RSS лента

Жұмысшы мамандықтар жылы: ветеринар болу оңай ма?

  • 14.11.2025, 09:19,
  • 71
  • 0
  • Автор:
Автор фото: бейнежазбадан скриншот

Жұмыстың жаманы жоқ. Ең бастысы, ел игілігі жолында ерінбей еңбек еткен адам түбінде жоғары жетістіктерге қол жеткізері айтпаса да белгілі. Бұл – біздің бүгінгі кейіпкеріміз, білікті мал дәрігері Самат Аманғалиевтың да берік ұстанымы, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Қырық жыл – бір салада

 

Биыл мамыр айында оның осы салада табан аудармастан аянбай адал қызмет қылып келе жатқанына тура қырық жыл толған екен. Өзінің айтуынша, оның бұл мамандықты таңдауына ата-анасының ықпалы болғанға ұқсайды. Себебі, әкесі ұжымшарда жылқы бағыпты. Сөйтіп, сегізінші сыныпты бітірген бозбала бірден ауылшаруашылық техникумына оқуға түседі...

 

«Мен 1979-1983 жылдар аралығында техникумда малдәрігерлік білім алдым. Алғашық еңбек жолымды «Коммунизм жолы» кеңшарында бастадым. Кейін әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышымды өтедім. Одан оралған соң, сол кездегі Теңіз аудандық мал бордақылау бірлестігіне мал дәрігері болып жұмысқа орналастым» дейді ол.


 

Кейіпкеріміздің бұл саламен қоштасуға сәл қалған кездері де болған. Бірақ, ветеринарияға деген ерекше қызығушылығы мен зор жауапкершілігінің арқасында ол әлі де болса осы салада жемісті жұмыс жасап келеді.

 

«Ұжымшарлар мен кеңшарлар тарап, өндіріс тоқтап, тұрмыс тоқыраған сәтте мен де қызметтен қысқарып қалдым. 1996-1997 жылдары түрлі шаруашылықтарда мал дәрігері болып жұмыс жасап, амалын жасадым. Ал, 1998 жылы мұнай саласында еңбек етуге шақырту алдым. Қажетті құжаттардың бәрін дайындап, жаңа жұмысқа енді ғана кіріскелі жатқанда, аудандық ветеринариялық станса басшысы хабарласып, мені жұмысқа шақырды. Мен ойланбастан келісе кеттім. Өйткені, бұл – менің жүрек қалауымен таңдаған мамандығым еді» дейді ол.



«Дорба арқалап, қора аралап жүрмейміз»

 

Иә, өз қызметін жан-тәнімен сүйе білген адам ғана халқына қалтқысыз қызмет ете алады, елдің аманатын ақтап, сенімін сақтайды. Ендеше, Самат ағамыз да дәл осындай жандардың бірі десек, артық айтқандығымыз емес. Өз кезегінде ол қазіргідей таңдай қақтырар технология жоқ және күнкөріс деңгейі төмен болған заманда еңбек жолын бастағанына еш өкінбейтінін айтады. Керісінше, қиын уақытта мықты тұлғалар туылады емес пе?

 

«Алғашқыда айлық табысымыз 3 мың теңге ғана болды. Соны да ала алмай жүрген кездер болған. Кейін 2000-жылдары үкімет тиісті қаулы қабылдап, лицензия алу арқылы жеке мал дәрігері, яғни, кәсіпкер болып тіркелдік. Осылай 2012 жылға дейін жұмыс жасадым. Осы аралықта жалақымыз да жоғарылады. Үш баламды ақылы негізде оқытып алдым. Қазір де жағдайымыз жаман емес.

 

Ал, біздің заманымызды көрмеген қазіргі жастарға келсек, олардың көбісі жылы жерде жұмыс жасап, жеңіл жолмен табыс тапқысы келетіні жасырын емес. Әрине, кешегі мен бүгінгіні салыстыруға келмейді ғой, арасы – жер мен көктей. Мәселен, бұрын қан сынамасын алу үшін темір ине мен шыны ыдыстарды қолдансақ, қазір бір реттік құрал-жабдықтарды пайдаланамыз. Бұл жұмыс барысын едәуір жеңілдетеді. Үкімет астымызға көлік беріп қойды, шақыртуларға дер кезінде барып, сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік алдық. Баяғыдай дорба арқалап, қора аралап жүрмейміз. Бұрын қызметімізідң көп бөлігі далада, атап айтқанда, жазда – жайлауда, қыста – қыстақта өтетін. Ал, бүгінгі жас мамандарға оңай, олар далаға тек бір-екі күн ғана шығып келеді.

 

Бірақ, екінші жағынан, әр уақыттың өз қиындығы болады. Мәселен, қазір бұрынғыдай емес, мал аурулары көбейіп барады. Емдеу тәсілі жетілген сайын, ауру да «айласын асыруда». Сондықтан қол қусырып қарап отыруға уақыт жоқ, мамандар үнемі үздіксіз ізденісте болуы тиіс. Сонда ғана дер кезінде дұрыс диагноз қойып, мал басын аман сақтап қалуға болады» дейді ол.

