RSS лента

Бұл сайлаудан қандай нәтиже күтуге болады?

  • 08.01.2021, 06:11,
  • 1 029
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Биылғы сайлаудың негізгі ерекшеліктері мен күтілер нәтижелер туралы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Өмірбек Бекежан айтып берді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

1.Биылғы сайлаудың басты ерекшелігі неде?

 

Мемлекет тарихында тәуелсіздік алғаннан бері өткізіліп отырған Парламенттің сегізінші сайлауының өзіндік ерекшелігі ретінде бірнеше фактор аталып жүр. Біріншіден, сайлаудың кезектен тыс емес, яғни, кезекті болуы. Екіншіден, пропорционалдық жүйе бойынша, әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота қарастырылуы. Үшіншіден, партиялық тізім бойынша дауыс беру. Тағы бір ерекшелік – сайлаудың әлемдік індет кезінде өткізілуі. Бұл тұтастай сайлау процесі үшін де, сайлаушылар мен билік үшін де сын. Сонымен қатар, осы жолы тек сайлау өткізу тәртібі ғана емес, жұмыс кезінде де бірнеше өзгерістер болатыны айтылды. Соның ең бастысы, Парламенттік оппозиция институтының болуы және оған бірнеше мүмкіндіктердің берілуі деп есептеймін. Әрине, оны уақыт көрсетеді.

 

2.Саяси науқан еліміздің сайлау жүйесіне қалай әсер етуі мүмкін?

 

Осынау саяси науқан елімізде қалыптасқан сайлау жүйесіне бірнеше жақтан әсер етуі мүмкін деп болжауға болады. Соның ішінде билік партиясы өткізген праймериз фактісінің өзі партияішілік болғанына қарамастан, елдегі демократиялық сипаттағы үрдістерді қалыптастыру және дамыту тұрғысынан белгілі бір дәрежеде қоғамдық сана мен азаматтардың белсенділігіне, басқа партияларға оң ықпал етті деп санаймын. Биылғы сайлаудағы дауыс берудің мажоритарлық жүйеден пропорционалдық модельге көшуі саяси партиялардың дамуына, олардың қоғамдық процестерге кеңінен ықпал етуіне мүмкіндік береді.Сонымен қатар белсенді тұлғалардың, саяси қайраткерлердің белгілі бір партиялар төңірегіне топталуы саяси партиялар қызметінің күшеюіне жағдай жасайды деген үміт бар. Сондықтан осы сайлаудан күтілетін бір нәтиже осы, егер ол демократиялық талаптарға сай, ойдағыдай өтсе еліміздегі саяси сайлау жүйесіне және демократиялық институттардың дамуына оң ықпал етері сөзсіз. Жоғарыда атап өткенімдей, сайлау жүйесіне тағы бір сын болатын фактор – пандемия. Белгілі бір шектеулерге және сынға қарамастан сайлаудың нәтижелі болуы енгізіліп отырған сайлау парадигмасының өміршеңдігін дәлелдер еді.

 

3.Жаңадан жасақталатын депутаттық корпустан не күтіледі?

 

Жаңадан жасақталатын депутаттар корпусына деген қоғамның және саяси күштердің талабы мен үміті осыған дейінгі депутаттар корпусына деген сыни пікірлер мен жалпы сайлаушылар көзқарасының қаншалықты өзгеріске ұшырауынан белгілі болады. Оны да уақыт көрсетеді. Дегенмен, қазірдің өзінде оның негізгі алғышарттары ретінде, Президент жариялаған «Беделді парламент» ұстанымына сәйкес келуі, партиялық фракциялардың белсенді қызмет атқаруы, парламенттік оппозиция институтының шынайы түрде ықпалды факторға айналуы, биыл арнайы квота алып отырған депутаттардың өздеріне деген сенімді ақтауы деген сияқты талаптар бар. Менің ойымша, депутаттар корпусындағы тәуелсіздік дәуірінде азаматтық позициялары қалыптасқан депутаттардың мемлекетшілдік, патриоттық ұстанымдары елдің саясиәлеуметтік дамуына жаңа импульс бермек.


Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости