Осы жағдайда мал басын сақтау үшін шаруашылықтарды жем-шөппен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау үшін арнайы штаб құрылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Серікбай Трұмов айтты.
Оның айтуынша, Ақтөбе облысының әкімдігімен меморандум жасалыпты. Соның ішінде маңғыстаулық малшыларға қажетті мөлшерде жем-шөп жеткізу және жайылым мен шабындық үшін жер учаскелерін беру туралы келісімге келген. Көрші облыстардан жөнелтілген жем-шөп өңір шаруаларына жеткізіледі.
«Маңғыстауда агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық беріледі. Ағымдағы жылдың 5 айында ауыл шаруашылығында 5,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 3% — ды құрады. Биыл ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 8 млрд теңге болатын 10 жобаны іске асыру арқылы 200-ге жуық жұмыс орнын құру жоспарлануда. Жаңадан ашылған құс фабрикасында жылына 5 мың тонна тауық еті өндіріледі. Бұл кәсіпорын болашақта тауық етіне ішкі сұраныстың 50% — ын қамтамасыз етеді деп күтілуде. Сонымен қатар, Мұнайлы ауданында қуаттылығы 15 мың тонна құрама жем өндіретін зауыт іске қосылды» деді өңір әкімі.
Сонымен қатар, жыл сайын жылыжайлар алаңын 7 гектарға ұлғайту жоспарлануда. «Ақтаугринхаус» компаниясы мен жергілікті кәсіпкерлерге арнайы жер телімдері де беріліпті. Жылыжайларды іске қосу арқылы кемінде 22 мың тонна өнім алуға болады. Бұл ішкі нарықтың өніммен қамтамасыз етілуін 35-40% – ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
С.Трұмов өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын әлеуметтік маңызы бар тауарларға тұрақтандыру қоры құрылатынын атап өтті. Қазіргі уақытта өнімдердің 11 түрі бойынша 2 мың тонна қор қалыптастырылды.
Осы өнімдердің бағасын тежеу және төмендету мақсатында облыстың барлық сауда желілерімен меморандум жасалған. «Әлеуметтік бұрыш» жобасы іске қосылған. Бұдан басқа, облыста балық шаруашылығын дамытуға басымдық беріледі. Биыл бұл үшін арнайы бағдарлама қабылданыпты. Оған сәйкес 2030 жылға қарай 100 мың тонна балық өсіру жоспарланып отыр.