RSS лента

Қазақстанда электр энергиясы қымбаттай ма?

Автор фото: әлеуметтік желі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевті қабылдады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасай отырып.



Кездесу барысында Мемлекет басшысы еліміздегі жанар-жағар май қорының бірден азайып кетуіне жол бермеу қажет екенін атап өтіп, ішкі нарықтағы жағдайды осындай келеңсіздікке әкеп соқтырған ведомстволардың жұмысын сынға алды. Президент өнеркәсіп пен халықты электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету, сондай-ақ қосымша өндіріс қуаты көздерін құру қажет екеніне назар аударды.

 

Энергетика министрі Президентке тапшылықтың орнын толтыру үшін қабылданған шұғыл шаралар туралы баяндады. Осыған байланысты Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары 2022 жылға шегерілген. Бұдан бөлек Ресейдің Энергетика министрлігімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде шамамен 150 мың тонна дизель отыны көрші елден импортталды. Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, қазіргі уақытта жағдай тұрақталып келеді.

 

Сонымен қатар министр Мемлекет басшысына Қазақстанның электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі болжамды теңгерімі жөнінде айтты. Алдағы онжылдықта электр энергиясын тұтыну көрсеткіші жыл сайын өседі деп күтілуде. Осыған байланысты жаңартылатын энергия көздерінің, сондай-ақ газ және гидроэлектр станциялары есебінен өндіріс көлемін ұлғайту жоспарланып отыр.

 

Мемлекет басшысына цифрлық майнинг саласын бақылау үшін қабылданып жатқан шаралар таныстырылды. Бұл өз қызметін тіркеусіз атқаратын субъектілерге қатысты. Министр «сұр» майнерлер шамамен 1200 МВт-қа дейін электр энергиясын тұтынатынын және оларды анықтау жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, қажет болған жағдайда, басқа да құзырлы органдарды тарта отырып, аталған жұмыстарды жылдамдатуды, сондай-ақ майнингті заңнамалық тұрғыдан реттеу мәселесін кейінге қалдырмауды тапсырды. Бұл ретте «ақ» майнерлер өз қызметін қосымша шектеулерсіз жалғастырады.

 

Мемлекет басшысы ішкі нарықты сапалы жанар-жағар маймен және үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін Қазақстанның ресурсы мол екенін айтты. Президент Энергетика министріне жүктелген міндеттерді шешу үшін тиісті шараларды қабылдау қажеттігін тапсырды.

 

Ал, ranking.kz мәліметі бойынша биығы жылдың үш тоқсанында Қазақстанда электр энергиясын өндіру 83,6 млрд кВт/сағ-ты құрады. Бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 7,7% көп.


Электр энергиясын тұтыну 7%, яғни 2,9 млрд кВт/сағ-қа (Оңтүстік аймақ бойынша 12% жуыққа) дейін артты. Қазақстанның үш өңірінде - Атырау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында электр энергиясы артығымен қалып жатса, қалған өңірлерде энергия тапшылығы байқалады. Олардың көбінде тұтыну өндірістен бірнеше есе асып түседі.

 

Жарықты тұтыну көлемінің ұлғаюы еліміздің барлық өңірінде тіркелген, ең көбі — Қызылорда (жылына 16,5%), Батыс Қазақстан (14,3%), Ақмола (14,2%), Түркістан (12,7%) және Алматы (11,4%) облыстарында.

 

Электр энергиясын тұтынудың мұндай өсімі өткен жылғы көрсеткіштерден күрт асып түседі. 2020 жылдың ұқсас кезеңінде электр энергиясын тұтыну көлемінің өсімі тек 1,5%, 2019 жылы — 1,6% құраған болатын. Тек биылғы жылдың қыркүйек айында секторда тұтыну көлемі 8,7 млрд кВт/сағ-ты құрады, бұл 2020 жылдың қыркүйегіне қарағанда 7,5% көп.

 

Ең жоғары жылдық өсім Батыс Қазақстан (28%), Түркістан (15%) және Ақмола (13%) облыстарында байқалды.

  

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости