"Қазақстан – бейбітшілік пен тұрақтылықты қалайтын мемлекет. Бірақ, ұлттық мүддеге нұқсан келтіретін кез-келген әрекетке тойтарыс бере аламыз. Соңғы уақытта жер жүзінде түрлі қақтығыстар көбейіп кетті. Сарапшылар алпауыт мемлекеттер арасындағы тартыстарды қырғи-қабақ соғыс кезеңіндегі ахуалмен теңестіруде. ТМД аумағында, тіпті, іргелес көрші елдерде жанжалдар пайда болып жатыр. Ескі дауларға қазіргі түйткілдер қосылып, жағдай күрделене түсті. Бұл – бәрімізді алаңдатып отырған мәселе. Сондықтан арқаны кеңге салмай, ұлттық қорғаныс ісінде темірдей тәртіп сақтауымыз керек. Біздің әскеріміз және барлық Күштік құрылымдар сырттан келген қауіп-қатерге тойтарыс беруге әрдайым сақадай-сай дайын болуға тиіс. Қазір бүкіл адамзатқа коронавирус дерті қатер төндіріп тұр. Індетті тоқтатуға әскери қызметшілер мен күштік құрылымдар бір кісідей жұмылды. Соның арқасында ахуал айтарлықтай тұрақтанды.
Мерекеге орай, менің Жарлығыммен бір топ азамат жоғары мемлекеттік наградаға және әскери, арнаулы атаққа ие болды. Осы сапта Қарулы Күштердің және құқық қорғау саласының, арнайы органдардың өкілдері бар. Мысалы, полиция аға лейтенанты Нұржан Кәкеев ауыр жарақат алғанына қарамастан, қарулы қылмыскерді дер кезінде қолға түсірді. Ол бүгін екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталады. Өрт кезінде жалыннан қаймықпай, батырлық танытқан бір топ азамат «Ерлігі үшін» медалімен наградталады. Олар – полиция аға лейтенанты Дархан Әбдікәрімов, өрт сөндіруші-құтқарушылар Владимир Беляков пен Айдархан Кемаладинов, полиция аға лейтенанты Дәурен Нәрікбаев және әділет кіші сержанты Абылай Төлеев. Сондай-ақ, десанттық-шабуылдау батальонының командирі Жасұлан Байбарақов әскери дайындықтың үздік үлгісін көрсеткені үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталады" деді Президент.