Жоспар бойынша жақын арада Шанхайлық Фудань университетінің филиалы ашылуы тиіс. Бір қызығы, Қытай компартиясының толық бақылауында болатын оқу ордасына жергілікті салық төлеушілердің ақшасы жұмсалмақ. Бір сөзбен айтқанда, бұл – азиялық алпауыт мемлекеттің көңілінен шығу. Өйткені, Бейжіңнен бір жарым миллиард доллар қарыз алған билігіне мажар халқы қалай өкпелесе де, жарасқандай еді.
Наразы болғандардың басы-қасында Будапешттің мэрі де жүр. Жалпы, жұрт оны келесі сайлауда қазіргі премьер-министр Виктор Орбанға негізгі қарсылас атануы мүмкін саясаткерлердің бірі ретінде таниды.
«Біз мына жобаны тоқтатамыз. Билік белгілі бір топтардың ғана жағдайын оңалту мақсатында көпшіліктің көңілінен шыға бермейтін, тіпті халық үшін зиянды жұмыстармен айналысып жатыр. Алған бетімізден таймаймыз», — дейді Будапешт мэрі Гергей Карачонь.
Ол осыған дейін де Қытай саясатына түбегейлі қарсылығын білдіріп, ашықтан-ашық әрекетке көшкен еді. Қытай халық Республикасының елшілігі орналасқан маңдағы көшелерге жаңаша атау беріп тастаған. Мысалы, қазір қаладан Далай-Лама, Азап шегуші ұйғырлар және Еркін Гонконг көшелерін кездестіруге болады. Бейжің оған «лайықты жеккөрініш» деп қана жауап берген еді.