Биыл 14 сәуірде Құрманғазы ауданының Көптоғай ауылында Қазақстан мен Ресей шекарасында жаңа шекаралық қоршау салу жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта 2005 жылғы 18 қаңтарда Мәскеуде қол қойылған “Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісімі” бойынша екі ел арасында шекара белдеуі орнатылуда. Ал, демаркациялық жұмыстары әлі аяқталған жоқ.
"Шекара аумағында жаңа қоршаулар тұрғызу жұмыстарын «2016» әскери бөлімі жүргізуде. Бұл жұмыстар қазір емес, бұрын басталуы тиіс еді, бірақ әртүрлі себептермен жүргізілмей келді. Тек биылғы жылдың 14 сәуірінде шекарашылар құрылыс жұмыстарына кірісті. Шекара қоршауы жұмыстары жүргізілмес бұрын, 13 сәуірде әкімдік, шекара қызметі мен құқық қорғау органдарының өкілдері Көптоғай ауылының тұрғындарымен кездесіп, жұмыстардың заңдылығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын. Алайда, сондай-ақ шекара қызметі мен құқық қорғау органдары да жасалып жатқан жұмыстардың заңдылығын ұғындырды" деді Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мұрзиев.
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері түсіндіргендей, «2013 жылдың мамыр айында орнатылған №23 және №24 шекаралық белгілер арасындағы металл қоршаулар РФ аумағына қарай 10-70 метрге аралықта орналасқан».
Қазіргі уақытта Ресей Федерациясының аумағында орналасқан ұзындығы 1800 метр қоршауларды тұрғызу үшін инженерлік жұмыстарды Көптоғай ауылында жүргізіледі.
Ал, Атырау облысы, Құрманғазы ауданына қарасты Көптоғай ауылында орын алып жатқан көтеріліс туралы ақпаратты ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті жоққа шығарды. Әлеуметтік желілерде тарап жатқан видео – Маңғыстау облысында өткен «Қалқан – 2021» әскери жаттығуында түсірілген кадрлар.
«17 сәуір күні кей электронды ресурстарда Көптоғайдағы көтеріліс туралы жалған ақпарат таратыла бастады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтындығын ресми түрде мәлімдейді. Видеода Маңғыстау облысында өткен «Қалқан – 2021″ әскери жаттығуындағы кадрлар пайдаланылған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті жалған ақпарат таратпауға шақырады» деп нақтылады Ұлттық қауіпсіздік комитеті.
Сонымен, Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Көптоғай ауылында орын алып жатқан жағдайға түсінік берген ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Атырау облысы бойынша департаменті өкілі Ардақ Әмірғалиевтің мәлімдеуінше, Қиғаш жағалауында 1995- 1996 жылы уақытша тұрғызылған шекаралық қоршауды жылжыту мәселесі жергілікті тұрғындар арасында түсініспеушілік тудырған. Әңгіме 2005 жылғы 18 қаңтарда Мәскеуде қол қойылған “Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісіміне” байланысты туындап отыр.
«Демаркация бір жылда бітпейтін ұзақ мерзімді процесс, қазіргі таңда ол жұмыстар аяқталған жоқ. Демаркация кезінде өткен жылы қазақстандық және ресейлік жұмыс тобы 1995- 1996 жылы уақытша тұрғызылған шекаралық қоршаудың Ресей Федерациясына тиесілі территорияда орналасқанын анықтаған еді. Қоршаудың шамамен ұзындығы 1500 метр, тереңдігі 10-70 метр аралығында (жарты арал іспетті). 2005 жылғы 18 қаңтардағы екі ел арасындағы келісімге сәйкес, қоршау тиесілі орында орнатылуы үшін, оны қазақстандық территорияға қарай жылжыту қажет. Қазақстандық шекарашылар күні бүгінге дейін осы мәселемен айналысып келді. Алайда, жергілікті тұрғындар жағдайды басқаша қабылдап, шекарашылар орнатып жатқан қоршауға қарсылық білдіріп отыр. Мәселе екі мемлекет арасында келісілген нормативтік құжатта көрсетілген қоршауға байланысты болып отыр. Және қоршау ұзындығы 1500 метр учаскеге байланысты. Бұл жерде қазақстандық территорияны Ресейге беру деген мәселе жоқ» деп нақтылады спикер.
Оның үстіне, егер, аталған учаске шаруашылық немесе басқа мақсаттағы жер болса, демаркация процесінде мұндай мәселені екіжақты келісім арқылы шешуге болады. Халықаралық қатынастарда бұл кеңінен тараған тәжірибе, ол үшін белгілі бір құқықтық процедураларды жүзеге асыру керек. Және ол мәселелер жергілікті атқарушы органдар (әкімдік), Үкімет, Сыртқы істер министрлігі арқылы шешіледі.
Қорыта келгенде, 19 сәуірден бастап Көптоғай селосындағы учаскеде қоршауды жылжыту жұмыстары жағдай реттелгенге дейін уақытша тоқтатылады.