RSS лента

«Трамп қабырғасына» бөлінген ақша әскери күштерге қайтарылды

  • 15.06.2021, 16:41,
  • 363
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі «Трамп қабырғасына» бөлінген 2,2 миллиард долларды елдің әскери бюджетіне қайтарды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

АҚШ Сенатының мәліметінше, нысанның құрылысына жалпы 16,45 миллиард доллар бөлінген. Оның 5,8 миллиардын Конгресс берct, қалған бөлігі қорғаныс бюджеті мен Қаржы министрлігінен тартылған. 2019 жылдың шілдесінде Жоғарғы Сот Пентагон бюджетінен осы қабырғаны салуға 2,5 миллиард доллар жұмсауға рұқсат беріпті.

 

Трамп 2021 жылдың қаңтарында президенттіктен кеткен кезде билік қабырға құрылысына 6,1 миллиард доллар жұмсаған.

 

Байден әкімшілігі «Трамп қабырғасын» салуға бөлінген 2,2 миллиард доллар Пентагонға қайтарылады деп мәлімдеді. Қаражат 11 штаттағы, үш аумақтағы және 16 елдегі 66 әскери жобаға жұмсалады деп жоспарлануда. Пентагонға қайтарылған ақшаның бір бөлігі, атап айтқанда, Солтүстік Кореяның баллистикалық зымырандарынан қорғау аясында Аляскадағы зымыран базасын кеңейтуге (10 миллион доллар) және Германиядағы АҚШ әскери қызметшілерінің балаларына арналған Spangdahlem бастауыш мектебін қаржыландыруға (79 миллион доллар) жұмсалмақ.

 

Биліктің айтуынша, Трамп билікте болған кезде 84 шақырым қабырға салынған. Нысанның кейбір учаскелері америкалық салық төлеушілерге бір шақырымға 46 миллион шығын әкелген.

 

Ақ үй «Трамп қабырғасы» жобасы есірткі контрабандасы, адам саудасы және басқа да нақты қауіпсіздік мәселелерін шешуден назар аударатындығын атап өтті. Шенеуніктер мұндай қабырға салуға миллиардтаған доллар жұмсау федералды қаражатты жауапсыз пайдалану деп отыр.

 

Естеріңізге сала кетейік, қабырға салу идеясын Трамп сайлау науқаны кезінде бастаған болатын. Ол Мексиканы құрылысқа кеткен қаржыны төлеуге мәжбүр етемін деп уәде берген, бірақ ол жоспары орындалмады.

 

Джо Байден билікке келгеннен кейін бірден нысанды қаржыландыруды тоқтатты.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости