ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасы бойынша мониторинг тобы жүргізген жоспардан тыс тексеру барысында Шымкент қаласының №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында қызмет алушылардың құқығын бұзудың көптеген фактілері анықталды.
Шымкент қаласының тұрғыны Әлия Мамутованың Instagram парақшасындағы өтініші тексеруге негіз болды. Әйел І топтағы мүгедек қызы мекемеде 7 жыл бойы зорланғанын хабарлады.
Бірнеше палатада жатын алаңдар белгіленген нормаға сәйкес келмейді, яғни тиісті 5 м2 алаңның орнына қызмет алушыға 3-тен 4,5 шаршы метрге дейін келеді. Кейбір қызмет алушылардың жеке жұмыс жоспары оңалтудың жеке бағдарламасы ескерілмей жасалған. Бұдан басқа, қызмет алушылар жұмсақ инвентарьмен және киіммен толық көлемде қамтамасыз етілмеген. Қызмет алушылардың киімінің маркировкасы жоқ.
Сондай-ақ, асхана, ас бөлмесі, азық-түлік қоймасын тексеру кезінде бірқатар бұзушылықтар анықталды. Кемшіліктер орталықтың лауазымды адамдарында тиісті бақылаудың жоқтығын көрсетеді, ас блоктарында және басқа да үй-жайларда антисанитариялық жағдайлардан қызмет алушылардың жаппай жұқтыру қаупі бар.
Тексеру нәтижесі бойынша Шымкент қаласының әкімдігіне Еңбекминінен біліктілік талаптарын ескере отырып, орталық директоры Мырзахан Жолтаевты атқаратын лауазымынан босату және мекеме басшысын қоғамның белсенді өкілдері қатарынан тағайындау туралы мәселені қарау жөнінде ұсыныс жіберілді.
Сондай-ақ, кеңес барысында балаларға арналған 20 медициналық-әлеуметтік мекеменің басшыларына қатысты жазалау шаралары жайы айтылды. Осылайша, барлығы 13 қызметкерге қатысты жаза қолданылды, оның ішінде 4 орталық басшысы жұмыстан босатылды (3 директор және директордың орынбасарлары; ШҚО, Түркістан облысы және Нұр-Сұлтан қаласында), Шымкент қаласының № 6 орталығы мен Солтүстік Қазақстан облысының «Арман» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директорларына қатысты жаза қолданылды.
4 орталықтың директорларына (Атырау, Жамбыл, Қостанай және Қарағанды облыстары) қатысты «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза ұсынылды. Сондай-ақ, 6 МӘМ бойынша бұзушылықтар толығымен жойылды. Алматы және Маңғыстау облыстарының екі орталығында бірінші басшылардың ротациясы ұсынылды.