Премьер-Министрдің айтуынша, электр энергетикасы – ел экономикасының «тамырына қан жүгіртіп», тұрақты дамуға негіз болатын бірегей сала.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында кемінде 14 ГВт көлемінде қосымша қуат көздерін іске қосуды тапсырды. Жалпы ішкі өнімді 2 есеге дейін өсіру үшін бізге осындай көлемде энергия қуаты қажет. Ол үшін энергетика саласы тез дамуы тиіс», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің 15% үлесіне қол жеткізу мақсатында Total Energies, Acwa Power және Masdar сияқты стратегиялық инвесторлармен ірі жобалар іске асырылатын болады.
«Жалпы 2035 жылға дейін Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне шамамен 26 ГВт базалық және маневрлік генерацияны іске қосу жоспарланып отыр. Қабылданып жатқан шаралар электр энергиясының тапшылығын жоюға және 2030 жылға қарай оның резервін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ, Үкімет басшысының айтуынша, бұрын басталған ірі жобаларды іске асыру созылып кетті. Солардың бірі – Екібастұз ГРЭС-2-нің 3-ші энергия блогын салу жұмыстары.