– Біз тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойдық, шекара мәселесін толық шештік. Біздің қарым-қатынасымызда ешқандай түйткіл болған жоқ, әрі қарай да солай жалғасуы керек. Қазақстан Қытайдың біраз бастамаларын қолдайды. Соның бірі — «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының жүзеге асуы. Оны Қытай Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан жерінде жариялаған болатын. Біз талай шаруа атқардық, әлі де көп жобалар бойынша жұмыс жүргізілуде.
Си Цзиньпинге жылы лебізі үшін алғысым шексіз. Мен ШЫҰ құрылуының бастауында болдым. Ұйымды сақтау және одан әрі дамыту керек деп санаймын. Жаһандануға қатер төніп тұрған қазіргі кезде ШЫҰ және «Бір белдеу, бір жол» интеграция идеясын ұстанатын көптеген халықтар үшін тығырықтан шығудың жолы болып отыр, – деді Елбасы.
Өз кезегінде Қытай Халық Республикасының сыртқы істер министрі Ван И Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының әрі қарай да тереңдей беретініне сенім білдірді.
– Жақында Қазақстан өз тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеді. Сіз оған қол жеткізудің бастауында тұрдыңыз. Осы жылдар ішіндегі Қазақстанның табысты дамуы бәрімізді тәнті етеді. Осы жетістіктің бәріне Сіздің арқаңызда қол жеткізілді. Сіздің жетекшілігіңізбен Қазақстан өсіп-өркендеді. Өз еліңіз үшін және біздің мемлекеттеріміздің арасындағы тату көршілік қатынастарды дамыту үшін біраз шаруа атқардыңыз. Қытай халқының Сіз сияқты сенімді досы бар. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы дәл осы жерде – Қазақстанның астанасында бастау алғанын ешқашан ұмытпаймыз, – деді ол.