 

 

Еңбек адамды есейтеді

 

Қай мамандықты алсақ та, ол адамның шеберлігін немесе шығармашылығын шыңдап қана қоймайды, сонымен қатар, тұлға ретінде тәрбиелеп шығарады. Себебі, адам жападан жалғыз еңбек етпейді, ол белгілі бір ұжымда немесе ортада қызмет етеді. Сәйкесінше, оны қоғам тәрбиелейді деген сөз. Қоршаған қоғам қандай болса, оның мүшесі де соны қайталайды.

 

«Жыл сайын мыңдаған инженер, құрылысшы және ауыл шаруашылығы маманы оқуын бітіріп шығады. Оларға білім беру үшін мемлекет қомақты қаражат бөліп жатыр. Алайда көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Олар арнайы білімді қажет етпейтін, тез табыс әкелетін жұмыстарды таңдайды. Әрине, жұмыстың жаманы жоқ, адал еңбектің бәрі – маңызды. Бірақ бұл үрдіс жеке адамға да, бүкіл елге де үлкен пайда әкелмейді» деген Президент бүгінде азаматтардың өндіріске барғанын құп көріп отыр. Ендеше, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүргенді жақсы көретін кей жастарымызға Мемлекет басшысының сөзі біраз сабақ болары анық. Мұны кейіпкеріміз де жасырмайды...

 

«Бағыма орай, маған ең жақсы мамандық және ең жайлы орта тап болды деп ойлаймын. Осы жерде қызметімнің қиын да қызықты сәттері өтті. Әлі есімде, еңбек жолын енді ғана бастап жатқан кезде жұмыс бабымен мал емдеу пунктіне барған едім. Теміртас деген ағамыз мал сойып жатыр екен. Содан мені көрген ол: «Мына малдың бір бөтекесі жоқ қой» деп басын шайқады. Мен болсам, «бір бөтекемен де өмір сүруге болады екен ғой» деп таңқалысымды жасыра алмадым. Сол сәтте ағамыз күліп жіберді. Сөйтсем, ол бір бөтекені тығып қойып, мені тексергісі келген екен. Содан кейін малдың әрбір мүшесіне ерекше мән бере бастадым. Сондай-ақ, «Коммунизм жолы» кеңшарында бас мал дәрігері Уап Төлемісов, Қуаныш Сисенғалиев, Мұхамбет Зинуллин сияқты тәжірибелі аға буын өкілдері еңбек етті. Мен ол кісілерден көп нәрсені үйрендім. Солардың арқасында мал емдеу ісінде білімімді жетілдіріп, білігімді шыңдай түстім» дейді ол.

 

 

Мал бәрін сезеді...

 

Бір қызығы, мал екеш мал да адам сияқты бәрін сезіп, біледі екен. Тек тіл жоқ. Яғни, ауру мал қай жері ауырып тұрғанын айта алмайды. Ендеше, ветеринарды қинайтыны да – осы.

 

«Адам баласын емдейтін дәрігер секілді, ветеринар болу да оңай емес. Мен қырық жыл осы салада жұмыс жасап келе жатсам да, әлі күнге дейін ауру малды алдымен сыртынан бақылап, мінез-құлқын біліп аламын. Мұны «клиникалық картина» деп жатады. Содан соң қызуын өлшеймін. Бұл ретте, ең бастысы – жануардан қорықпау қажет. Ол адамның қорқынышын бірден сезіп қояды. Сөйтіп, сенімсіздік танытып, қиғылық салуы мүмкін. Сондықтан оның қасына ақырын барып, жай қимылдау керек. Сонда ол өзі-ақ сізге қарай икемделе бастайды.

 

Қандай қызметтің де өз қиындығы болады. Бізді де мал сүзіп, теуіп қалып жатады. Демек, сақтана білу қажет. Осы орайда, жұмыс барысында жаңа технология тетіктерін пайдаланып, білмегенімізді ғаламтор желісінен тауып аламыз. Қазір білім іздеген жанға барлық жағдай жасалған ғой. Жалпы, мал емдеуге қолайлы кезең – жаз бен көктем мезгілі. Қыста дәріні ауру малға апарғанша қатып қалады.

 

Сөз соңында мал иелеріне маңызды ақыл-кеңес айтқым келеді. Мал ауыра қалған жағдайда бірден ветеринарға хабарласқан дұрыс. «Өзім білемінге» салып, өз бетімен ем-дом жасауға болмайды. Жасыратыны жоқ, біреулер малдың ауруын анықтамай жатып, дереу сойып алып жатады. Бұл да – өрескел қателік. Себебі, мал «сібір жарасы» секілді жұқпалы дертке шалдыққан болуы мүмкін. Ондайда оның етін жеген адамға ауру жұғады деген сөз. Соңғы кездері кенелер де күрт көбейіп кетті. Олар да ауру тасиды. Сондықтан «сақтықта қорлық жоқ» деп халық бекер айтпаса керек» дейді С.Аманғалиев.

 

 

ТҮЙІН

 

...Иә, әрбір жұмысшы мамандықтың артында ерен еңбек пен адал қызметтің берік үлгісі жатқанын бұл жолы тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдық. Айтпақшы, былтыр елімізде алғаш рет 10 шілде – ветеринария қызметкерлері күні болып бекітілген болатын. Кәсіби мерекені құрманғазылық мал дәрігерлері жоғары деңгейде атап өтті. Ендеше, аталған мамандыққа мемлекеттің өзі зор маңыз беріп отырғаны – қарапайым еңбек иелеріне деген зор құрмет пен қошеметтің белгісі емес пе?!

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости