НАУРЫЗ – КӨНЕ МЕЙРАМ. НЕГІЗІНЕН АЛҒАНДА НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІН ТОЙЛАУ ДӘСТҮРІ ДҮНИЕЖҮЗІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ КӨПШІЛІГІНІҢ ТҰРМЫС-САЛТЫНДА БАҒЗЫ ЗАМАНДАРДАН ОРЫН АЛҒАН. ТАРИХИ ДЕРЕКТЕРГЕ КӨЗ ЖІБЕРСЕК ӘБУ РАЙХАН БИРУНИ, ОМАР ҺАЙЯМ, Т.Б. ЕҢБЕКТЕРІНДЕ ШЫҒЫС ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ НАУРЫЗДЫ ҚАЛАЙ ТОЙЛАҒАНДЫҒЫ ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТТЕР КЕЗДЕСЕДІ. МЫСАЛЫ, ПАРСЫ ТІЛДЕС ХАЛЫҚТАР НАУРЫЗДЫ БІРНЕШЕ КҮН ТОЙЛАҒАН. НАУРЫЗДЫ КЕЙБІРЕУЛЕР ПАРСЫЛАРДАН ШЫҚҚАН ДІНИ МЕЙРАМ ДЕП ЖҮР. БІРАҚ, ОЛАЙ ЕМЕС... НАУРЫЗ ТАБИҒАТТЫҢ, ЖАЛПЫ ТІРШІЛІКТІҢ ҚАЙТА ЖАНДАНАТЫН, ХАЛЫҚ АСЫҒА КҮТЕТІН МЕРЕКЕ. ШЫҒЫС ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ЖАҢА ЖЫЛДЫ 22 НАУРЫЗДА ТОЙЛАЙТЫНЫ ӨТЕ ОРЫНДЫ. ӨЙТКЕНІ, КҮН МЕН ТҮН ТЕҢЕЛІП, ЖАҢАРУ ҮРДІСІ БАСТАЛАДЫ. БІЗДЕР КӨБІНЕСЕ 31-ШІ ЖЕЛТОҚСАН ДЕП ЖҮРМІЗ, ОЛ НЕГІЗІНЕН БАТЫСҚА ТӘН ДҮНИЕ. ШЫНДЫҒЫНДА МҰСЫЛМАНДАР, ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫ ЕЖЕЛДЕН-АҚ НАУРЫЗДЫ ЖЫЛДЫҢ БАСЫ ДЕП САНАҒАН.
Санаға сіңген дәстүр
Дəстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған. Халықтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды. Ұлыс күні қазақ елі үшін əрқашан қасиетті, киелі саналған. Міне, сондықтан да, ата дəстүрімізде Наурыз біздің жыл басымыз болып есептеледі. Батыс өңірлерінде 14-ші наурыздан бастап «көрісу» басталады. Бала кезімізден санамызға сіңіп қалған осы дəстүрдің əсерінен де шығар, Наурыз мерекесі осы көрісуімен де ерекше болып тұрады. Тарихқа көз жіберсек, 1926 жылға дейін қазақ даласында Наурыз тойланды. Өкініштісі, сол жылы ол «діни мейрам», «ескілік сарқыншағы» деп танылып тоқтатылды. Бірақ, еліміздің бар аумағында жасырын түрде сақталып қалды. Яғни кеңес өкіметінің алғашқы кезеңдерінде 1920-1925 жылдары шығыс халықтары бұл мерекені атап өтті. Оған бүкіл халық қазіргідей киіз үй құрып, думандатпағанымен əрбір ауыл, əрбір шаңырақ өздерінің мүмкіндігінше той тойлап, «Ұлыстың ұлы күні келді» деп барынша атап өткен. Бұл күні адамдар бір-біріне көрісуге барып, ескі жылдан аман шыққанына шүкіршілік етіп, амандық-саулықтарын білісіп, жылы-жұмсақтарын алға тосып, қыстан қалған соғымдарын ұсынған. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады. Былайша айтқанда, қазақ даласындағы берекенің негізі болып табылады.
