ҚАЗІР ЕЛ ТАРИХЫНДА ТАҒЫ БІР ДАҒДАРЫСТЫҢ ТОЛҚЫНЫ ЖҮРІП ЖАТЫР. ТЕҢГЕНІҢ ҚҰЛДЫРАУЫ ҚАЙ САЛАНЫ БОЛМАСЫН ТОҚЫРАУҒА ҰШЫРАТЫП, ХАЛЫҚ ҚЫМБАТШЫЛЫҚТЫҢ ҚАМЫТЫН КИЕ БАСТАДЫ. ӨЗГЕ ДҮНИЕНІ БЫЛАЙ ҚОЙҒАНДА, ТАМАҚ ҚҰНЫНЫҢ ӨСУІ БІРАЗ ОТБАСЫНЫҢ БЮДЖЕТІНЕ ОҢАЙ СОҚПАУДА. ОСЫ МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІМІН ТАБУ ҮШІН ҮКІМЕТ ТАРАПЫНАН ҚАНДАЙ ШАРАЛАР ЖАСАЛЫП ЖАТЫР? ЖЕРГІЛІКТІ ӨНІММЕН ТОЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ НЕ КЕДЕРГІ? ШАРУАГЕРДІ ШАРШАТҚАН КІМ? НОРМАТИВ НЕ ДЕЙДІ?
ОСЫ СҰРАҚТАРДЫҢ АЯСЫНДА ЖЕРГІЛІКТІ ЖҰРТТЫ ТОЛҒАНДЫРҒАН СҰРАҚТАРҒА ЖАУАП АЛДЫҚ.
– Баға саясаты мәселесі барлығымызға ортақ. Дегенмен тауарлардың көпшілігі елге сырттан келеді. Соған байланысты шетелден жеткізілетін өнімге, бағаға тәуелділіктен құтылудың бірден-бір жолы – өзіміздің агро өнімдердің сапасы мен санын арттыру. Осы бағытта жыл сайын қазынадан ауыл шаруашылығына миллиардтаған қаржы бөлінеді. Бірақ, жергілікті жұрт соның нәтижесін көрмей жатыр. Осының себебі неде?
Бағдат РҮСТЕМОВ, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
– Мәселен, Атырау облысын алсақ, соңғы жылдары Ішкі жалпы өнім, яғни ауылшаруашылық өнімдері бойынша көрсеткіш 3,2 пайызға жоғарылады. Былтырғыға қарағанда мал басының өсімі бар. Атап айтқанда, ірі қара мал 5,7%-ға, түйе басы 4,3%-ға, жылқы 9,6%-ға көбейді. Ал, егін шаруашылығында өнім көлемі 1,5%-ға артты. Мысалы егіс көлемі 2021 жылы 9469 гектарды құраса, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 5,7% пайызға жоғары. Биыл да егіннің көлемін ұлғайтып, күзде көкөніс, бақша дақылдары, картоп жəне малазықтық дақылдар көлемінде өсім болады деп отырмыз. Кез-келген жетістік жолында кедергілердің болатыны анық. Сол сияқты облыс шаруагерлерінің мəселелері мен сол бағыттағы жұмыстарымызды айта кеткім келеді. Өздеріңіз білесіздер, өңірдегі өткір мəселенің бірі – су тапшылығы. Осы кедергіні жою мақсатында былтыр облыста жалпы аумағы 3167 гектарға жаңбырлатып жəне тамшылатып суару құрылғылары орнатылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады. Тағы бір басты мəселе – жанар-жағармайдың уақытылы жеткізілуі. Бұл мəселе бойынша облысымызға қажетті 600 тонна жанаржағармайды жеткізушілермен келісім жасалды. Сəуір айынан бастап жеңілдетілген жанар-жағармай егін жұмыстарына берілмек.
