ІІМ 25 мамырда Алматы облысындағы блок-бекетте болған қайғылы оқиғаның себеп-салдарын анықтады. Осы оқиғада екі полиция қызметкері қаза тапқан болатын.
«Тексеріс кезінде жеке құрам арасында алдын алу жұмыстарын жүргізуде олқылықтар болғаны анықталды. Тәртіп бұзған қызметкерлерге қатысты дер кезінде тиісті шаралар қолданылмаған. Сонымен қатар, БАҚ-қа ақпаратты бұрмалап ұсыну фактілеріне баға берілді», - делінген хабарламада.
Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы Қ.Д.Таймерденовке сеніп тапсырылған бөлімшенің қызметін ұйымдастырудағы кемшіліктері үшін қатаң сөгіс жарияланды.
"Әрбір басшы өзінің қарамағындағыларға жауапты. Ол жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты сақтауды қамтамасыз етеді. Бұл жұмыс Алматы қаласының Полиция департаментінде тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған. Нәтижесінде біз бірден екі қызметкерден айырылып қалдық, бір қызметкер ауыр дене жарақатын алды. Біздің барлығымыз үшін, әсіресе, туған-туысқандарымыз үшін бұл – үлкен қайғы-қасірет және орны толмас қаза. Сондықтан бұл төтенше жағдайға жол берген басшыларға тиісті шаралар қабылданды. ІІМ басшылығы алдағы уақытта да қызметтік тәртіпті сақтауды қатаң талап етіп, полиция қызметкерлерінің кез келген тәртіп бұзушылығына принципті баға беріп, жаңа жағдайда жұмы істегісі келмейтін немесе жұмыс істей алмайтын адамдардан өз қатарын тазалайтын болады", – деп атап өтті Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Тұрғымбаев Алматыдағы блокпостта болған оқиғадан кейін үш полицейді жұмыстан шығарды