Заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткеннен соң жүзеге асырылатындықтан, қарыздары бар, сол қарыздарын өтей алмайтын азаматтардың 2023 жылғы 3 наурыздан бастап банкроттыққа өтініш бере алады.
Банкроттық туралы заң рәсімнің үш түрін көздейді, олар – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Аталған рәсімдерге тек қарыз алушының өзі бастамашы бола алады, яғни кредитор борышкердің банкроттығына өтініш беруге құқығы болмайды.
Өтінішті тек борышкердің өзі egov.kz сайты, eGov Mobile, e-Salyq Azamat мобильдік қосымшалары, сондай-ақ жақын жердегі ХҚКО бөлімшесінде бере алады.
Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтініш беру үшін:
- азаматты соттан тыс тәртіппен банкрот деп тану туралы өтініш беру шарттарына сәйкестігін растау;
- тіркелген неке болған жағдайда жұбайының (зайыбының) ЖСН көрсету;
- кредиттері бар қаржы ұйымдары туралы мәлімет ұсыну;
- салық органын көрсету және құжаттардың көшірмелерін қоса беру;
- егер өтініш беруші АӘК алушы болса, құсбелгіні қою;
- егер міндеттемелерді орындау мерзімі 5 жылдан астам болса, құсбелгіні қою;
- өтінішке бір реттік парольмен немесе ЭЦҚ-мен қол қою;
- өтініш жіберілгеннен кейін жұбайы жеке кабинетте өтінімді келісу керек.
Қызметтің нәтижесі жеке кабинетте 15 жұмыс күні ішінде шешімге сілтеме түрінде пайда болады. Шешімді ҚР ҚМ сайтынан көруге болады. Соттан тыс банкроттық рәсім алты айға дейін созылады. Қызмет соттан тыс банкроттық рәсімін тоқтату туралы өтініш беруді көздейді.
Банкрот деп танылған қазақстандықтар 5 жыл бойы несие ала алмайды. Азамат банкрот деп жарияланғаннан кейін 3 жыл ішінде оның қаржылық жағдайы мониторингке жатады. Қайта банкроттыққа 7 жылдан кейін ғана жол беріледі.
Қосымша ақпарат алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ байланыс орталығына 1414 нөміріне хабарласуға болады.