Бұдан бөлек тыңайтқыш бағасы биыл жоғары, мəселе күрделі болып тұр. Мұны шешу үшін біз ел Үкіметіне, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа тиісті ұсыныстар мен хат жолдадық. Ауыл шаруашылығы министрлігімен де тиісті жұмыстар жүргізілуде. Əзірге құзырлы мекемелердің жауабын күтіп отырмыз. Жергілікті шаруашылықтардың егін жұмыстарында жұмысшы күштерінің жетіспеушілігі де жыл сайын өзектілігін жойған емес. Бұған дейін Өзбекстан елінен 600 орынға квота бөлінсе, биыл 394 квота қаралмақ. Себебі пандемияға байланысты шетелдік жұмыс күшін азайту тапсырмасы күн тəртібінде тұр. Бүгінде жергілікті жұмыссыз халықты жəне студенттерді жұмысқа тартуды қолға алудамыз. Көктемгі егін жұмыстарына баруға ниет білдірген 315 студент бар. Облыстық білім беру басқармасы жəне колледж басшылығымен бірлесіп, үшжақты келісім-шартқа отыратын болып шештік. Егін салу, күтіп-баптау, жинау жұмыстары əр деңгейде қарастырылып, біраз мəселе шешімін тапты. Осы жұмыстардың барлығы халықты жергілікті табиғи таза əрі қолжетімді өніммен қамту үшін жүргізіліп жатыр.
– Соңғы 5 жылда, айталық, Атырау облысы бойынша субсидия алған шаруашылықтарға мониторинг жүргізілді ме?
– Жалпы Атырау облысында шаруашылықтар субсидияның 50- ден астам түрін алып отыр. Əр субсидиялаудың қағидалары, талаптары, жеке-жеке шарттары бар. Қазіргі таңда үшжылдық көлемдегі субсидиялау жұмыстары тексеріліп, мониторинг жасалуда. Ауыл шаруашылығы министрлігінің қателігі болар, осыған дейінгі алынған субсидияларға тиісті уəкілетті органдар тарапынан субсидия бойынша қарсы міндеттемелер болмаған. Биыл осы мəселе көтеріліп, енді міндеттемелер қойылу қарастырылып жатыр. Мəселен, субсидия алдың ба, шаруашылықтың 1 жылда малы 5%-ға өсуі керек. Тұқым бойынша алды ма, егіс көлемі 10%-ға ұлғаюы тиіс. Бұған дейінгі тəртіп бойынша тек мал басы 3 жылға дейін сақталуы тиіс болған. Өсім, өнім туралы ештеңе айтылмаған. Осы орайда айта кетейін, Президент тапсырмасына байланысты алдағы уақытта субсидиялаудың 3-4 түрі ғана қалып, қалғанын несиелеуге ауыстыру жоспарда бар.
– Іс бастаймын деген кәсіпкерге мемлекеттен субсидия, оған қоса қосымша қолдаулар жыл сайын беріліп жатыр. Соған қарамастан, мысалы, Атырау облысында шаруагердің өнім өндіруі кенже қалып келеді. Шаруагердің өнім өндіруіне не кедергі? Неге әлі күнге дейін облыстың өзіне тиесілі сүт, қаймақ, айран шығаратын үлкен комбинаты жоқ?
Жəнібек АРАЛБАЕВ, «Əнет» шаруа қожалығының жетекшісі, Сағыз ауылдық округінің фермерлер одағының төрағасы:
– Малдың басында өсім бар. Мал өседі, онымен бірге еттің бағасы да көтеріледі. Неге? Мал өсіру, өнім өндіру болсын, оған жеке дара қарамау керек. Оның бүкіл агротехникалық шаралары, мал бағудың технологиясы, шөбін шабу, жемін сатып алу, осындай шығындардың барлығы қосылып, тауардың өзіндік құнының қымбат болуына əсер етеді. Мысалы, кебек бидайдан алынатын ұнның қалдығы. Соны 120 теңгеден сатады. Ал, малдан бір кг тірі салмақ алу үшін 7-8 кг арпа қажет етеді. Енді есептей беріңіз, арпаның бағасы қандай, 1 кг өсім алдың, одан 600 грамм ет алғанда, оның бағасы қандай? Мұнда малшының жалақысы мен жанар-жағармайдың ақысын қосыңыз. Міне, біздегі қымбатшылық осыдан туындайды.
