Бұл ретте Мемлекет басшысы сала қазіргі мүшкіл халге жетіп отырғанын атап өтті. Оның ішінде Алматыдағы екінші жылу электр орталығындағы бу-газ қондырғысының құрылысы созылып кеткенін, Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің энергоблогын қалпына келтіре алмай жүргенімізге 10 жылдан асқанын айтты (2012 жылдан бері).
Сондай-ақ Екібастұздағы екінші ГРЭС-ті кеңейту және күрделі жөндеу жобасы уақтылы жүзеге асырылмай жатыр. Үкімет, ең алдымен, биыл апатты жағдайдағы 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстарын аяқтауға тиіс.
"Жалпы, еліміз электр, жылу, су өндіру және жеткізу қуатының тапшылығын сезініп отырғаны жасырын емес. Балқаш жылу электр орталығы құрылысының аяқталмай қалуы, табиғи монополия субъектілерінің ашық жұмыс істемеуі, сондай-ақ тарифтердің өсімін қолдан тежеу – осының бәрі кезінде жіберілген қателіктердің салдары. Салаға түбегейлі реформа жүргізген жөн. Ол үшін жүйелі жұмыс атқару қажет", - деді Президент.