RSS лента

Атырауда жалған вакцина паспортын сатқан медбикелер ұсталды (+видео)

  • 02.08.2021, 15:49,
  • 684
  • 0
  • Автор: AmandyqAudaru
Автор фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Алдымен, Атырау қаласындағы емхананың бірінде заңсыз жолмен вакцина паспортын жасаған медбикенің ісі әшкереленген еді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.


31 шілде күні жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Атырау облысы Полиция департаментінің қызметкерлері Атырау облыстық әкімдігі мен прокуратурасымен бірлесіп Egov.kz ақпарат жүйесіне «Covid-19» вакцинасын алу туралы ақпаратты нақты егілмеген адамдарға ақшалай сыйақы үшін енгізумен айналысқан 1981 ж.т., медициналық қызметкерді анықтап, ұстады. Кінәсін мойындаған күдікті, жалған ақпарат енгізу үшін 10 мың теңге алғанын айтқан.

 

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 206-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процесстік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды.

 

«Тұрғындарды коронавирусқа қарсы вакциналау – облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің тікелей бақылауында. Аймақ басшысының тапсырмасымен жасанды вакцина паспортын жасауға жол бермеу үшін алдын алу шаралары жан-жақты жүргізілуде. Өңірдегі барлық екпе пункттерінде бейнебақылау камералары орнатылған. Медицина қызметкерлерімен де түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аталған іс облыс әкімдігі және ішкі істер департаментімен бірлесіп жасаған рейдтік шара кезінде белгілі болды. Бұл – тек жемқорлық қана емес, халықтың денсаулығына қауіп төндірген әрекет» дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Абдалиев.

 

Араға көп уақыт салмай, қаладағы емханалардың бірінде медбике болып қызмет ететін тағы екі азаматша осындай қылмыспен ұсталып отыр. Олар вакцинаның әр кезеңі үшін 50 мың теңге, яғни екі кезеңі үшін 100 мың теңгені банктік есепшотына аударып алып отырған. Ақшасын аударған тұрғындар емханаға еркін келіп вакцина алмай-ақ паспортын алып жүрген.

 

Атырау облысы полиция департаменті мен облыстық прокуратура бірлесіп жедел іс-шара жүргізу барысында медбикелердің бірі жалған ақпаратты жүйеге енгізгенін, екінші медбике құйтырқы әрекетке барып вакцина сұйықтығын адам денесіне салмағанын анықтады.

 

Қазіргі таңда, аталған екі күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 206 бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сондай-ақ, медбикелердің нақты қанша тұрғынға жалған вакцина паспортын жасағандығы анықталуда.

 

Айта кетейік, өңірдегі барлық екпе пунктарынды бейнебақылау камералары орнатылған.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости