– Сол тұста Алматыда аспирантурада оқитынмын, – дейді ол. – Дос-жарандармен, жатақханада тұратын басқа да əріптестерімізбен қуанышымызды бөлісіп, бір-бірімізден сүйінші сұрап жаттық. Кейбір студенттер бөлмелерінде тойлап жатты. Керемет кез еді. Ол сезімімді сөзбен жеткізу қиын болар…
Алматыдағы Тарих жəне этнология институтында аспирантурада оқитынмын. Диссертация жазып жаттым. Тақырыбым – мұнай өнеркəсібінің тарихына қатысты. КСРО-ның кезінде диссертация жұмысы бүкіл елдің мүддесінде жазылып келді. Ал, енді тəуелсіздік алған соң егемен Қазақстанның тарихы өз еліміздің мүддесінде жазылатын болды. Осыған орай, көптеген ғылыми жұмыстар қайта зерттеліп, қайтадан жазыла бастады. Менің жұмысым да қайта жазылды. Ол тек қана диссертациялық жұмысты қайтып жазу емес, бүкіл тарихты егемен Қазақстан мүддесінде қайта жазып, оқыту деген сөз еді Сөйтіп, сол ғылыми жұмыстардың негізінде оқушылар мен студенттерге бұрынғы КСРО тарихының орнына, енді Қазақстан тарихы кең көлемде оқытылатын болды. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан тарихы кеңінен зерттеліп, тереңінен оқытыла бастады.
Халықты патриотизмге тəрбиелеуіміз керек. Əр қазақ, əр қазақстандық өз еліне еңбек етіп, көркейту үшін жұмыс жасағаны жөн. Қажет болса, Отанды қорғау жолында жанын беруі тиіс. Ұрпағымызды осыған тəрбиелеуіміз қажет. Халқын тонап, ұрлаған, байлығын шетелге жасырған «ұрыларды» əшкере етіп, азаматтық міндеттеріне осалдық танытпау керектігін де ұғындыруға кіріскен артық болмас. Дене шынықтыру мен спорт саласының өкілі болғандықтан, жастарға салауатты өмір сүру дағдыларына талап күшейтілсе деймін. Иə, егеменді еліміздің іргесі мықты болуының негізгі алғышарттарының бірі – тілімізге деген құрмет пен ұлттық руханиятымызды түгендеу. Мұны нығайту жолында елдің əрбір азаматы ұйытқы болуы лəзім. Аталған қастерлі құндылықтарымыз түгел болса, Тəуелсіздік тұғырында болмақ.