RSS лента

Қазақ ғылымы қолдауды қажет етеді

Автор фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Қазақстан жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Жұмажан Жаңбыров қазақ ғылымының болашағы туралы айтып берді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

– Қазіргі күні Әділетті Қазақстан, жаңа экономика құрамыз деген құлшыныспен әрекет етіп жатырмыз, - дейді ол. – Осы мақсатта республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қыркүйектегі халыққа Жолдауында Үкіметке біршама міндет жүктеп, нақты тапсырма беріп, Ұлттық Ғылым Академиясының мәртебесін өзгертіп, ғылымның дамуын жеке бақылауына алатынын жеткізген болатын. Мұны өз басым толығымен қолдаймын. Осы істің басы-қасында Асқар Жұмаділдаев, Ақылбек Күрішбаев сынды ғылым мен өндірісте танылған қайраткерлердің жүруі де құптарлық жайт. Егер Үкіметке, дәлірек айтқанда, осы салаға басшылық жасайтын министрліктің басшылығына оның қыр-сырына қанық, өзекті мәселелері мен шешу жолдарын айқындап, дұрыс бағыт-бағдар бере алатын білімді де білікті, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары азаматтар келсе, таяудағы бес жылда-ақ ұлттық ғылымның дамуы жаңа арнаға түсіп, деңгейінің көтерілетініне сенім мол. Өзім мамандығыма сәйкес Талдықорған, Алматы облыстарының ауыл шаруашылығы құрылымдарында инженер болып жұмыс істедім. Сонда облыстардың аграрлық саласындағы айырмашылықтарды аңғардым. Біріншіден, егістік алқаптарындағы жердің құнарлылығында, ылғалдың сақталуында, тегістігі мен суарылуында көптеген ерекшеліктердің барын байқадым. Демек «нақты өнім алу үшін агротехникалық шараларды сол өңірдегі егістіктің жағдайына сәйкестендіріп жүргізу керек» деген ойға келдім. Мысалы, Талдықорған өңірінде жүгері немесе картоп егуде атқарылатын технологиялық процестерді Атырау облысында дәл солай қолдануға мүлде болмайды. Өйткені, әр аймақтың ауа райы мен техникалық және технологиялық мүмкіндіктері басқа. Сосын он бес жыл бойы жүк тасымалымен айналыстым. Сонда түйгенім – жол жағдайы мен инфрақұрылымы мүлдем сын көтермейді. Сонымен қатар, кеңінен қолданысқа ие сырттан келген жүк автокөліктеріне сервистік қызмет көрсететін мамандандырылған арнаулы орталықтардың болмауы. Егер біз, әсіресе биліктегілер отандық экономиканың тасымалдау үрдісіне тәуелді екенін мойындасақ, жол инфрақұрылымына айрықша көңіл бөлуіміз қажет. Осы жерде маман ретінде мынаны баса айтқым келеді: бүгінгі өмір сүріп отырған ортаның, яғни экологияның, табиғаттың жағдайы, қазіргі көлік түрлерінен, әсіресе теміржолдан мүлдем бас тартып, табиғатқа залалсыз тасымалдау тетіктерін ойластыру керектігін меңзейді. Өздеріңіз айналаға көз салып көріңіздерші, теміржол мен автокөлік жолдарын салу үшін табиғатқа қаншама залал келтіреміз!.. Сонымен қатар, қарапайым тұтынушылар «отандық азық-түлік неге қымбаттай береді?» дейді. Оның басты себебі – жоғарыда айтқандай, тасымалдау бағасына байланысты. Өйткені, оңтүстік өңірлердегі ауыл шаруашылығы бірлестіктері, жеке кәсіпкерлердің өз өнімдерін, мысалы малдыКеңес Одағы кезіндегідей арнайы мал соятын комбинаттарға апарып өткізуге мүмкіндігі жоқ. Ал, арадағы көтерме саудамен айналысатындар олардан төмен бағамен сатып алып, бірнеше есе көтеріңкі бәсіне базарға өткізеді. Демек аралық қызмет көрсетушілер арқылы ет бағасы өсіп отыр. Екінші жағынан малдың терісі, жүні, тіпті ішкі мүшелеріне дейін қажетсіз болып, қоқысқа тасталады. Мал соятын арнаулы орталықтар мәселесімен 1987-1990 жылдары өзім де айналысқанмын. Сонда біз Қазақ ауыл шаруашылығы институты жанында арнаулы Ғылыми-конструкторлық орталық ұйымдастырып, әртүрлі технологияларды ұсынып, патенттер алып, Алматыда өткен Халықаралық «Мал шаруашылығы технологиясы-89» көрмесіне қатыстық. Сөйтіп, Еуропадан келген кәсіпкерлерді қызықтырғанбыз және кейін солардың шақыруымен үш рет Германияда болғанбыз. Міне, сол кездің өзінде қай елде, қай жерде болмасын, мемлекет тарапынан қолдау тауып, қаржыландыру мәселесі шешіліп, қамқорлық болғанда ғана қандай бастама мен жобаның да жүзеге асырылу мүмкіндігіне кепілдік берілетініне көз жетті. Өкінішке қарай, егемен ел, тәуелсіз мемлекет болдық деп төбеміз көкке жеткендей болған тұста да ғылымға нақты көңіл де, қаржы да бөлінбеді. Соның салдарынан көптеген маманғалымдар басқа салаларға, бизнеске кетуге мәжбүр болды. Мемлекеттік жоғары оқу орындары жекешелендіріліп, жекеменшік университеттер мен институттар көбейді. Әйткенмен, олардың бәрінің дерлік көздеген мақсаты – әр салаға қажетті, сұранысқа ие мамандарды даярлап шығарудан гөрі жеке бастың мүддесін ойлап, табыс табу еді.

 

Мемлекет басшысының жарлығымен Президент жанындағы Ұлттық Ғылым Академиясы құрылды. Десек те, заң бойынша ол Ғылым және жоғары білім министрлігіне бағынады. Онсыз ештеңе істей алмайды. Меніңше, Президент жанындағы Ұлттық Ғылым Академиясы болған соң, министрліктен жоғары тұрмаса да, бір деңгейде болып, нақты ғылыми жұмыстар туралы өзара ақылдасып отыратындай болғаны жөн. Себебі, министрлікте нақты ғылыммен айналысатын ғалымдар кездесе бермейді. Заңда «Үкімет Ұлттық Ғылым Академиясымен бірлесе отырып шешім шығарады» деп келтірілуі керек еді. Ал, заңның 55-бабында мемлекеттік жоғары оқу орындарында қызмет ететін ғалымдарың еңбекақысына қосылатын үстемелер туралы нақты көрсетілген, ал басқа меншік иелігіндегі жоғары оқу орындарында еңбек ететін ғалымдарға не істеу керек сонда?! Мені жиі мазалайтын жайттың бірі – жылдан-жылға Жайық өзені суының тартылып, арнасының тарылып бара жатқаны. Кеңес Одағы кезінде Жайықтың екі жағы егістік, көгал болатын, сүт фермалары тұратын. Қазір ештеңе жоқ. Бұрынғы үлкен-үлкен егістіктер топырағы эррозияға ұшырап, мал жаятын мүмкіндіктен айырылды. Ал баршаға аян Атырау – мұнай-газ өндіретін саласы кеңінен жайылған өңір, өкініштісі сол, сол учаскелер өңделмей, ұңғылары ашық қалады. Жан-жағы тапталған шаң-тозаң. Қазір экологиясы өте нашар. Дұрысында мұнай-газ өндіруші компаниялардың артындағы орнын, топырақ эррозияға түспес үшін өңдеу керек. Осы мәселеге байланысты Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық, Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу және Атырау мұнай-газ университеттері Орталық Азия университетімен бірлесіп, жоба жасадық. Бастама барлық инстанциядан сәтті қорғалып өтті де, ең соңында қаржыға келгенде тығырыққа тірелді. Ақыры, тұтастай бір өңірдің экологиялық проблемасын оң шешу үшін жоғары оқу орындары бірлесіп жасаған жобаға келгенде ақша бөлінбей қалды. Өзім де осы өңірдің тумасы болғандықтан, туған жерімнің экологиялық мәселесі қатты толғандыратынын жасырмаймын. 1988 жылы Мәскеу қаласындағы «Газпром» жанында қаулап өскен қамыс мәселесі талқыланды. Сонда мен Гурьев облысы теңіз жағалауындағы қамыс туралы өзімнің ұсыныстарымды көтердім. Ең қатты көңіл бөлетін жағдай Арал теңізінде болған қателіктерді қайталамау еді. Өйткені, ол өңірде қамыстан түрлі материалдар жасаймыз деп, оны шынжыр табанды трактормен орып жинағаннан қамыстың тамырын қиып, төрт-бес жылда тыптипыл еткен. Соның кесірінен экологиялық тепе-теңдік жойылып, теңізден айырылдық. Осы орын алған кемшіліктердің себебін, қамыстың биологиялық ерекшеліктерін анықтап, онда нақты технологиялық ұсыныстарымды айттым. Осы жиналысқа сол кездегі облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығына жауапты хатшысы Шәйдолла Кәрімов ағамыз мені өңірде осы мәселе жөнінде арнаулы ғылыми-зерттеу институтын ұйымдастыруға шақырған. Алайда, бұл жолы да қайта құру кезеңіне тап келгендіктен, қаржыландыру жағы шешілмей, ұсыныс тағы да аяқсыз қалды. Қазіргі билік басындағы азаматтар ағымдағы «баға өсуі» секілді, әбден проблема туындаған сәтте ғана мән береді. Мұның бәрін түбегейлі шешу үшін ғылыммен шындап шұғылдану керек, онсыз болмайды. Ол үшін Ұлттық Ғылым академиясының мәртебесін Үкімет деңгейімен теңестіру қажет. Ал, Үкімет Президент жанындағы Ұлттық Ғылым Академиясымен кеңесе отырып, шешім шығарғаны жөн. Тіпті, жоғары оқу орындарының ректорларын тағайындамас бұрын Ұлттық Ғылым Академиясымен міндетті түрде келісілуі керек.

