Бұл жайлы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Facebook желісіндегі жеке парақшасында жазды.
«Бүгін Өскемендегі ескерткіштер құрылысының барысын бақыладым. Оның ішінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған ауқымды монумент бар. Бұл – біртұтас мемориалдық кешен, Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек пен Керей және қазақтың ұлы үш биі бейнеленген бірыңғай композиция. Сондай-ақ мұнда ел тарихының негізгі кезеңдері мен Қазақстанның Тұңғыш Президентінің дәйексөздері бар барельефтер болады» дейді ол.
Облыс әкімінің айтуынша, монумент облыстағы ғана емес, бүкіл Қазақстандағы бірегей сәулет құрылысына айналады. Оның биіктігі – 12,6 метрді құрамақ.
«16 желтоқсанға дейін ескерткіш салынып бітеді. Кешеннің жалғасы еліміздің бірінші Қорғаныс министрі, ардагер, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы — Сағадат Нұрмағамбетов атындағы аллея болмақ. Мен қазақтың осындай нар тұлғалы азаматымен жеке таныс болдым және оны қарапайым, өз ісінің нағыз шебері ретінде білемін» деді Даниал Ахметов.