Тағы бірі талап — кәсіпорынның штат санын оңтайландыру кезінде Қытай азаматтары мен басқа да шетелдік жұмысшылардың санын қысқарту.
Тараптарды татуластыру комиссиясының жұмысына бақылаушы болған Маңғыстау облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Шадрах Ермекбайұлы келіссөз жүргізу оңайға соқпағанын айтады.
«Келіссөздердің барлық кезеңінде Маңғыстау облысының Кәсіподақ орталығы еңбек дауы тараптары арасында консенсусқа қол жеткізу бойынша бірқатар маңызды шара қабылдады. Біздің басты міндетіміз – қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау және олардың әлеуметтік-экономикалық қорғалуын қамтамасыз ету» деп атап өтті ол.
Нәтижесінде, 1 қыркүйектен бастап жұмысшылардың жалақысын 25%-ға көтеру туралы шешім қабылданды, ал 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап сауықтыруға 75 АЕК (218 775 теңге) көлемінде төлем жүргізілетін болады.
«Тараптар серіктестіктің қызметкерлеріне жылдық инфляция деңгейі мөлшерінің 50% мөлшерінде штат кестесіне сәйкес есептелген сомадан жалақы мөлшерін жыл сайын арттыру туралы уағдаласты. Өз кезегінде компания қызметкерлері заңсыз ереуілдер өткізбеуге уәде берді» делінген хабарламада.
Кәсіподақтар федерациясының мәліметінше, биылдан бері барлығы елуден астам еңбек жанжалы шешілген. Оның 17-сі Маңғыстау облысында өткен.