 

1988 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институты жанынан студенттердің ғылымитехникалық өндірістік тәжірибе мектебі құрылып, соның директоры болғанмын. Қазір де жоғары оқу орындары жанында осы тәріздес жас ғалымдар мен студенттер өз мамандығы саласында алғашқы ізденістерімен кәсібін бастауы үшін жағдай жасалуы керек. Бүгінгі таңда студенттердің тәжірибеден өтуіне оқу орындарымен қатар, кәсіпорындар мен мекемелер де мүдделілік танытуы тиіс. Осы бағытта институт-университеттер жанында арнаулы инфрақұрылым туралы ереже дайындалып, Үкімет қаулысымен бекітілуі керек. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әділетті Қазақстан», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы өте орынды. Бәрі дұрыс. Бірақ айтқан нәрсені нақты орындайтын адам болуы керек. Өкінішке қарай, жергілікті басшылардың жұмыс істеу үрдісі жаңармаған сыңайлы. Себебі, олардың көпшілігі өздеріне артық жауапкершілік алғысы келмейді. Сондықтан, жауапкершілікті көтеріп, оған нақты жауап беретін тәртіп болуы қажет. Бүгінгі таңда Президент нақты, дұрыс бағдар бергенімен, атқарушы органдар солқылдақ шешім қабылдап, тапсырмалар орындалмай отыр. Кез-келген адам заңға сенуі, сүйенуі керек. Бізде заң жұмыс істемейді. Қазақ жігіттері неге шетелге кетіп, неге біздің ақылды азаматтарды алып қалып жатыр? Өйткені, оларға барлық жағдайын жасайды. Қазір ең қиыны ақша, дүние емес. Ең маңыздысы – кәсіби маман табу. Брюссельде, Парижде, Мюнхенде болып, сондағы университет профессорларымен сөйлескенімде, олар студенттерге есімі әлемге танымал кәсіпкерлер мен компания менеджерлерінің дәріс оқитынын айтты. «Оларға не үшін керек?» деген сұрағымның жауабы мынау болды: «Ол мырзалар өз өндірісіндегі орын алып отырған, нақты жағдайларды талқыға салады, сондай мәселелерге ең ұтымды шешімін іздейді, ал студенттерде аяқастынан туындайтын әртүрлі тың идеялар көп болады ғой!..» Құстың сүтінен басқаның бәрі бар Еуропа елдерінде ғалымдар идея жетпейтінін мойындап отыр. Шынында, қазір идея үшін тартыс жүріп жатыр. Мысалы, АҚШ Конгресінің жанында идея комитеті бар. Сондай-ақ қазір «жаңғырту керек» деп көп айтылады. Меніңше, егер біз дамыған ел боламыз десек, сол жаңғыртумен қатар, бес-он жыл алдағыны ойлайтын мамандар мен ғалымдар керек. Әйтпесе, артта қалған ел болып қала береміз.

 

Менің ойымша, бірінші кезекте техникалық мамандықтарға мемлекеттік гранттың көбірек бөлінуіне көңіл бөлген жөн. Дегенмен, бұл жерде «әттеген-ай» дегізетін бір жай бар. Ол – техникалық мамандықтарға оқытатын, яғни сабақ беретін оқытушы-педагогтардың сапалық деңгейінің тиісті талаптарға сай келе бермейтіні. Студенттерге нақты кәсіпкерлікпен немесе өндіріспен айналысқан мамандар мен ғалымдар дәріс берсе, олардың арасында тығыз байланыс орнатылса, дұрыс болар еді. Тағы бір атап өтетін жағдай – республика Ғылым және жоғары білім министрлігі жылма-жыл магистратура мен докторантураға мемлекеттік гранттарды бөледі. Осы жерде жауабын күткен бір сауал – бөлінген гранттарды иеленуге үміткер талапкерлер немесе грант иегерлері соған сәйкес белгіленген мерзімінде ғылыми ізденіс жұмыстарын аяқтап, ғылыми атағын қорғауға дер кезінде шығуына қаншалықты дайын? Оларға жетекші ретінде бекітілген адамдардың жауапкершілік деңгейі талапқа қаншалықты сай келеді? Осы мәселелер ескеріле бермейді. Жасыратыны жоқ, қазір университеттерде ғылыми жетекші болатын ғалымдар саусақпен санарлық. Біразы әртүрлі ғылыми атағы мен дәрежесі бола тұра, тұрақты ғылыммен айналыспаған соң заманауи талаптарға сәйкес жетекшілік ете алмайды. Сол себепті, мемлекеттік грант нақты ғалымға және сала бойынша аты аталып тұрып берілуі қажет. Қазір студенттеріме «егер мектептің физика-математикасын жақсы білетін болсаң, жерде қалмайсың» деп айтамын. Сондықтан, технологияны аспаннан іздеудің қажеті жоқ. Оған қазақтың ұл-қыздарының ақылы жетеді. Тек оларға сенім артып, мықты мотивация беру керек, ол үшін ұстаз-ғалым өзі іскерлігімен, ғылыми жұмыстарымен үлгі-өнеге болуы тиіс.

Оставить комментарий
Последние новости