Мұхтар ШАХАНОВ, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын:
– Әлі есімде, 1988 жылы Наурыз мерекесін Алматыда, Алматы облысының Жамбыл және Еңбекші қазақ аудандарында өткізу жоспарланған. Алайда, ел-жұрт ұлық мерекені сағынғаны, тойлауға асыққаны соншалық, бастама басқа облыстарда жалғасын тапты. Сол жылы мейрамды атап өту қыркүйек айына дейін толастаған жоқ. Тұңғыш Наурыз осылайша ойламаған жерден республика деңгейінде мерекеленді. Наурызды тойлаудың өзіндік қағидасы бар. Дәстүр бойынша ертеде Наурыз мейрамын көрісуден бастап, бүкіл ауылел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан, тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден бастайтын.
Айтулы шара одан әрі халық ойындарымен, ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, қазақша күреспен, ат жарысымен жалғасып кете беретін де, түнге қарай «Алтыбақан» айналасындағы тамашамен аяқталатын. Бұл күні шалқытып ән салып, күмбірлете күй тартылып қоймай, өкпе-реніші барлар бітімге келетін. Қайырымдылықтар жасалатын. Бұл күні тума-туыстар бірін-бірі шақырысып, өлілерге дұға тілеп, тірілерге берекет сұраған. Бұлақтардың көзі ашылып, тазалық жұмыстары қолға алынған. Көпшілік Наурыз көжелерінен дәм татысып, «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Қайда барса, жол болсын!», «Ұлыс бақты болсын! Төрт түлік ақты болсын! Ұлыс береке берсін! Бәле-жала жерге кірсін» деп құшақтасып көріскен.
Тоқшылық, ырыс пен құт болсын деп Наурыз көже дайындалып, мол дастархан жайылған. Міне, көрдіңіз бе, бұл игі дәстүрлерде Наурыз мерекесінің ерекшелігі жатыр, әр дәстүрдің астында мән мен мағына, тәлімтәрбие жатыр. Игілікті істерге, бейбітшілікке, бірлікке, ізгілікке, қайырымдылыққа, тағы басқа ізгі істерге шақыратын бұл айтулы шара санаға серпін берген, үлкен істердің ұйытқысына айналған. Сондықтан, таяуда бекітілген Наурыз мерекесін атап өтудің тұжырымдамасы да бұл күннің маңыздылығын арттыруға септеседі. Ұлттық құндылықтарымызды бағалап, қадiрлеуiмiз керек. Себебі, Наурыз Тәуелсiздiк күнiнен кейiнгi үлкен мерекенiң бiрi.