Атырау облысы төтенше жағдайлар департаменті мәліметіне сәйкес, Ж. Жаскеленов көшесі, 23 үйдің шөп қорасынан өрт шыққандығы туралы хабар кешкі сағат 19.27 шамасында түскен. Жергілікті өрт сөндіру бөлімінің жұмылуымен жалын 23.07 сағатта өшірілген. Кейін шөп қораның бұрышынан үш жас баланың сүйегі табылған. Қазіргі таңда балалардың сүйегі сот-медициналық сараптамаға жөнелтілді.
Атырау облысы полиция департаментінің хабарлауынша, сүйегі табылған балалар 2012, 2014 жылдары туылған И. М., Н.Б., Р.С. есімді сәбилер болуы мүмкін деген болжам бар. Себебі, 5 қазан күні 21.40 шамасында Махамбет аудандық полиция бөліміне 2012, 2014 жылы туылған балалардың ойнауға шығып кетіп, үйге оралмағандығы туралы хабар түскен.
"Балаларды іздеу жұмысына жергілікті полиция, Ортақшыл ауылының тұрғындары және Атырау қаласынан келген еріктілер жұмылды. Алайда, іздестіру шаралары нәтиже берген жоқ" делінген Атырау облысы полиция департаменті таратқан жедел мәліметте.
Атырау облысының әкімі өрттен қаза болған балалардың отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Махамбет ауданы, Ортақшыл ауылында болған қайғылы жағдайға байланысты, қаза болған бүлдіршіндердің отбасына қайғырып көңіл айтамын. Бұл – тұтас халық ауыр жағдайда қабылдап отырған қасірет. Қаза болған балалардың отбасыларына Атырау облысы әкімдігі тарапынан материалдық көмек көрсетілетін болады.
Қазаның арты жарассын» делінген көңіл айту жедел хатында.