– Өмірбек Қадырханұлы, 17 қараша – дүниежүзілік философия күні болып неліктен белгіленген? Атаулы күннің ерекшелігі мен маңызы неде?
– Бұл күн Біріккен ұлттар ұйымы жанындағы ЮНЕСКО ұйымының шешімімен «Бүкілəлемдік философия күні» ретінде əрбір жылдың қараша айының үшінші аптасының бейсенбісінде аталып өтеді. Оны осы ұйымға мүше 70- тен аса мемлекет атап өтеді екен. 2005 жылдан бері дүние жүзінде кəсіби философ-ғалымдар, осы саладағы педагогтар, студенттер, жалпы философияға қызығушылығы бар зиялы қауым назарынан тыс қалдырмай келе жатқан атаулы күннің бірі. Бұл күні философиялық проблемалар, философия тарихына арналған əртүрлі шаралар, кездесулер, дөңгелек үстелдер, семинарлар мен конференциялар ұйымдастырылады. Мақсат – əлемдегі ең ежелгі дүниетанымдық ғылым ретінде философияның адамзат өркениетіндегі маңызына, қазіргі замандағы философияның роліне қоғамның көңілін аудару, əлемдік философияның мол рухани даналығын игеруге жұртшылықты тарту. Сонымен қатар, заманауи көкейтесті мəселелерді шешуге философияның рухани тəжірибесін, əдістемелік амалдарын пайдалануға шақыру.
– Қазіргі заман – ақпараттық инновациялар заманы. Əп-сəтте-ақ қазіргі жаңалықтан өзгесі озып жатқан сəт. Сіздің пікіріңізше, ақпараттық технологиялар, интернет заманында философияның ролі қандай?
– Кезінде ғылым, қоғам дамыған сайын философияның проблемалары өзінен-өзі шешіледі деген секілді пікірлер болған. Бірақ, заманның дамуы, жоғары технологиялар, ғаламтор, басқа да заманауи жетістіктер адам мен қоғамның алдындағы философиялық, дүниетанымдық сұрақтарды көбейтпесе, азайта алған жоқ. Адам мен əлем, адам мен қоғам қатынасы бұрынғыдан гөрі күрделіленіп барады. Осы жағдайда философиялық сыни ойлау, еркін көзқарас, ақыл мен парасаттың мəні ерекше. Клод Леви Стросстың «ХХІ ғасыр гуманитарлық ғылымның ғасыры болады, əлде оның өзі де мүлдем болмайды» деген сөзі бар. Өткен ғасырдағы сұмдық саяси трагедиялар, осы ғасырдың жиырма жылының ішінде адамзат бастан кешкен түрлі қайшылықтар мен проблемалар белгілі ойшылдың осы ойын императив ретінде қабылдауды қажет ететін секілді. Бұл əсіресе, философияға қатысты тұжырым деп ойлаймын. Қазір кəсіби, психологиялық, адамның өзін дамытуға арналған əртүрлі тренингтер өте көп. Менің ойымша, олардың да əлдебір философиялық, антропологиялық маңызы бар. Себебі, ол осы қым[1]қуыт заманда адамның өзін дамытуына, кейбір өмірлік мəні бар сұрақтарды шешуіне жол іздеуге арналған. Əйтпесе, жоғарыдағы жетістіктердің бəрі адамды жетілдіруі керек еді ғой, бірақ олар дамыған сайын адами мəселе күн тəртібіне жиі шығатын болды. Сондықтан, антро[1]пологиялық дағдарыс заманы деп аталып жүрген осы дəуірде философиялық ойдың маңызы мен роліне біз қалың бұқараның назарын атаулы күні аударғымыз келеді.
– Тəуелсіздік жылдары еліміздегі философия ғылымының өркендеуіне қандай өзгерістер əкелді?
– Сұрағыңыз орынды. Еліміздің тəуелсіздік алуы барлық сала сияқты, отандық философия ғылымына да үлкен өзгеріс əкелді. Басқасын айтпағанда, ғылыми айналымға «қазақ философиясы» деген ұғымды енгізіп, оның бар екенін мойындаттық. Себебі, кейбір зиялылардың өздері «қазақта философия болды» дегенге қарсы болған еді. Қазақ халқының сонау ежелгі түркі дəуірімен сабақтасып келе жатқан мол даналығын игеруге, оны ғылыми тұрғыдан негіздеуге мүмкіндік туды. Қазақ философиясы кезінде солақай саясаттың құрбаны болған, шығармаларына тыйым салынған Шəкəрім сияқты ой алыбының еңбектерімен, өткен ғасырдың басындағы ұлт зиялылары, Алаш қайраткерлерінің ойларымен толықты. Кеңес кезінде негізінен орыс тілінен аударылған кітаптар мен оқулықтар болса, тəуелсіздік жылдары қазақ тіліндегі оқулықтар мен зерттеулер молайды. «Мəдени мұра», «Рухани жаңғыру» сияқты ауқымды мемлекеттік бағдарламалардың аясында қазақ халқының философиялық мұрасы, жер жүзіне танымал оқулық, кітаптар қазақ тіліне аударылды. Сондықтан, жастардың ана тілінде əлемдік философиямен танысуына барлық мүмкіндік жасалған.
– Философия сіздің таңдауыңыз ба еді? Жеке шығармашылық жұмыстарыңыз жайлы білсек...
– Жалпы, бұл ғылым кең ауқымды, көптеген саласы бар жəне заманның ағымына қарай жаңа бағыттары пайда болып, өзгеріске ұшырап отыратын ғылым. Ал, өзім ден қойып, жеке зерттеген бір бағыт – əлеуметтік миф мəселесі. Əдетте, миф, мифология дегенде бағзы заманның мифтері деген ұғымға еріп кетеміз. Бірақ, сол келмеске кетіп, тарих қойнауына енді деп саналған мифология əр заманда жаңаша бой көтеріп, ремифология процесі тоқтаусыз жүреді, яғни əр заманның, əр қоғамның өз мифі жетерлік. Əсіресе, мəңгілік саналған Кеңес империясының құлауы ХХ ғасырда билік құрған, талай қуғын-сүргін зардабына əкеліп соқтырған кеңестік идеологиялық, саяси мифологияның бетін ашты. Өткен ғасыр да, қазіргі заман да əртүрлі саяси, əлеуметтік, мəдени, діни жəне басқа да мифке толы. Интернет, əлеуметтік желі осы бір мифология туғызу жəне оны тарату процесін одан əрі күшейтіп барады. Қазіргі қауіптің бірі – тағы да қоғам мен адамға зардап əкелетін мифологияның пайда болуы. Күнделікті өмірде адамды, əсіресе жастарды адастыратын мифтер жетерлік. Ал, оның бəрінің ақиқатын ашу үшін қоғамға көп нəрсе керек, соның теориялық бастауы осы философия. Қарастырып жүрген тағы бір мəселем – техника философиясы. Адамзат өмір сүріп жатқан осы заманның ең басты жетістігін батыс ғалымдары сонау XVIII ғасырдан зерттей бастаған, оның тек жетістігі ғана емес, бойына жасырған қаупін де шамалаған. Адам мен техника қатынасы, адам əлемі мен техника əлемінің антропологиялық, этикалық қырларын зерттеу – маңызды сұрақтың бірі. Əңгіме – күрделі технологиялық, ғаламторлық заманда адами болмысты сақтауда. Адам технологияға əрі үмітпен, əрі күдікпен қарайды, бірақ «оның қайсысы басым шығады?» деген сұраққа тек адамның немесе қоғамның өзі ғана жауап табуы керек. Өйткені, болашақ сол жауаппен байланысты.