RSS лента

Бас мүфти Бейбарыс Сұлтанның жаңа қырын ашты

  • 30.04.2023, 16:16,
  • 373
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Бейбарыс Сұлтан – барша Қазақ елі үшін үлкен тұлға, қайраткер, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Дара туған бабамыздың Атырау өңірінен, Дешті Қыпшақ даласынан шыққан деген нақты дәйектер бар. Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Бейбарыс Сұлтанның Ислам дініндегі айрықша орны барын айтады.

 

– Мысырлықтар Ніл өзенін «Бахр» (негізгі мағынасы теңіз) деп атаған. Осы өзеннің бойында «Рауза» деген аралдан арнайы қамал салынып, «Бахрия Мәмлүк» деп аталатын түркі жауынгерлерінен жасақталған әскер құрылды. Құлдықтағы Бейбарыс осы Бахрия әскеріне тап болды. Бейбарыс осы жерде өзінің әскери қабілетімен көзге түсіп, мәмлүк сарбаздарының таңдаулы жасағына қабылданды. «Бахрия мәмлүк» деп аталған бұл жасақ негізінен Дешті Қыпшақ даласынан шыққан тұтқындардан тұрды. Мұхаммед ибн Баттутаның жазуынша, мәмлүктерді күні бойы атпен шабу, қылыштасу, садақпен оқ ату секілді жауынгерлік рухқа тәрбиелеп, дәрігерлердің қарауынан өткізіп тұрған. Сондай-ақ оларға діни тәлім беріп, Құран үйретіп, шариғат оқытқан. Сол арқылы олардың рухани тәрбиесіне мән берген. Содан болар, мәмлүк сарбаздары жаужүрек батыр ғана емес, дініне берік нағыз мұсылман ретінде танылды. Оларға лайықты құрмет көрсетіліп, онбасы, жүзбасы, мыңбасы, одан әрі әмір дәрежесіне дейін өсіріп отырды, - дейді ол.

 

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәмлүктер ештеңеден қорықпайтын нағыз қайсар сарбаздар болғанын айта келіп, Мысырды алуды жоспарлаған крестшілерге, Айн Жалут жерінде Құлағудың қолбасшысы Кетбұғаның әскерлеріне тойтарыс бергенін, сұлтан тағына отырған кезде қасиетті қос мекен орналасқан Хижаз аймағын гүлдендіруге, Мысыр халқының әлеуетін көтеруге, елдің дамуына елеулі үлес қосқанын атап айтты. Даңқты бабамыздың есімінің бүкіл шартарапқа жария болғаны оның дәстүрлі дінімізді биік ұстай білгенінің арқасы екенін нақты дерек, дәйектермен жеткізді. Конференцияда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменей, «Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы» зерттеу және жариялау бөлімінің басшысы (Түркия Республикасы) Женгиз Томар, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп және өзге де отандық, жергілікті ғалымдар ғылыми баяндамалар оқыды. Бейбарыстанушылық жұмыстар жалғасуда Осы күнге дейін тарихи тұлғаның Отанында Бейбарыстанудақандай жұмыстар атқарылуда?

 

– Елімізде шын мәніндегі Бейбарыстануға байланысты жұмыстар тек тәуелсіздік тұсында, соңғы 20 жылда ғана біртіндеп серпін ала бастады. Рас, 1989 жылы «Қазақфильм» Египеттің «әл-Алимия» киностудиясымен бірлесіп екі бөлімнен, төрт тақырыптан тұратын «Бейбарыс сұлтан» тарихи фильмін түсірді. Фильмге Морис Симошконың «Жусан» повесі негіз болды. Онда Бейбарыс ролін әйгілі актер Нұрмұхан Жантөрин тамаша сомдауымен көпшіліктің құрметіне бөленді. Бірақ, бұл ғылыми жұмыс емес, көркем туынды, образ еді. Ал, тәуелсіздіктің арқасында еліміз кеңестік темір құрсаудан босанып, сыртқы елдермен дипломатиялық қарым-қатынасын жолға қойды, - дейді Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениет университеті жанындағы Әбу Ханифа ғылыми зерттеу орталығының директоры, профессор, филология ғылымдарының докторы Шәмшедин Керім.

 

Оның айтуынша, Араб елдерінде осындай қызметте істеген достарының ішінде мәмлүктер тарихына қатысты тамаша кітаптар жазған екі азамат бар, бірі – Қайрат Сәки болса, екіншісі – Бақытты Батырша[1]ұлы.

 

– Екеуінің де Мысырда дипломатиялық қызметте жасап жүргенде жанына тыныштық бермеген тарихқа, соның ішінде мәмлүктерге деген ерекше қызығушылықтары еді. 2000 жылы дипломат Қайрат Сәкидің «Сұлтан Бейбарыс» атты кітабы жарық көрді. Кітаптың орыс тіліндегі аудармасы «Юрта на вершине пирамиды» деген атпен О.Сүлейменовтің алғысөзімен 2020 жылы жарияланды. Еңбек 2022 жылы түзетіліп, менің алғысөзіммен қайта басылып шықты. Бұл кітаптың өзіндік артықшылығы – Бейбарыс туралы жан-жақты мәлімет беретін, бай, сенімді араб дереккөздері негізінде жазылғандығында. Автор Бейбарысқа қатысты том-том кітаптарды ақтарып, ең бағалы, керекті мәліметтерді екшеп алған. Әрі осы салада қалам тартып жүрген араб ғалымдарымен жолығып, пікірлесіп, Бейбарысқа байланысты тарихи жерлерді аралап, көзімен көрген, - деді Шәмшедин Керім.

 

Құлдықтан айбынды сұлтандыққа дейін көтеріліп, ірі мемлекет басшысына айналған уақытында да ат үстінен түспеген қайраткердің жүріп өткен жолдары, қайсар мінезі мен тапқырлығы, мемлекет басқарудағы даналығы мен өнегелі істері – бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып жетуі тиіс. Жастардың патриоттық рухын нығайтуда даңқты бабамызға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстары бүгінгімен шектелмей, одан әрі жалғаса беруі қажет.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости