RSS лента

Басшылар қоластындағылар үшін жұмыстан қуыла ма?

Автор фото: ашық дереккөз

Қазақстанда жемқорлық дерегі көбеймесе, азаятын емес, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Қоғамды жегі құрттай жеген сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстары қалай жүріп жатыр? Бұл туралы тисті құрылымның Атыраудағы басшысы Ерлан Досанов айтып берді.

 

– Өзіңізге мәлім, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің негізгі жұмысы қоғаммен бірлесіп, елдің дамуына кері әсер ететін құбылыстың алдын алу шараларына бағытталған. Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекет саясаты соңғы жылдары түбегейлі өзгеріп жатыр. Мұның басты себебі – заңдық тұрғыда бұл құбылыстың алдын-алуға басымдылық берілуінде. Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, бюрократиялық кедергілерді жою, мемлекеттік органдарға келушілер үшін қолайлы жағдай жасау, мемлекеттік қызмет көрсету кезінде халықпен тікелей байланысты азайту үшін рәсімдерді автоматтандыру, тағы басқа шараларды қабылдаған еді. Тағы бір бағыт – қоғамдық бақылауды жүзеге асырудың маңыздылығы. Осы мақсатта Агенттіктің бастамасымен жаңа Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы бекітілді. Құжат аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда азаматтық қоғамның ролін күшейту көзделген. Ал, қоғамдық кеңестер қызметі қоғамдық бақылауды іске асыру тетіктерімен ғана шектелмей, парасаттылық мәдениетін қалыптастыруға барлық ниет білдірушілердің қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етуі қажет. Осы бағытта «Қоғамдық бақылау туралы» заңның қабылдануы маңызды болмақ.

 

– Осы тұста сөзіңізді бөлейін, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының негізгі ережелері туралы толығырақ айтып берсеңіз...

 

– Иә, биылғы 2 ақпанда Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасында 2022-2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын және оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл стратегиялы қ құжат халықаралық стандарттарға, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес қоғамдастықтың, мемлекеттік органдардың, ұйымдармен азаматтардың ұсыныстарына негізделген. Сондай-ақ, заңбұзушылықтың зардаптарымен күрестен гөрі, сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуге бағытталады. Мұндағы басты жаңалықтың бірі – негізсіз баю, шетелдердегі активтерді қайтару, әрбір заңды тұлғаның жауапкершілігін арттыру және адалдықты тексеретін «Integrity check» жүйесін енгізу қарастырылған. Тұжырымдаманың қоғамдық мониторингі мемлекеттік мекемелердің жобалық офистері, қоғамдық кеңестер және басқа да тәуелсіз алаңдар арқылы жүзеге асырылатын болады. «Ашық бюджеттер» және «ашық деректер» порталдарының интерфейсін оңайлату арқылы жария ақпарат форматы өзгертіледі. Енді әр азамат қажетті ақпаратқа қиындықсыз қол жеткізеді. Тоқталары, енді бұқаралық ақпарат құралдарының заңбұзушылыққа қарсы ролін күшейтуге көңіл бөлеміз. БАҚ-тар қоғамдық бақылау элементтерінің бірі ретінде қарастырылады. Сондықтан журналистік тергеу институтын енгізу, журналистердің құқықтарын қорғаудың заңнамалық шектері мен кепілдіктері белгіленеді. Өзіңіз білетіндей, биыл мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны жаңа форматта тапсырды. Енді келесі жылдан бастап олардың шығыстары кірістермен салыстырылады.

 

– Ерлан Азаматұлы, жемқорлық дерегін хабарлаушыларға сыйақы беру тәжірибесі халықтың белсенділігіне әсер етті ме?

