Бұл туралы Primeminister.kz жазады. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов кеше түс ауа сыртқы желілерде электр энергиясын берудің тоқтауына байланысты Атырау МӨЗ-і тоқтап қалғанын айтты.
«Электрдің өшуі нәтижесінде АМӨЗ-дің барлық технологиялық қондырғысы қауіпсіз тоқтатылды. Апаттық жағдайдың алдын алу және қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін апаттарды жою алгоритміне сәйкес барлық қондырғыдан көмірсутек газы алауға қарай жіберілді», — деді Дәулетжан Хасанов.
Оның айтуынша, түнде электр энергиясы қайта іске қосылғаннан кейін зауыт қолда бар қорлардан мұнай өнімдерін жөнелте бастады. АМӨЗ резервуарларында бүгінгі таңда 26 мың тонна автобензин, 33 мың тонна дизель отыны, 1 200 тонна сұйытылған мұнай газы бар.
Жалпы ел бойынша АИ-92 бензині мен дизель отынының қорлары бір айға, АИ-95 екі аптаға жетеді.
«Павлодар мұнай-химия зауыты 20 шілдеге дейін жоспар бойынша жөндеуге тоқтатылғанын, ал Шымкент МӨЗ-і каталитикалық риформинг қондырғысындағы жұмыстар үшін ішінара тоқтатылғанын ескерсек те, зауыттардан мұнай өнімдерін жөнелту тоқтаған жоқ. Сыртқы желілерде электр энергиясын беру басталғаннан кейін АМӨЗ технологиялық қондырғыларын тұрақты режимге шығару басталды. Апта соңына дейін зауыт мұнай өнімдерін өндірудің бұрынғы көлеміне шығуды жоспарлап отыр», — деді Дәулетжан Хасанов.
Қабылданған шаралар туралы KEGOC компаниясының басқарма төрағасы Қаныш Молдабаев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев және Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов баяндама жасады.
Премьер-Министрдің айтуынша, қазіргі таңда энергиямен қамтамасыз ету қалпына келтірілуде, АМӨЗ-де технологиялық ақаулар анықталған жоқ. Зауыттың жұмысын қауіпсіз тоқтату үшін дер кезінде шаралар қабылданды. Қазіргі уақытта зауыт басқа кәсіпорындар сияқты өз жұмысын қалпына келтіруде.
«Ешқандай да жанар-жағармай тапшылығы болмайтынын баса атап өткім келеді. Қолда бар отын қоры бүкіл республикаға жетеді. Барлық мұнай өңдеу зауытын тоқтату туралы алып-қашпа әңгімелер шындыққа жанаспайды. Жағдай бақылауда», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес апаттың себептерін тексеру үшін арнайы Мемлекеттік комиссия құрылғанын айтып өтті. Оның жұмысына Премьер-Министр басшылық етеді.
«Кінәлілер жауапқа тартылады. Қазіргі таңда ең бастысы – барлық кәсіпорынның жұмысын қалпына келтіріп, тұтынушыларды электр энергиясымен толығымен қамтамасыз ету», — деді Әлихан Смайылов.
Оған қоса Премьер-Министр Маңғыстау облысының әкімдігіне энергетикалық комбинаттың қолданыстағы жабдықтарын іске қосу және жаңғырту бойынша шаралар қабылдауды, Энергетика министрлігіне «KEGOC» компаниясымен бірлесіп, Батыс энергетикалық торабының қалыпты жұмысын қамтамасыз етуді, Энергетика министрлігіне ІІМ және БҚА-мен бірге алып-сату және жанар-жағармайдың жасанды тапшылығын туғызу фактілеріне тосқауыл қоюды тапсырды.