Ендеше, қарапайым еңбекпен қыруар жетістікке жетіп жүрген жандар аз емес. Солардың бірі – бүгінгі кейіпкеріміз Эльвира Дербисова.
Ол – жылу бекетінің технологиялық сызбаларын терең меңгерген, жабдықтардың жұмысын жетік білетін жоғары білікті маман. Қазіргі уақытта ол «Атырау жылу жүйелері» АҚ-ның №3 жылу желілерін пайдалану ауданына (ЖЖПА-3) қарасты 101-орталық жылу пунктінің операторы қызметін атқарады. Эльвира өз ісінің кәсіби маманы ғана емес, сонымен қатар, жас операторларға бағыт-бағдар беретін білікті тәлімгер. Ол ұжымға жаңадан қосылған мамандарға жылу бекетінің жұмысын үйретіп, тәжірибесімен бөлісуге әрдайым дайын.
– Мен осы жұмысқа 1993 жылы кірдім. Бұл қызметке 18 жасымда кәсіби техникалық училищені бітіріп келдім. Содан бері 32 жыл табан аудармастан еңбек етіп келемін. Тоқсаныншы жылдары жұмыс өте қиын және ауыр болды. Қазір, шүкір, барлық құрылғылар мен тұрбалар жаңартылған. Алаңсыз жұмыс жасауға барлық жағдай жасалған. Енді жұмыс болған соң, бәрі болады ғой, кейде жарық сөніп, кейде су жүрмей қалып жатады. Бірақ төтенше жағдайлар бұрынғыдай көп болмайды. Сондықтан тұтынушылардан арыз да көп түспейді. Авария бола қалған жағдайда, сол тұрғын үйге слесарь-мамандарды жібереміз, олар ПИК қызметкерлеріне хабарласады. Ал, ондағылар орын алған кемшіліктерді дереу жоюға жұмыстанады. Содан кейін ғана біз жарық пен суды кері қосамыз.
Жас мамандарды да көп жағдайда бізге жібереді. Себебі, бұл жер нағыз сынақ алаңынан кем емес. Мұнда кез келген жас білікті де білгір маман ретінде шыңдалып шыға алады. Қалай десек те, бұл – өте жауапты жұмыс, жауапкершілік жүгі аса ауыр. Өйтпегенде ше? Еліміздің мұнайлы астанасын ыстық сумен және жылумен қамту оңай емес қой. Қазір біз 17 нысанға қызмет көрсетеміз. Оның ішінде қалалық және облыстық сот ғимараттары, сондай-ақ, орталық Сәтпаев көшесіндегі үйлер де бар. Құдайға шүкір, еткен еңбегіміз еш кетпеді. Мемлекет тарапынан түрлі марапаттар иеленіп, қолдау көріп жатырмыз. Атап айтсам, 2013 жылы «Атырау жылу-электр орталығына 50 жыл», 2020 жылы «Елімізді жарықтандырудың Бас жоспарына 100 жыл» және 2023 жылы «Атырау жылу-электр орталығына 60 жыл» төсбелгілерін өңіріме қададым. Сол үшін де басшыларға үлкен алғысымды айтқым келеді, - дейді білікті маман.