Қонақ келсе, құт келеді
Наурызды кейбіреулер жиналып алып ас ішу деп ойлап жатады. Менің түсінігімде олай емес. Наурыз молшылықтың белгісі, лайым солай бола берсін. Қазақтың дастарханы əрдайым келген қонағына жаюлы ғой. Ең бірінші қазақтың қонақжайлығы үйінен дəм татқызумен, төрге шығаруымен, келген қонағын сыйлаумен басталады. Қарттарға жастар жағы барып көрісіп, амандық-саулығын білісіп, алыстағы ата-аналарын, бауырларын іздеп баратын жылдағы мерекенің бірі. Мұны жалпы айтқанда «көрісу» дейді ғой. Шындығында, бұл Наурыз мерекесімен ұштасып жатқан, ежелден қалыптасқан біздің əдет-ғұрыптарымыздың бірі. Мұны еш уақытта жоққа шығаруға болмайды. Бұл мейрамға кеңес өкіметі жағынан қысастық болып тоқтатылды. Бірақ, сол кездің өзінде-ақ кеңес билігі қанша жерден қысым көрсетсе де ауылдық жерлерде үлкен кісілеріміз Наурыз мерекесін тойламағанымен, оның келгенін білдіріп, үйдің бар затын далаға шығарып тазартып, жаңалайтын еді. Қазанға сүр етін асып, ауылдың үлкендерін күтіп отыратын-ды. Осылайша, бірінің үйіне бірі барып, дəм татып, ақ мол болсын деп тілектестік танытатын. Бұл сонау бала кезіміз, 1970 жылдардың басы болатын... Кеңестік кезеңде де Наурыз түбегейлі тоқтап қалған жоқ. Неге ол сақталып қалды? Себебі, оның тамыры тереңде жатыр. Біздің ата-əжелеріміз ұрпақтан[1]ұрпаққа сабақтасып келе жатқан үрдісті сақтап қала білді. Наурыздың негізгі құндылықтарының бірі – адамдардың өзара қайырымдылығы, өкпе-реніштерін ұмытып, ізгілік танытуы. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарында Наурыз мейрамының қайта жандануына мұрындық болған тұлға ұлт жанашыры ақын Мұхтар Шаханов болатын. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, сол кездегі Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Г.Колбинді сендіріп, көзін жеткізіп, əртүрлі дəлелдермен дəлелдеген осы Мұхтар ағамыз бен Өзбекəлі Жəнібековтың еңбегі зор. Сол кезден бастап халықтың арасында кең түрде мерекеленетін болды. 1988 жылдан Алматы қаласында, республиканың көптеген ауданында Наурыз жалпыхалықтық мейрам ретінде қайта тойлана бастады. 1991 жылдың 15-ші наурызында Қазақ КСР Президенті Н.Назарбаевтың «Көктемгі халықтық Наурыз мейрамы туралы» Жарлығы шықты.
Халықтың рухын көтерер айтулы мереке
Ал, тəуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік мереке ретінде енгізіліп, 21, 22, 23-ші наурыз күндері тойланатын болды. Мұның өзі сол кезде халықтың рухын көтерген айтулы оқиғаның бірі болды. Себебі, бұл тамырынан ажырап бара жатқан ұлтымызды қайтадан соған жақындату еді. Қазақпен біте қайнасқан Наурызды əміршілдік-əкімшілдік қоғам болсын, қандай бір жүйе болсын жоя алмады. Наурыз мейрамы бізде ғана емес, Əзербайжанда, Өзбекстанда, Түркияда, Иранда, Түркімен, Тəжік, Башқұрт, Татар елдерінде ерекше атап өтіледі. Мысалы, өзбек халқы аталған мерекені өздерінің əдет-ғұрыптарымен терең ұштастыра білген. Оларда 1 қаңтарда жаңа жыл мүлдем атап өтілмейді. Бұл күн мейрам күндері тізбесінен алынып тасталған. Ал, бізде өкініштісі жоғары жақтан келетін бұйрықты күту, мереке күнгі сценарий бойынша арқан тартысып, асық ату деген сияқты жасандылықтарды байқап қалып жатамыз. Біздер Наурыз мерекесінде ғана күресіп, арқан тартысып, асық ойнаймыз да кейін ұмытып кетеміз. Сонда бұл ұлттық ойын түрлері тек бір сағаттық немесе бір күндік шаруа болғаны ма?! Негізінен əрбір үй, əрбір мекеме көрініс үшін емес, өзінің шама[1]шарқынша тойласа құптарлық іс болар еді. Біздер осыған бүкіл халық болып, бұқара болып атсалыссақ кейде көрініс беріп қалатын көзбояушылықтан арылар едік. Осы тақырыпқа қатысты айтар уəж де бар. Жаңа жылда миллиондаған қаржы көзін құртатын бірнəрсе бар, ол – жасанды шыршалар. Бұл сұмдық енді... Жалпы, шырша орнатуға мен қарсы адаммын. Жоқ дегенде бір жерге орнатса болады ғой. Мысалы, қаланың орталығына. Қанша кəсіпорын, мекеме өз жұмыс орындарының алдына шырша орнату үшін миллиондап ақша шашады. Жеке адам өз үйінің алдына орната берсін, оған ешқандай дауым жоқ. Осы негізде мемлекеттің ақшасын желге шашуға түбегейлі қарсымын. Бұқаралық ақпарат құралдарында айтылғандай, кейбір облыстарда шырша орнату жұмыстарына 25-30 миллиондап ақша жұмсалады екен. Ал, ізгілікті дəріптейтін қазақтың Жаңа жылына неге олай етпейді?! Мерекелік тілегім. Наурыз – тіршіліктің жаңаруы... Халқымыз тыныш, байқуатты өмір сүрсін. Əрбір отбасы дəулетті болсын. Мемлекетіміз халқына қамқор бола түскей.