БИЫЛДАН БАСТАП ЕЛДЕГІ ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫ МӨЛШЕРІ 42 500-ДЕН 60 000 ТЕҢГЕГЕ ДЕЙІН ӨСТІ. БҰЛ ШАРА РЕСПУБЛИКА БОЙЫНША 1,6 МИЛЛИОН ЖҰМЫСКЕРДІҢ, ОНЫҢ ІШІНДЕ 430 000 АЗАМАТТЫҚ ҚЫЗМЕТШІНІҢ ЕҢБЕКАҚЫСЫНЫҢ ҰЛҒАЮЫНА СЕБЕПШІ БОЛЫП ОТЫР. ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ ҚЫМБАТ ӘЛИАКПАРҚЫЗЫНЫҢ АЙТУЫНША, ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫ МӨЛШЕРІНІҢ ҰЛҒАЮЫ ЕЛДЕГІ БАРЛЫҚ ЖҰМЫСШЫ-ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ ЕҢБЕКАҚЫСЫ ӨСЕДІ ДЕГЕНДІ БІЛДІРМЕЙДІ. БҰЛ ШАРА, ЕҢ АЛДЫМЕН, ЖАЛАҚЫСЫ 60 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН ТӨМЕН АДАМДАРДЫҢ ТАБЫСЫН КӨТЕРУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН.
«Бюджеттік өтінім жинап жатырмыз»
– Біз қазір азаматтық қызметшілердің жалақысын көтеруге бюджеттік өтінімдер жинап жатырмыз. Оның негізінде 60 000 теңгеден аз алып келген қызметкерлердің айлығы биылғы 1 қаңтардан бастап көтеріледі. Еңбеккер жалақысының нақты мөлшері оның біліктілік санатына, жұмысының ауырлығы мен көлеміне, еңбек өтіліне байланысты. Жалақы осының бəрінің негізінде көтеріледі, - дейді департамент басшысы.
Сонымен қатар, азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын 2022-2025 жылдар аралығында 20%-ға арттыру шарасы да жүзеге асуы мүмкін. Ел Үкіметі азаматтық қызметшілердің жалақысын арттыру бойынша жұмыс жүргізіп келе жатқаны рас. Айталық, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап педагогтердің жалақысы кезең-кезеңімен арттырыла басталды. Мəселен, педагогтің жалақысы 2019 жылы 210 000 теңге болса, 2023 жылы ол шамамен 400 000 теңге болады. Осылайша, бас-аяғы төрт жылдың ішінде екі есеге өседі. Өздеріңізге белгілі, өткен жылдан бастап əлеуметтік сала қызметкерлері мен медицина қызметкерлерінің жалақысы 2023 жылға дейін кезеңкезеңімен арттырылмақ.
115 000-нан 215 000 теңгеге дейін...
Қай кезден бюджеттік сала қызметкерлерінің табысы аз саналады. Сол себепті оларды əлеуметтік тұрғыда барынша қолдау қажет. Кеңестік дəуірдің өзінде оларға кезекпен тегін баспана беріліп, ауылдық жерлерде отын-сумен қамтылды. Сол тұста бюджеттік қызметкер саналатын медбикелердің жалақылары өте төмен болатын. Бұрын медбикелер 115 000 теңге айлық алып келсе, 2023 жылға қарай олардың жалақылары 215 000 теңгеге дейін өспекші. Ал, əлеуметтік қызметкерлер жалақысы көтерілгенге дейін 94 000 теңге алса, 2023 жылға қарай олардың еңбекақысы 248 000 теңгеге жоғарылайды. Осындай əлеуметтік қорғау шаралары шамамен 600 000-дай азаматтық қызметшінің табысына оң əсер етеді. Алайда, осы өзгерістерге ілінбей қалған санаттар да баршылық. Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында сол санаттағы қызметкерлердің еңбекақысын көтеру қажеттігі айтылды. Осылайша, Жолдау аясында, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап бухгалтер, бағдарламашы, техникалық маман, мұражай қызметкері, мұрағатшы, кітапханашы секілді жалпы қызмет салаларының өкілдерінің де жалақылары өседі. Мəселен, кітапханашылардың айлығы қазір 89 000 теңге болса, осыны біртіндеп көтерудің нəтижесінде 2025 жылға қарай ол 178 000 теңгеге жетеді.
Еңбек өтілі де ескеріледі
Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігі азаматтық қызметшілердің жалақысын арттыру, сонымен бірге, олардың жалақысын реттеу жөніндегі «Жол картасын» əзірледі. Департамент директоры Қымбат Əлиакпарқызының айтуынша, санаттарда азаматтардың табысын көтеру жөнінде есептер əзірленуде. Оның нəтижесінде мамандардың айлығы кезең-кезеңмен көтеріледі. «Қазақстанда 1,2 миллионға жуық азаматтық қызметші бар. Оның 600 000-ы бұған дейін айлығы өсірілген педагогтер мен дəрігерлердің, əлеуметтік қызметкерлердің санатына жатады. Қалған 600 мыңдайының табысы ол кезде өзгеріссіз қалған еді. Жалпы азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу туралы арнайы қаулы бар. Сол қаулыда жұмысшылардың санаттары «басқарушы», «негізгі персонал», «əкімшілік персонал», «жұмысшы мамандықтар» деп белгіленген. Бұрын біз басқарушы қызметкерлердің жалақысын көтерсек, бұл жолы техникалық жəне жұмысшы мамандық иелерінің (жүргізуші, тазалықшы, санитарлар, күтушілер) айлығын өсіру қолға алынады. «Бірыңғай жалақы болады» дегенмен, бұл жерде де еңбеккердің еңбек өтілі ескеріледі» деді департамент басшысы.
Есептеулер біткен соң деректердің бәрі Қаржы министрлігіне енгізіледі екен. Соның негізінде жоба дайындалып, республикалық бюджет комиссиясы мен Үкіметтің қарауына ұсынылады.