Рас, мемлекет жергілікті өнім құнын арзандатамын деп көмек беріп жатыр. Дегенмен, қазір «ақшаны жеп қойды», «тиісті мақсатына пайдаланбады» деген əртүрлі қаңқу əңгіме жүріп жатыр ғой. Шын мəнінде бұл ақша жеткіліксіз. Екінші мəселе, бізде дұрыс технология жоқ. Табиғи климаттық жағдай, жердің құнарсыздығы, тəжірибелі қойшы, малшының жоқтығынан өз деңгейінде қаралмаған, күтілмеген малдың өнімі де көз қуантарлық болмайды. Егін саласы да осындай. Мəселен жазда қиярдың бағасы 40-50 теңге болса, қазір 750- 800 теңге. Неге? Бізде макро-микро климатын қалыптастырып, өнім сақтайтын технология жоқ. Үкіметке тиесілі бірде-бір кешен, қойма жоқ. Бəрі жекеменшік. Аудандарды айтпағанда, облыс орталығында өңдеу-сақтау орны қарастырылмаған. Мен Ресейге жиі барамын. Бізде дизель отыны 180 теңге, бензин 140 теңге болып тұрғанда, көрші елде 250 теңге еді. Бірақ, олардың өнімдері арзан. Неге? Себебі оларда сақтау технологиясы жақсы дамыған.
Жалпы Қазақстанға азық-түлік өнімдерінің 42%-ы Ресей мен Белоруссиядан келеді. Бұл көрсеткіш сол елдерге тəуелді болып отырғандығымыздың айғағы. Біздегі дамуды ақсатып отырған мəселе – қаржыландыру. Банктерде несиенің пайызы өте жоғары. Заемды 16-17% өсіммен береді. Мысалы, қарызға 30 млн. ақша алсаңыз, 75 аналық бас сиыр келеді. Сол 30 миллионды 16%-бен қайтару үшін жылына 4,8 миллион теңге тек қана үстеме ақысын төлейсің. Ай сайын 400 мың теңгені бұрыннан кəсібі, жұмысы бар адам төлер, ал жаңадан шаруашылық бастаған адам қалай өтейді? Енді соны 3%-бен берсе, 1 жылға 900 мың, айына 80 мыңнан келеді. Енді неге бізде Үкімет шаруа қожалыққа, өнім өндірушіге 1-2 пайызбен қаржы бермейді? Соны білгім келеді.
– Осы жерде жергілікті жердегі шаруа қожалықтардың әл-ауқатын көтеру мақсатында қандай көмек бар?
Дмитрий ДЮ, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру департаментінің директоры:
– Қазіргі таңда бағаны тұрақтандыру мақсатында корпорация 0,1 пайызбен заем береді. Оның өзінің арнайы талаптары бар. Қарыз алушы – тауар өндірушінің, сауда желісі немесе базарларда өнімін өткізетін сауда нүктелері болуы керек. Қарыз ең төменгі пайызбен беріледі, бірақ міндеттемеге сай кәсіпкер келісілген уақыт ішінде шекті бағаны ұстауы қажет.
Алтынай ЕРУБАЕВА, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:
– Егер кәсіпкер осындай кешенді жасауға ниеттеніп, қолға алса біз Үкімет тарапынан қолдауға дайынбыз. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жергілікті шаруашылықтарға 0,1 пайызбен қарыз ұсынып отырмыз. Сататын орнына дейін тауып берсек те, шаруагерлер қарызды алып, шаруасын жүргізіп, бағаны ұстауға құлықсыз. Олар одан 16-17%-бен банктен ақша алып, өнім піскен кезде қымбат бағасына Ресейге сатқанды жөн көреді. Былтыр желтоқсан, биыл ақпан айында облыстың арнайы делегациясының құрамында оңтүстіктің шаруагерлерімен кездесіп келдік. Алдын-ала берілетін ақшаны бәрі алғысы келеді, бірақ баға саясатын ұстауға ешқайсысы келіспейді.
Әлем УӘЛИЕВ, тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы:
– Қазақстан Республикасы Әкімшілік Кодексі бойынша бағаны шектен тыс өсірген жағдайда кәсіпкерлер мен әкімгерлерге әкімшілік шара қолданылады. Ол үшін шекті баға уақытында бекітіліп, бақылау жасалып тұруы керек. Баға өсіру фактісі бойынша жергілікті атқарушы органдар Әкімшілік кодекстің 202-бабы бойынша 2020 жылы да, 2021 жылы да бірде-бір хаттама жасамаған. Демек екі жылдың үстінде тиісті функциялар орындалмаған. Дәрігерлер ем жасар алдында бірінші сараптама жасап, диагноз қояды. Сол сияқты, бағаны реттеу үшін алдымен мониторинг жасау керек. Бізде шетелден қанша тауар, қандай бағамен кіргенін бақылап, тіркеп отыратын арнайы органдар бар. Соның барлық деректерін саралап, сараптап, анықтамай біз бағаны реттей алмаймыз.
Қымбатшылықтың тағы бір себебі, мәселен Атырауда халықтың 50 пайызы 200 мыңға дейін, 40 пайызы 600 мыңға дейін, 10 пайызы 1 миллионнан аса жалақы алады дейік. Дәріханада бір дәрінің құнын 30 мың теңге деп қояды. Жаңағы миллионнан аса жалақы алатын адам келіп «Баламнан аяймын ба?» деп дәріні сатып алады. Демек, нарықта сұраныс бар, тауар өтіп тұр. Ол бизнестің заңдылығы. Сондықтан сатушы да бағаны соған сай қояды. Бұл да бір бағаның жоғары болуына бірден-бір әсер ететін фактор.
– Атырау облысында азық-түлік бағасын реттеумен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы шұғылданады. Төрт түлік малды шаруа қожалықтары өсіргенімен, базар мен кәсіпкердің тізгіні – кәсіпкерлік басқармасының құзырында. Сонда мұны қалай түсінуге болады, бұл көзбояушылық емес пе?
Бағдат РҮСТЕМОВ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
– Жалпы бұл ойыңыз дұрыс. Осы мәселе бойынша бүгінде Үкіметтік деңгейде «Жол картасы» бекітіліп жатыр. Өзіміздің ішкі өнімді тұрақтандыру үшін не істейміз? Қандай жұмыстар атқарылуы тиіс? 15 ұсыныстан тұратын үш жылға арналған жоспар бекітілуге кетті. Бұл жерде не бар? Мал шаруашылығын субсидиялау, бөлшек саудадағы үстемеақы көтерме сауда бағасынан 15 пайыздан асып кетпеу, тағы басқа барлық өңірдің әл-ауқатын көтеретін шаралар қамтылған. Осы үш жылдық жоспардың ішінде барлық мәселені қамтып, шешудің жолын қарастыруға жұмыстанып жатырмыз.
Алтынай ЕРУБАЕВА, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:
– Жергілікті халық «Бағаны ешкім реттеп, қадағалап жатырған жоқ» дейді. Иә, бізге ең қиын болып тұрғаны үйдің жанындағы шағын дүкендер. Өйткені, қаланың өзінде осындай ірілі-ұсақты 3-4 мың дүкен бар. Бәрін бірдей назарда ұстап, бақылап отыру мүмкін емес. Бізге түскен шағымдар бойынша сұраныс жіберіп, тексеріс жүргіземіз. Дүкен иесі базардан алса, базарды, базардағы көтерме сатушының алған бағасын Ресейден әкеліп отырған үлкен қоймаларына телефон соғып, бәрін анықтаймыз. Жоғарыда айтып кеткенімдей, бүкіл базардың әкімгерлері, көтерме сатушылар, тасымалдаушылар, наубайхана иелерімен үнемі байланыста отырамыз.
Бағаның көтерілуіне келер болсақ, қазір бәріңіз білесіздер, теңгенің долларға шаққандағы бағамы шарықтап кетті. Атырауда жоғарыда айтылған әлеуметтік маңызға ие 19 азық-түліктің тауарының 13-і жергілікті өнім. Жергілікті, яғни Қазақстаннан шығатын өнімнің шикізаты қымбаттаған жоқ, шетелден келетін сыртқы қаптамасы, мәселен сүт пен айранның сыртындағы тетрапакет,ыдыс қымбаттады. Себебі, олар өзге елден доллармен келеді. Содан келіп өнімнің өзіндік құны көтеріледі.