде сол Ұлттық қордың әсерінен көптеген мәселе шешімін табуда. Бұл – дер кезінде жүргізілген экономикалық саясаттың нәтижесі.


– Тәуелсіздік қалыптастырған құндылықтар ретінде нені атар едіңіз? Соңғы 30 жылда елімізде қандай оңды өзгерістер орын алып, шарапатты үрдістер бой көтерді?


– Ширек ғасырдан астам уақытта Қазақ елі қандай жетістікке жетсе де, ол – Тәуелсіздіктің сыйы. Бүгінде біз мемлекет басшысын, Парламент депутаттарын өзіміз таңдаймыз. Одан кейін қазақтың мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан болмысы жалғасып, даму үстінде. Мәселен, тіл, діл мен мәдениетке қатысты мәселелердің бәрін өзіміз шеше аламыз. Енді жаһандану иірімдеріне түсіп қалмай, осы құндылықтарды заман талабына сай әрі қарай дамыту міндеті тұр.


Ең алдымен, біз қалыптасқан ел болдық. Қазір Қазақстан – әлем назарындағы ел. Тәуелсіздіктің елең-алаңында Біріккен Ұлттар Ұйымына, Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше болдық. Тіпті, еліміздің халықаралық беделді ұйым – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етуі де Қазақстан Республикасының асқақ абыройы деуге болады.


Міне, 30 жылда халықаралық масштабтағы додаларды өткізіп қана қоймай, оза шаптық та.


– Қазақта «қауіп еткеннен айтамын» деген сөз бар. Сол айтпақшы, ел болашағына қатысты қандай ой-пікіріңіз бар? Біз неден сақтанып, неге ұмтылуымыз керек?


– Әрине, неғұрлым алға жүрген сайын түрлі кедергілердің болатыны заңдылық. Мықты, тұғыры берік ұлт қана сол проблеманы өз игілігіне айналдыра алады. Қазақстан Еуразияның қақ ортасында орналасқан, ешбір мұхитпен шектеспейді. Төрт мұхиттан алшақ жатқан елдер бар. Олар әлемдік сауда жолдарына тікелей шыға алмайды. Әлемдік сауда жолына тек басқа елдер арқылы шығуға мәжбүр. Мәселен, Еуропадағы Швейцария деген мемлекет өзінің минусын плюске айналдырып отыр. Тікелей сауда жолдарына шықпаса да, әлемдік қаржы жүйесін дамыту арқылы танымал. Дүние жүзіндегі банк жүйесі сол Швейцарияда орналасқан. Бізде де осындай ұстаным бар. «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» жолының Қазақстан аумағы арқылы өтуі – Шығыс пен Батысты байланыстырудағы ұтатын тұсымыз.


Қауіптенетін де тұсымыз көп. Қазіргі ғаламдық интернеттің пайдасымен қатар, зияны да жетіп артылады. Теріс діни ағымдарды дәріптейтін сайттардан да абай болуымыз керек.


Сонымен қатар, жаһанданудың оңды жақтарын қабылдауымыз керек. Бірақ иірімдеріне түсіп кетуге болмайды. Мұндай кезде бізді құтқаратын – тарихи сана. Тарихи тамырымыздың берік болуы, соған сай нығаюы. Күні кеше өткен «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» шарасы тарихымыздың терең екендігін бүкіл әлемге таныту үшін, өскелең ұрпаққа жеткізуде маңызы зор тағылымды іс болды.


Ұлы далаға тән өсімдік – жусан. Қазақ үшін – қасиетті шөп. Жусанның иісін иіскеп, рахаттанып қаламыз. Міне, сол жусанның тамыры өзінің бойынан бірнеше метр тереңдікте жатыр. Оны шауып тастасаң да, қайта өсіп шыға береді. Біздің ұлттың болмысы осы секілді болуы керек.

«Мәңгілік Ел» идеясы да осыған саяды. Тарихын терең біліп, бойына сіңірген адам ғана өзінің ұлттық болмысынан ешқашан айырылмайды.


Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости