Қазіргі жағдай мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев және т. б. баяндады.
Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімі 0,2%-ды құрады. Бұған жұмыртқа бағасының 1,3%-ға, сәбіздің 0,8%-ға және қанттың 0,7%-ға қымбаттауы әсер етті. Жұмыртқа бағасының ең көп өсуі Қарағанды (7,6%), Батыс Қазақстан (7,3%) және Ақмола (4,8%) облыстарында, сәбіз бойынша Алматы қаласында (4,5%), қант бойынша Қарағанды облысында (5,5%) тіркелді. Өңірлерде «айналым схемасын» қаржыландыру 4,4 млрд теңгеге артып, 45,1 млрд теңгеге жетті. Нысаналы деңгей 90,2%-ға қамтамасыз етілді. 306 мың тонна әлеуметтік маңызы бар тауарлар сатып алынды, бұл өткен аптадағы көрсеткішпен салыстырғанда 12%-ға артық.
Үш айлық кезеңге ӘМАТ-пен қамтамасыз ету еліміз бойынша 90%-дан асады (аптасына +17,6 п.т.), әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының барлық түрлері бойынша ең жоғары көрсеткіштерге Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында, Маңғыстау, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында қол жеткізілді. Өткен аптада Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өңірлік сауда желілерімен ӘМАТ-қа сауда үстемелерін 15%-дан 10%-ға дейін төмендету туралы монополияға қарсы комплаенстің 17 актісін жасасты.
Жалпы, республика бойынша монополияға қарсы комплаенстің 125 актісі жасалды. Премьер-Министр өңірлердің әкімдеріне «айналым» схемасын қаржыландыруды ұлғайту және өнімдердің үш айлық қорын ұсынылған көлемдерге дейін жеткізу, азық-түлік тауарларының өңіраралық үздіксіз ағынын ұйымдастыру, сондай-ақ сауда субъектілерінің бағаны сауда үстемесінен асыру фактілерінің жолын уақытылы кесу арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұруды күшейтуді тапсырды.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және жалпы инфляцияны тежеу мәселелері аса маңызды. Әрбір тауар позициясы бойынша жағдайды күнделікті бақылай отырып, жүйелі жұмыс жүргізу қажет» деді А.Мамин.
.