«Індеттің таралуы мәселесінде адамдар бұл процесті өзі басқарады. Коронавирустың жоқ болуы да, тың қарқынмен үдеп кетуі де мүмкін. Бір-бірімізге вирусты қаншалықты тарататынымызға байланысты. Мәселен, қатаң шаралар қабылданған, үйден шығармаған кезеңді алып қарайық. Сол кезде вирустың адамнан адамға тарайтыны көп айтылды.Температура жылы ма, суық па, аяз ба, аптап ыстық па – вирусқа бәрібір. Себебі індет – адам арқылы тарайды.
Бірқатар елде дәрігерлер мен эпидемиологтардың кеңесін бұлжытпай орындағанын көрдік. Бізде халықтың біраз бөлігі сол кезде вирустың жоқтығын айтып, мұны әдейі жасалып жатқан шектеулер ретінде қабылдады. Негізсіз уәж айтып, соның салдарынан көбісінде күдік болды. Маусымда карантин мен ТЖ режимі алынып тасталып еді, бәрі көшеге шығып, қоғамдық орындарды аралап кетті.
Мыңдаған адам базарға шығып, қыдырып кеткен. Адамдар сақтық шараларына мән бермей, ақпаратты қабылдамады. Ақыры бір аптада ғана науқастар күрт көбейіп, сырқатты ауыр көтеретіндер де өсіп кетті. Мұның бәрі – инкубациялық кезеңнің аяқталуынан болды. Ештеңеге сенбей, бір-бірімен байланыста, қарым-қатынаста болғандар көбейді. Алда қысқы мерекелік күндер көп болғандықтан, осы демалыс кезеңінде әрбір қала мен елді мекен тұрғындары сақтық шараларына ерекше мән беруі керек.
Биылдың басынан бері адамдар коронавирусқа қарсы күресті үйреніп алатындай болды. Індет қаупін сезіне жүруіміз керек. Сондықтан біздің міндет – жағдайға қарай бейімделу. Мамандар белгілеп берген шараларды ұстанған абзал. Вирус жыл мезгіліне қарамай тарап жатыр. Ол ең алдымен өзінің көбею жолын іздейді. Міндеті – өкпеге жетсе болды. Сол себепті біз созылмалы аурулары бар адамдарға екпін қойып отырмыз. Коронавирус жұқтырған адамның бұрыннан бергі созылмалы ауруы қозып кетуі ықтимал.
Сонымен қатар ол коронавирусты анықтау тесті оң нәтиже көрсеткен кезде үрейге бой алдырудың қажеті жоқ. Ауруға шалдыққандардың басым бөлігінде індеттің жеңіл әрі симптомсыз формасы болады.
Адамдардың көпшілігі ПТР-тест оң нәтиже көрсеткен жағдайда үрейге бой алдырып жатады. Мұнан қорқудың қажеті жоқ. Сабырлық сақтау керек. Қазіргі уақытта үрейге бой алдырып, дүрбелең тудыруға болмайды» дейді Астана медицина университеті Балалар жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі Динагүл Баешева.