RSS лента

Әлем Израильге неге наразы?

  • 11.05.2021, 11:30,
  • 399
  • 0
  • Автор: AmandyqAudaru
Автор фото: әлеуметтік желі

Израиль полицейлері мен палестиналықтардың арасында болған қақтығыстан 120 адамдай зардап шекті, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

7 мамыр күні ебірей сотының шешімімен бірнеше араб отбасы Шейх-Джарре ауданынан көшірілетін болған. Осы жағдайдан кейін халық арасында толқу болып, ол жаппай наразылыққа ұласты.


БҰҰ Бас хатшысы Гутерриш Шығыс Иерусалимде Израиль күштік құрылымдарының тарапынан жиі болатын зорлық-зомбылықты тоқтатуға шақырды. Ол Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты жақын арада ұйымның Қауіпсіздік Кеңесін өткізетінін де мәлімдеді. Сондай-ақ, ЕуроОдақ та екі жақтың ортақ келісімге келуін талап етуде.


«Өзімнің пікірімше, дәл қазіргі уақытта Шығыстағы жанжалды тоқтатуға күш салуымыз керек. Ол үшін екі тарапты ымыраға келтіру – міндет. Зорлық-зомбылық жүрген жерде бейбіт өмір орнамайтынын білген жөн. Мұндай жағдайдың алдағы уақытта да қайталанбасы үшін қолдан келетін барлық мүмкіндікті пайдалануымыз керек», — дейді Португалияның Сыртқы істер министрі Аогушто Сантуш.


Палестиналық Қызыл жарты ай ұйымының дерегінше, әл-Ақса мешітінде 300-дей араб әртүрлі дәрежедегі жарақат алған. Сондай-ақ, ебірей полициясының да зардап шеккені айтылады.


Израиль құқыққорғаушылары өздеріне қарсы тас лақтырған палестина халқына көзден жас ағызатын газ қолданған.


Сондай-ақ, әлеуметтік желіде наразы топтың ортасына кіріп келіп, бір адамды қағып кеткен көліктің видеосы кеңінен тарап кетті. Оны бір тарап қасақана істеді десе, екіншілері жүргізушінің жауған тастан қорғана жүріп, абайсызда сол жағдайға тап болғанын айтуда.

Арада 1-2 күн өткенде Газа Секторындағы жағдай тіптен ушығып кетті. Израиль әскерилерінің әуе соққысынан кем дегенде 20 палестиналық қаза тапқан. Оның тоғызы – сәби. ХАМАС қозғалысының өкілдері ебірей билігі жасап жатқан зорлық-зомбылыққа қарсы 45 зымыран атты деген қауесет тарады. Израиль әскері соған қарсы күш қолданған.


Ескі қалада өтуі тиіс еврей ұлтшылдарының жыл сайынғы шеруі осы жағдайдан кейін өтпейтін болды.


«Израиль билігінің палестиналық отбасыларды Шейх-Джарре және Шығыс Иерусалимнің басқа да аудандарынан көшіруі бізді шынымен алаңдатады. Өзім тағы да қайталап айтамын, мұндай әрекет халықаралық гуманитарлық құқыққа қайшы келеді. Сондай-ақ, әлемдегі шиеленісті одан әрі күшейте түседі», — дейді, ЕО Сыртқы істер қызметінің басшысы Жосеп Боррелл.


Ал Израиль әскері қорғанып қана жатқанын айтып безек қағуда. Премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың айтуынша, ХАМАС қозғалысының зымыран атқылауы «қызыл сызықтан» асып кеткен. Бірақ ебірей тарапынан зардап шеккендер туралы мәліметтің жоқтығы әлем жұртшылығының күмәнін тудырып отыр.

ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ:
Оставить комментарий
Последние новости