RSS лента

2021 жыл қазақстандықтар үшін несімен есте қалды?

  • 03.01.2022, 01:15,
  • 647
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

2021 жыл Қазақстан үшін жаман болған жоқ, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

 

ТАРИХ ҚОЙНАУЫНА ЕНГЕЛІ ТҰРҒАН 2021 ЖЫЛ ЕГЕМЕН ЕЛІМІЗ ҮШІН АЙШЫҚТЫ ОҚИҒАЛАРЫМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ. ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ОРДАЛЫ 30 ЖЫЛДЫҒЫ ТОЙЛАНҒАН БҰЛ УАҚЫТ ЕЛ ҮШІН МЕРЕЙІ АРТҚАН БЕРЕКЕЛІ БЕЛЕС БОЛДЫ. ӨТІП БАРА ЖАТҚАН ЖЫЛ ТУРАЛЫ АЙТАРЫМЫЗ КӨП...

 

ТАРИХИ ДАТА

Талай ғасыр ата-бабалар арманы болған Тәуелсіздікке биыл 30 жыл толып, оған тарихи маңызды дата ретінде маңыз берілді. Иә, Тәуелсіздік – біздің ең бағалымыз, бостандығымыз, байлығымыз. Жыл басында жарияланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында отыз жылды шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастырып, оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұрғанын айтты. Бұл мақалада Тәуелсіздік туралы ой қозғап, қолдағы қадірлі құндылықтардың құнын ұғынып, бағалай білу туралы жазылды.

 

БАСТЫ РЕФОРМА

Биыл жүзеге асқан басты реформа – зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалану. Бұл туралы Президент өткен жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында айтқан болатын. Тың бастама нәтижесінде, биыл қаңтар айының соңында 700 мың салымшы өздерінің жинақтарының жартысын баспана алу, емделу немесе қаржы компанияларына басқаруға беру мүмкіндігін иеленді. Бұл реформа арқылы бірқатар азаматтар оның игілігін көрді. Деректерге сүйенсек, бүгінге дейін 606 мыңдай адам зейнетақы қорындағы 2,2 трлн. теңгесін пайдаланған. Тұрғын үйден бөлек қазақстандықтар 49 миллиард теңгені емделуге жұмсаған. Басым көпшілігі стоматология қызметіне жүгінген. Офтальмологиялық, орфандық ауруларды емдеуге жұмсағандар да аз емес. Пластикалық ота үшін зейнетақы жинағын пайдаланғандар да бар екен. Қордағы ақшаны тиімді пайдаланып, акция, облигация сатып алуға да болады. Алайда, бұл мүмкіндікті 3 мыңға жетер-жетпес адам ғана пайдаланған.

 

ЕКПЕ – МЕДИЦИНА ЖЕТІСТІГІ

Халықтың үрейін ұшырған коронавирус пандемиясы биыл да елді әбігерге салды. Салғырт қарағандарды қармағына іліп, мыңдаған отбасына қайғы-қасірет шектірді. Жас талғамайтын бұл «аждаһаны» жеңу оған қарсы екпенің арқасында ғана мүмкін екені айтылды. Адамдарға ең алғаш «Спутник V» вакцинасы егілді. Уақыт өте келе оның қатарын «QazCovid-in», «Hayat-Vax», «CoronaVac», басқа да түрлері толықтырды. Бүгінде Еуропа елдері жаппай егіліп жатқан «Pfizer» вакцинасы да біздің елге жетіп, жүкті және бала емізетін әйелдерге, 12 жастан асқан балаларға да салынуда. Бастапқыда вакцина туралы елдің екі ұдай пікірде болғаны рас. Әртүрлі алыпқашпа әңгімелерге сеніп, ауруды асқындырып алғандар да кездесті. Уақыт өте келе бұл індеттің қауіптілігін көзбен көрген адамдар біртіндеп екпелерді өз еріктерімен ала бастады.

 

АЛТЫН ОРДА – АЛТЫН ДӘУІР

Елдігімізді қалыптастырудың бастау арнасы, тамырлы тарихымыздың іргелі кезеңі болып табылатын Алтын Орданың 750 жылдығы Атырау аймағында кеңінен аталып өтті. Мемлекет басшысының Жарлығымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Үш күнге созылған іс-шара барысында жұртшылық назарына «Айбыны асқан Алтын Орда» атты әдеби-театрландырылған композициялық қойылым ұсынылып, қасиетті хандар мекені Сарайшық жерінде этноауыл жасақталды. Отандық ғалымдармен бірге, алыс-жақын шетелдерден ғалым-зерттеушілер, археологтар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұл тарихты түгендеп, ақиқатын аршып алуда, оны кейінгі ұрпаққа насихаттауға серпіліс берген айтулы шараға айналып, ұлт тарихына деген ұлы бетбұрыстың бастамасындай болды.

 

«ӘЛІППЕНІҢ» ОРАЛУЫ...

Биылғы жаңа оқу жылы да өз жаңалығын ала келді. Елдегі пандемия салдарынан қашықтан оқуға көшкен оқушылар қайтадан мектептерімен қауышты. Жылдан астам уақыт онлайн оқыған оқушылар үшін ерекше жағдай болды. Мектеппен қайта қауышқан оқушылардың көздерінен қуаныштың белгісі сезілді. Кейбір мектеп ұжымдары алғаш мектеп табалдырығын аттағалы отырған оқушыларды есік алдынан күтіп алып, құрмет көрсетті. 2021-2022 оқу жылында А.Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде әзірленген 1-сыныптардың оқыту бағдарламасына жаңа «Әліппе» оқулығы енгізілді. «Әліппе» оқу жылының алғашқы күні мектеп табалдырығын аттаған 1-сынып оқушыларына табысталды. Осылайша, талай буынның тәлімін берген оқулық өміршеңдігін дәлелдеп, ортамызға қайта оралды. Бұл оқулық балаларды оқу-жазуға үйрету қызметімен ғана емес, ғасырдан астам тарихымен де қымбат. Сондықтан, «Әліппенің» оралуын – бүкіл еліміз үшін ұлттық рухтың жаңғыруы деп санаймыз.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости