Биыл рамазан айы 23 наурызда басталады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хабарлады.
«Сәуір айының 17-нен 18-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 21 сәуір – ораза айт мерекесі. Биылғы пітір садақасы жан басына 535 теңге болып бекітілді. Пітір садақасы мөлшері еліміз бойынша екі келі ұнның ортақ бағасы негізінде белгіленді. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен беруге де болады», - деді спикер.
Діни басқарма басшысы ораза ұстауға қатысты қағидаларды да түсіндіріп өтті.
«Шариғатымыз бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда, жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы жарамайтын адамдар дертінің асқынуынан қауіптенсе ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғатымыз рұқсат береді. Сондай-ақ жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге де уақытша ораза ұстамауға болады», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Зекет және қайырымдылық» қоры қасиетті Рамазан айында бірнеше қайырымдылық жобаларды жүзеге асырады. Атап айтқанда, «Шарапатты Рамазан», «Рамазан қоржыны», «Рамазаннан тәберік» сынды ауқымды республикалық қайырымдылық іс-шараларды ұйымдастырады.
Бас мүфти кәсіпкер азаматтарды, сауда орталықтарының басшыларын қасиетті Рамазан айының құрметі үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10%-ға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға үндеді.
«Сондай-ақ барша қауымды қасиетті Рамазан айында арақ-шарап ішпеуге және дүкендерде сатпауға, мүмкіндігінше құдайы астарды кешкі ауызашар уақытында өткізуге шақырамын», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
2023 жыл діни қызмет аясында «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жарияланды. Осы жыл аясында конференциялар мен семинарлар өткізілуде.
«Биыл облыстық мешіттер жанынан көне түркі тілінде жазылған бабалардың «Ғибадат исламия», «Сопы Аллаяр», т.б. кітаптарын оқыту курстары ашылады. Бұдан басқа, былтыр діни басқарма бес томдық «Ислам энциклопедиясы» ғылыми жобасын әзірлеуді қолға алған. Бүгінде аталған жобаға 70-ке жуық дін, тарих, мәдениет саласының мамандары, ұстаздар мен ғалымдар атсалысуда. Сондай-ақ «Muftiyat» баспасынан «Ислам энциклопедиясының» І, ІІ, ІІІ томдарын жарыққа шығарамыз. «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» атты еңбекті әзірлеп қойдық. «Дін мен дәстүр» кітабының үшінші томын халыққа таратамыз. Осыған дейін «Дін мен дәстүр» кітабының екі томы шыққан болатын», - деді бас мүфти.
Бүгінде діни басқарма халықтың, әсіресе, жастардың патриоттық сезімін ояту бағытында көптеген жобаларды жүзеге асырып келеді.