Облыс әкімінің баспасөз қызметі өңірдегі құрғақшылықтың салдарынан көптеген фермерлердің малды азықтандыруға мүмкіндігі жоқ екенін растады.
Аталған мәселе Ақтөбе облысының фермерлерінен шөп жеткізу және жайылымдар мен шабындықтарға жер беру арқылы шешіліп жатқан көрінеді. Сонымен қатар, жергілікті бюджет малдың жеміне 200 миллион теңге бөліпті.
Маңғыстаулық фермерлердің бірі түсірген видео барлық әлеуметтік желіге тарап үлгерген. Роликтің авторы түйелерді картонмен тамақтандыру, құрғақшылыққа байланысты жемнің жоқтығы туралы айтады. Кейбір жануарларға тіпті картон да жетпейтін көрінеді. Бейнероликте қоқыс жәшігінің жанында жайылып тамақ іздеген сиырлар мен жылқыларды көруге болады.
Жергілікті әкімдік өкілдері өңірге жем-шөп жеткізіліп жатыр деп сендірді.
«Біз облысымыздың әрбір тұрғынының іс-әрекетіне түсініктеме бере алмаймыз. Олар не істеу керектігін өздері біледі. ИЯ, бізде биылғы жылы құрғақшылық мәселесі болды. Бірақ қазіргі уақытта өңірге жем-шөп жеткізілуде. Ақтөбе облысының кәсіпкерлері шөп әкеліп жатыр. Маңғыстау малшыларына жайылым және шабындық үшін жер учаскелерін беру келісілді. Жем – шөп қорын қалыптастыру мақсатында жергілікті бюджеттен 200 миллион теңге бөлінді» деді Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, екі апта бұрын Маңғыстау облысының даласында аштықтан мыңнан астам жылқы қырылды. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде еріктілер құтқаруға тырысқан жануарлардың суреттері мен видеолары тарады. Жергілікті фермерлер үлкен шығынға ұшырағандарын айтып мемлекеттен көмек сұрап отыр.