 

– Хабарлаушыларды ынталандырудың ұқсас жүйесі Германия, АҚШ, Ұлыбритания және Гонконг елдерінде табысты қолданылады. Сот үкімі шыққаннан кейін, парақорлық туралы хабарлаған адамға қылмыстың ауырлығына қарай белгілі бір мөлшерде қаражат төленеді. Бүгінде хабарлаушыларды көтермелеудің жаңа сараланған жүйесі енгізілді. Бұл бұрын қылмыс санатына байланысты жүзеге асырылған. Қазіргі уақытта хабарлаған адам пара сомасына немесе залалға байланысты осы соманың 10%-на ие болады (егер пара сомасы 1000 АЕК-тен жоғары болса). Мысалы, жемқорлық қылмысы 5 млн. теңгеге бағаланса, онда деректі хабарлаған адам 500 мың теңге алады. Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адамдарды қорғау тиісті түрде жүзеге асырылады. ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңына сәйкес, мұндай жағдайлар туралы хабарлаған адам ақшалай қаражатты иеленіп қана қоймай, сонымен бірге мемлекеттің қорғауында да болады. Хабарлаушы туралы ақпарат мемлекеттік құпия болып табылады. Соңғы екі жылда сыбайлас жемқорлық дерегін хабарлаған 8 адамға 1 500 610 теңге көлемінде ынталандыру қаржысы берілді.

 

– Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты азайту және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында, жемқорлық тәуекелдерін ауыздықтауда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

 

– Бүгінде қоғамда жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді тетіктерін жұмыс тәжірибемізге енгізе отырып, кешенді шараларды іске асырып жатырмыз. Біз жазалау шараларынан бұрын, сыбайластық тәуекелдерінің туындауына себеп болатын жайттарды анықтау арқылы әлеуметтік індеттің алдын алуға айрықша басымдық береміз. Қазір электронды технологияның мүмкіндігі шексіз. Лауазымды тұлға егер сізден пара дәметсе немесе қызметтің бір түрін сапасыз көрсетсе, осының барлығын бейнетаспаға түсіріп, қоғамдық бақылау топтарына немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне жолдауыңызға болады. Түскен шағымдар, фактілер бірден қаралады. Біз халықпен жедел және үзіліссіз кері байланыс орнатуға мүдделіміз. Сондықтан, Агенттікте тәулік бойы сыбайлас жемқорлық туралы хабарламаларды қабылдайтын «1424» Call-орталығы жұмыс істейді. Департамент автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау сапасын бақылауды көздейтін «Сапалы жол» жобасын іске асырды. Осы жоба шеңберінде жұртшылық арасында мониторинг жүргізіліп, заң бұзушылықтар анықталып және оларды жою жөнінде ұсынымдар енгізілді. Облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі шағын және орта бизнестің қызметіне заңсыз араласу жағдайларының да жолын кесіп отыр. Тәжірибе көрсеткендей, кәсіпкерлер көп жағдайда жер учаскелерін алу, оны кеңейту және субсидия беру секілді мәселелер кезінде кедергілерге тап болады. Яғни, көрсетілген жағдай «TransparensyInternationalKazakhstan» ұйымының зерттеуінде келтірген жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлықтың деңгейі бойынша мәліметтермен сәйкес келеді.

 

 

– Таяуда облыс әкімінің қатысуымен өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасын іске асыру қорытындылары туралы есеп бердіңіз. Карта не үшін жасалған? Біздің облыста қандай тәуекелдер көрсетілген?

 

