[media=https://t.me/wakeupmyfriends/136785?single]
Кейбіреулерінің пайымдауынша, 11 қыркүйекте бірден бірнеше мемлекетте қорқынышты жағдай орын алады. Бұған себеп – Ресей, Украина және Беларусь елінде бірден бірнеше елді мекенде бір күнде Қала күнінің тойлануы. Пайдаланушылар мерекелер адамдарды бір уақытта бір жерге жинап, қатерлі жоспарды орындау үшін әдейі өткізіледі дейді. Бұл болжамдар негізсіз.
Сенбі күні, 11 қыркүйекте, Мәскеу, Омбы, Челябі, Оленегорск, Волгоград, Владимир, Николаев (Украина), Минск (Беларусь) және т.б. елді мекендерде Қала күні аталып өтіледі.
Мерекелердің осы күнге белгіленуі таңқаларлық жайт емес. Дәстүр бойынша Мәскеуде Қала күні қыркүйектің бірінші немесе екінші сенбісінде тойланады.
Минск қаласында мереке қыркүйектің екінші сенбісінде өткізіледі.
Николаев тұрғындары әдетте бұл күнді күздің екінші сенбісінде атап өтеді.
Волгоградта – қыркүйектің екінші жексенбісінде.
Карантиндік шектеулерге байланысты кейбір елді мекендерде Қала күні басқа күнге ауыстырылды. Билік сырқаттанушылық статистикасының төмендеуі мен шектеу шаралардың жеңілдетілуін күтті. Дегенмен, шаһарлардың көбінде бұқаралық іс-шаралар өткізілмейді, ал кейбір концерттер мен фестивальдер онлайн режимде ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, Ресейдің басым аймағында Қала күні аталып өткенін және іс-шаралардың 11 қыркүйекке ауыстырылмағанын ескергеніміз жөн. Мысалы, Нижний Новгород, Калуга, Орынбор, Ростов-на-Дону, Орск, Қазан, Екатеринбург және т.б. қалаларда мереке болып өтті.
Қала күнінің бірден бірнеше өңірде 11 қыркүйекке белгіленіп отырғаны кездейсоқтық жағдай. Оның үстіне, кейбір қалаларда мереке дәстүр бойынша қыркүйектің екінші аптасында аталып өтіледі және бұл күн де ерекше емес.
Бір жағынан, пайдаланушылардың қорқынышты «болжамы» 2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-та Нью-Йоркте болған терактіге байланысты. Террористер басып алған екі ұшақ Дүниежүзілік сауда орталығы мұнараларына соғылған. Нәтижесінде үш мыңға жуық адам қаза тауып, мыңдаған адам жарақат алды. Алайда, қастандық теориясын жақтаушылар болған оқиғаның теракт екеніне сенбейді. Атап айтқанда, Қазнетте тараған «сәуегейлікте» ғимараттар ішінен жарылған деп айтылады, өйткені видеода мұнараларға соғылған ұшақтар көрінбейді. Бұл олай емес. Деректі кадрларда әуе кемелері айқын көрінеді, сондай-ақ басып алынған ұшақтардың бортсеріктерінің авиадиспетчерлермен әңгімелерінің жазбалары да сақталған.
Қорыта айтқанда, ағымдағы жылдың 11 қыркүйегінде бірнеше елде орын алатын қорқынышты жағдайлар туралы «болжамдар» негізсіз. Олар әртүрлі қалалардағы мерекелерді кейінге қалдыру туралы манипуляциялық ақпараттарға және тарихтағы ең ірі теракті туралы қастандық теориясына негізделген.