Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі нарықты қамтамасыз етіп, отандық өндірісті қолдау сөз болды. Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков қазіргі таңда отандық азық-түлік бағасына әсер етіп отырған жайттарға тоқталды.
Сауда комитеті былтыр қаңтар айында құрылған. Оның құрылу мақсаты - отандық нарықтағы азық-түлік бағасына арнайы мониторинг жүргізу және осы бағытта басқа да құзырлы органдардың жұмыстарын үйлестіру. Мониторинг жүргізуден басқа, комитетке мемлекеттік атқарушы органдардан құзыреттіліктер берілді.
«Тиісті сауда дүкендеріне тексерумен шығамыз, болмаса шағым бойынша арнайы тексеру жүргізіп, іс-шара қолданып, дүкендерге айыппұл салып, ескерту жасаймыз. Электронды шот-фактураны талдап, тізбектерді қарап, тиімсіз делдалдарды анықтап, оларға да іс-шара қолданып жатырмыз», – деді Комитет төрағасы.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тежеу үшін Сауда комитеті Жол картасын бекіткен. Оның ішінде 17 іс-шара бар, сол бағытта жұмыстар атқарылуда.
«Қандай да бір проблемалар туындап жататын болса, біз өңірлерге шығып шаруалармен кездесеміз. Сондай проблемаларды шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге жұмыс жүргізіп жатырмыз» – деп нақтылады А. Әбілдабеков.
Оның айтуынша, өзімізге қажетті өнімдерді толықтай өзіміз өндіретін болсақ, баға тұрақты болар еді. Алайда, кейбір тауарлар бойынша біз көрші елдерге немесе басқа нарықтарға тәуелдіміз.
«Одан кейін қосалқы бөлшектері болады, қорабы болады, сол сияқты мәселелер әсер етеді. Себебі, валютамыз долларға қарағанда құбылып тұрады, ол да өз әсерін тигізеді. Мысалы, күріш өңдейтін зауыттар комбайндарымыз қымбаттап кетті дейді, сондай мәселелер көп. Мұның бәрі бағаға қатты әсер етеді», – деді сауда саласының өкілі.
Сонымен қатар спикер қазіргі геосаяси жағдайда байланысты тауарларды жеткізу тізбектерінің бұзылып, бұрынғыдай емес, айналып басқа жолдармен келіп жатуының да бағаға өз әсері барын айтты. Мысалы, бұрын қант шикізаты Ресей арқылы жеткізіліп келген болса, қазір Грузия арқылы келеді, әрі Грузия арқылы порттарда ұзақ тұрып қалып жатыр. Осындай көп мәселелер бағаға әсер етеді, деп түйіндеді ол.