– Қазіргі уақытта департамент Атырау облысының сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасына ерекше назар аударып отыр. Картада процестердің ашықтығына, әкімшілік кедергілердің көптігіне, шенеуніктердің аяқтан шалар әрекетіне, заңнаманың жетілдіруді қажет ететін тұстарына байланысты қордаланған әлеуметтік мәселелердің тізімі көрсетілген. Бүгінгі таңда біздің құрылым картаның өзекті міндеттерін ескере отырып, өңірде бар проблемаларды жоюға бағдарланған. Әсіресе инфрақұрылымды дамытуға байланысты пайдалануға берілмеген объектілер бойынша бюджет қаражатын жымқыруға жол бермеу өңір үшін өзекті болып табылады. Мәселен, көп балалы отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысы барысында 330 миллион теңгені жымқыру тәуекелі анықталды. Құрылыс барысында Исатай ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары атқарылған жұмыстар туралы жалған актіге қол қойған. Яғни, тапсырыс беруші төлем жасаған, ал 3 тұрғын үй бойынша жұмыс 330 млн. теңгеден астам сомаға орындалмағаны анықталды. Департамент нысан әлі пайдалануға берілмегендіктен, жымқырудың алдын алу және мердігердің өз міндеттемелерін орындауы қажеттігін айтып, облыс басшылығының атына хат жолдады, барлық кемшіліктерді жою туралы жауап хатын алды. Мұндай хат Индер ауданы Аққала ауылындағы сумен жабдықтауға, сондай-ақ Мақат ауданындағы тұрғын үйге қатысты да жолданды. Аталған объектілердің құрылысы пайдалануға берілгенге дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бақылауында болады. Сонымен қатар, департаменттің араласуымен өңірдегі халық үшін басқа да проблемалық мәселелер шешімін тапты.

 

– Қарамағындағы адамның сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасауына байланысты мекеменің бірінші басшысы жауапкершілікке тартылатыны заңнамалық тұрғыда бекітілгені белгілі. Облыста осыған қатысты деректер тіркелді ме?

 

– Өкінішке қарай, біздің облыста мұндай дерек орын алды. «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, саяси басшының өз қызметін доғаруға өтініш беруінің басты шарты – оған тікелей бағынышты қызметкерге қатысты заңды күшіне енген соттың айыптау үкімі болуы немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы шешімнің қабылдануы. Басшының қызметтен кетуге өтініш беретін мерзімі – 10 күнтізбелік күн. Екінші шарт – тікелей бағынышты қызметкер жасаған қылмыс басшы саяси лауазымға тағайындалған күнінен бастап 3 ай өткеннен кейін жасалуы. «Қызметтен кету» түсінігі тек саяси қызметшілерге қатысты қолданылады. Жұмыстан кетуді қабылдау немесе қабылдамау саяси мемлекеттік қызметшіні тағайындаған тұлғаның құзыретінде болады. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер болып саналатын басшылар осыған ұқсас жағдайларда жұмыстан босатуға дейінгі тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, квазимемлекеттік субъектілердің басшыларына сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды ескермегені үшін тәртіптік санкциялар енгізілген. Демек, басшылар өз ұжымдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алумен сөз жүзінде емес, іс жүзінде айналысуы керек.

 

– Облыс бойынша қай салада жемқорлық тәуекелі жоғары?

 

– Әрине, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың салдары ел экономикасына қыруар залалын тигізеді. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша департамент қазынаға 23,3 млн. теңгедей қомақты қаржыны қайтарды. Талдау шаралары бойынша әлеуметтік салада (18 дерек) және көлеңкелі экономика субъектілерінде «қамқоршылық» жасау арқылы (12 дерек) жымысқы пиғылын жүзеге асыратындар көш бастап тұр. Сыбайластықтың алдын алудың тиімді әдістерінің бірі ретінде әкімшілік іс жүргізуді атап өтуге болады. Осы бағытта департамент 10 айда 12 әкімшілік хаттама жасақтады. Аталған мәселе бойынша 4,6 млн. теңге айыппұл салынып, оның 3,7 млн. теңгесі өндірілді. Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының XXXI сессиясында «азаматтардың бәрін ортақ іске жұмылдырмайынша, мемлекеттік аппарат та, қандай да бір саяси шешімдер мен экономикалық тетіктер де елімізді жаңартуға қауқарсыз» деген болатын. Ендеше, өркениетті Қазақстанды құру мақсатына жетудегі жаңа кезең болатынына ешқандай күмән жоқ және әрқайсымыз оған белсенді қатысуға күш-жігерімізді жұмсауға міндеттіміз. Демек, жемқорлықтың жолын кесу бағытындағы жұмыстар жалғаса бермек.

 

 

Оставить комментарий
Последние новости
      
ЭКОНОМИКА
16.05.2416:03
Доллар продолжает расти  
  
Все новости