Сондай күндердің бірі – «Шымырлық пен шеберлік күні».
19 наурызға белгіленген бұл күн негізінен ұлттық спортқа арналады. Жер-жерде балалардың асық ату, лəңгі, бес тас, тоғызқұмалақ, дойбы, арқан тартыс, қап киіп жарысу, жаяу тартыс, садақ ату тəрізді ойындар ойнауына арналып арнайы орындар жасалады. Көпшілік үшін көкпар, бəйге, аударыспақ, қыз қуу, жамбы ату ойындары да ұйымдастырылады.
Бұл қатысушылардың ұлттық ойындарға деген қызығушылығын оятып, оларды шымырлық пен шыдамдылыққа, шеберлік пен əсемдікке баулиды. Қанмен бірге дарыған ұлттық қасиеттердің жанданып, рухтың жаңғыруына себепші болады. Тəн мен жанға жылылық сыйлайтын наурыздың айтулы күндері қалай ұйымдастырылады? Біз осы сауалды «Бұқаралық спортты дамыту спорт клубы» КММ директорының орынбасары Жеңіс Шалағұловқа қойдық.
– Жер-ананың бусанып, төңіректегі тіршіліктің жаңарған шағында тойланатын Наурыз мейрамының кең форматта ата-луы өте қуанарлық жайт. Соның ішінде атаулы күндердің бірін «Шымырлық пен шеберлік» деп атап, ол спорттың, соның ішінде ұлттық спорттың кең көлемде насихатталуына негіз бола бастағаны шаттығымызды одан сайын еселей түсті. Иə, бұл күні халқымыздың салт-дəстүрімен сабақтасқан байырғы ұлттық ойындарымыз жұртшылық назарына ұсынылып, тарихы тереңде жатқан сан түрлі ойындарымыз бұқара халықтың басты ермегіне айналады. Ең бастысы, халық төл өнерімен қауышады. Өздерінің білектің күшімен, найзаның ұшымен елін қорғаған батырлардың ұрпақтары екендіктерін іс жүзінде сезінуге мүмкіндік алады. Сол себепті, біз де осынау күннің аталып өтетінін естігелі бері қазіргі қалыптасқан жағдайларға қарамастан бұл күнді ескерусіз қалдырмаудың жолдарын қарастырудамыз. Осыған орай, 12 наурыздан бастап 18 жасқа дейінгі қала тұрғындары арасында лəңгі, тоғызқұмалақ, шахмат, гір тасын көтерудің онлайн жарыс түрін өткізудеміз. Жұртшылық қызығушылықпен қатысып отырған бұл жарыстардың жеңімпаздары алғаш тойланғалы отырған атаулы күні анықталады. Ал, санитарлық жағдай көпшілік жинауға мүмкіндік берсе, облыс орталығының жер-жерінде асық ату, лəңгі, арқан тартыс, қол күресі, садақ ату, гір тасын көтеру секілді ойындарды өткізуге ниеттіміз, – деді Жеңіс Есімғалиұлы.
Иə, қазақ халқы қашан да өз ұрпағының шымыр əрі батыл, төзімді əрі тəрбиелі болып өсуіне аса мəн берген. Сондықтан, тұлымы желбіреген балдырғанын тайға отыруға баулып, тұмшадай баланың тақым қыса тебінгенін көргенде төбесі көкке жетердей қуанушы еді. Жастайынан ат жалына жармаса өскен осындай жанның бірі, қазіргі күні жасы сексенге таяған байырғы бесаспап шабандоз Жақсылық Мұрыновқа жолығып, шымырлық пен шеберлікті бойға дарытудың сырын сұрадық.
– Шығыс халықтарының ортақ төл мерекесі Наурыздың біздің елімізде кең құлаш жая тойланатыны, жылдан-жылға мазмұнды болып өткізіліп отырғаны расымен де қуантып отыр. Əр күнге атау беріп, соның ішінде біреуін ұлттық спортымыздың дəріптелуіне арнауы орынды болыпты. Иə, қазақ халқы жас баланы қаршадайынан төзімділікке, ептілікке, еңбексүйгіштікке үйреткен. Буыны бекігеннен бастап құлын жетектетіп өсірген. Баули келе бəйгеге қосып, баланың бойында сенімділік пен шыдамдылық қасиетін қалыптастырған. Мен өзім жылқышының баласы болдым. Жылқы жанында ер жетіп, ат құлағында ойнайтын бозбала атандым. Бала кезімнен құлын мен тайды қолға үйретіп, өсе келе «Жіңішке жирен» атты тұлпарыммен бірнеше рет ат бəйгелерінде топ жардым. Кішкене кезімізден тұстастарымызбен асық ату, лəңгі тебу, жаяу жарыс, арқан тарту, тоғызқұмалақ ойындарын ойнайтынбыз. Топтаса жүріп «Қазақша күрес» үйірмесіне бардық. Қарап отырсам, осы дене жəне ой қимылдарына құрылған ұлттық ойындарымыздың бəрі біздердің шымыр да жігерлі, төзімді де талапты, ойшыл да Отаншыл болып өсуімізге негіз болған тəрізді, – деді ол.