Бұл туралы Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Қоғаммен байланыс тобы мәлім етті. Биыл 11 қаңтарда сағат 3:20-да облыстық ТЖД күштерінің көмегімен 1984, 1986, 1996 жылдары туған азаматтар Қызылқоға ауданының «Ораз мола» орнынан (Мақат ауданы Доссор поселкесінен 120 км қашықтықта) аман-есен табылды.
Еске салайық, жоғалған азаматтардың туыстары облыстық ТЖД аумақтық бөлімшелерінің көмегіне 10 қаңтарда сағат 00:00-де жүгінген болатын. Құтқарушылар дереу іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісті. Құтқару жұмыстары жаяу, автокөлік және аэровизуалды іздеу ("Қазавиақұтқару"АҚ экипажы тартылды) тәсілдерімен жүргізілді. Жел екпіні 15-20 м/с, ауа температурасы -20 градус болса да, жұмыс тоқтамады. Тіпті, түнгі уақытта да жалғасты. Құтқарушылар, полиция қызметкерлері, еріктілер мен жоғалғандардың туыстарынан тұратын үш топ облыс елдімекендерін, қыстақтар мен автожолдарды қарап шықты.
Бірлескен жұмыс нәтижесінде 11 қаңтарға қараған түні сағат 03:20-да жоғалғандар табылып, қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Олардың жағдайы тұрақты, медициналық көмекті қажет етпеді. Іздестіру-құтқару жұмыстарына облыстық ТЖД (18 жеке құрам мен 5 техника), еріктілер мен жоғалғандардың туыстарынан 27 адам, 6 техника жұмылдырылды.
Осы орайда, мамандар дауыл туралы ескертулерді ескеріп, алыс сапарға шықпауға шақырады.