Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мегаполиске қатысты эпидемиологиялық ахуалдың нашарлағанын айтты. COVID-19 дертінің кезекті төртінші толқыны тамыз айының ортасынан бастап қыркүйектің басына дейін созылады деп күтіліп отыр.
Ж.Бекшиннің айтуынша, вакцина індеттің күрделі кезеңінен өтуге көмектеседі. Сондай-ақ Алматыда ағзаны індеттен қорғайтын толық вакцина желісі бар.
«Соңғы аптада коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық ахуал ушығып отыр. Өткен аптаны алдыңғымен салыстырғанда КВИ жағдайының тіркелуі 1,4 есеге – 5 790-нан 8 393 жағдайға дейін өсті, тәуліктік өсім - 1,5%. 23 шілдеден бастап күнделікті КВИ көрсеткіші 1 мыңнан асты және қазірдің өзінде 1 450-ді құрайды. Осы айда Алматыда 20 818 науқас анықталды, ал жыл басынан бері 76 603 науқас тіркелді», – деді мегаполистің бас санитар дәрігері.
Оның айтуынша, шілдедегі эпидемиологиялық жағдайдың нақты болжамы - 27,5 мың, ал іс жүзінде 2 мың жағдайды құрайды.
«Алматыда індеттің кезекті төртінші толқыны тамыз айының ортасында басталып, қыркүйектің басында төмендейді деп күтіліп отыр. Тамыз айында - 34,5 мың жағдай, қыркүйекте - 4,5 мың жағдай болады деп болжанған. 7 күн ішінде симптомды науқастардың үлесінің артуы 89,4-тен 90,7%-ға дейін жалғасты, бұл СOVID-19 дельта нұсқасының тез таралғанын көрсетеді», –деді Ж. Бекшин.