RSS лента

Енді баға бәсеңдей ме?(+фото)

  • 13.01.2023, 04:14,
  • 448
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ашық дереккөз

Сауда және интеграция министрлігінің былтырғы жұмысы қорытындыланып, алдағы жоспары талқыланды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен алқа мәжілісіне қатысушылар ішкі және сыртқы сауданы дамыту, өнеркәсіп кооперациясы және логистика, Ұлттық тауар өткізу жүйесін құру, цифрландыру және шикізаттық емес экспортты дамыту мәселелерін қарады.

Премьер-Министр өз сөзінде биыл сыртқы сауда айналымы мен ішкі сауданың оң динамикасын сақтай отырып, Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасында, Қазақстан халқына Жолдауларында және Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында белгілеген міндеттерін іске асыруға барлық күш-жігерді жұмсау қажеттігін атап өтті.

Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысқа ерекше назар аударды.

«Халық үшін бұл жұмыстардың маңызы өте зор және ол Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Баға белгілеуге көптеген факторлар әсер етеді, сондықтан делдалдық әрекеттерді анықтап, рұқсат етілген сауда үстемесінің сақталуына мониторинг жүргізу және бағаның негізсіз көтерілу фактілеріне қарсы шараларды күшейту қажет», — деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Премьер-Министр сауда алаңдарын одан әрі жаңғыртудың, заманауи форматтарды енгізудің және жаңа функционалды көкөніс қоймаларын салудың маңызды екенін атап өтті.

«Осы саладағы стандарттарды арттыруға ұмтылуымыз керек, өйткені бұл бағаны ұстап тұруға және адал кәсіпкерлердің табысын арттыруға ықпал етеді. Бұл бағытта жұмыс істейтін боламыз», — деді Әлихан Смайылов. 

Қорытындылай келе, Үкімет басшысы Ұлттық тауар өткізу жүйесін құру елдегі тауарлардың бағасы мен балансын талдаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті, бұл сауда процестерін жедел реттеу үшін өте қажет. Ә. Смайыловтың айтуынша, барлық сауда субъектісі қызметінің процестерін автоматтандыру және Ұлттық тауар өткізу жүйесін мемлекеттік органдар мен сауда қызметіне қатысушылардың ақпараттық жүйелерімен толыққанды интеграциялауды жүргізу маңызды.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости