Мамандардың мәліметіне сүйенсек, магниттік дауылдар орта есеппен жылына 5-6 рет болып, 2-3 күнге созылады екен.
«Магниттік дауыл адамдардың кез-келген дертіне, соның ішінде жүрек-қан тамырлары ауруларының асқынуына тікелей әсер етуінің дәлелі жоқ. Рас, мұндай күндері адамдар жалпы әлсіздікке шағымданады. Оны жиі естіп те, көріп те жүрміз. Бұл әсіресе жүрек ауруына шалдыққандарға қатысты. Магниттік дауыл күндері қан тамырлары және жүрек аурулары бар адамдар денсаулықтарына көп шағымданады. Сол кезде олардың денсаулығы күрт нашарлайды. Олар қатты бас ауруына, тез шаршағыштыққа, бас айналуға, жүректің ауырсынуына шағымданады. Алайда, басқа да өмірлік себептер мұндай ауруларға әсер етуі мүмкін. Бұл ауа райының, стрестің, депрессияның, жұмыс жүктемесінің күрт өсуінен болуы мүмкін. Әдетте адам ағзасы мұндай күндерді күйзеліс ретінде қабылдайды. Көптеген адамдарда тамыр жүйесінің жұмысы бұзылады, соның ішінде мидың тамырларында. Осы кезде денсаулығы мықты адамдардың да көңіл күйі құбылмалы болады.
Мұндай кезде ауыр жұмыс істеуден аулақ болу керек. Тіпті жеңіл күйзелістің өзі адам ағзасына кері әсер етеді, сондықтан магниттік дауыл болған күндері уайымдаудан, жаман ойлардан аулақ болу керек. Қан қысымы жоғары адамдар қарапайым ережелерді сақтануы тиіс. Магнитті дауыл күндері гипертониялық науқастар көбірек су ішіп, тұзды тұтынуды азайтуы керек, өйткені тұз организмдегі сұйықтықты ұстап, қан қысымының жоғарылауына әкеледі. Метеосезімтал адамдар үшін магниттік дауыл кезінде жақсы ұйықтап, дұрыс тамақтануы керек. Тромбозы бар адамдар (қою қан) құрамында аспирині бар дәріні немесе аспириннің 75 мг комбинациясын күн сайын қабылдауы керек. Бірақ бұл пациентке қарсы болмаған жағдайда ғана, өйткені бұл препараттарды бақылаусыз қабылдау эрозияны және тіпті асқазан жарасын тудыруы мүмкін» дейді кардиолог-дәрігер Алмат Қодасбаев.