RSS лента

Өрт сөндірушіге айналған мұғалім

  • 08.03.2024, 18:01,
  • 537
  • 0
  • Автор:
Автор фото: жеке мұрағат

Төтенше жағдай қызметі сырттай қарағанда ер адамдар ғана жұмыс істейтін сала көрінуі мүмкін. Алайда бұл салада бірнеше жылдық еңбек өтілі бар әйел адамдар да жұмыс істейді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Massaget.kz тілшісі 21 жылдан бері Атырау облыстық Төтенше жағдай департаментінде қызмет атқаратын Лаура Хадисовамен сұхбаттасып, бұл салада әйел адамдарға жұмыс істеу қаншалық қиын екенін сұрады.

Лаура Хадисованың жасы 42-де. Оның негізгі мамандығы бұл саладан мүлде алыс болса да, тағдыр айдап, қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызметке келген.

"Өзім Атырау облысы Құрманғазы ауданы Сүйіндік совхозының тумасымын. Атырау қаласындағы Х.Досмұхамедұлы атындағы мемлекеттік унивеситетінің тарих-филология факультетін бітіргенмін. Бір сөзбен айтқанда, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімімін", - дейді ол.

Бүгінде бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған Лаура Хадисова жұбайымен де осы төтенше жағдай департаментінің арқасында танысқан.

"Жолдасым - Артур Жұмағалиев, Көкшетау техникалық институтын бітірген. Осы қызметте таныстық", - деп әңгімеледі департамент қызметкері.

Атырау облысы Төтенше жағдай департаменті қызметкерінің айтуынша, бұл салаға келуінің өзі бір қызық оқиға болған.

"2003 жылы жоғары оқу орнын тәмамдап, қала мектептерінің бірінде еңбек жолымды бастап жүрген кезімде таныс ағайымыздың үйінде қонақта отырғанбыз. Сол жерге форма киген үлкен апай келді. Өзіне әдемі жарасып тұрды. Сол жерде әңгіме барысында Өртке қарсы қызметінде 1-мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде орынбасар болып қызмет атқаратынын жеткізді. Сол жерге радиотелефоншы керек екенін де айтты. Табан астында бірден шешім қабылдап, "осы салаға ауысамын" дедім", - деп еске алды Лаура.

Оның бұл салада еңбек етіп келе жатқанына 20 жылдан асқан.

"2004 жылы наурызда Атырау қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне радиотелефоншы лауазымына қабылдандым. Сол жылдардан бері түрлі қызмет атқарып, қазіргі уақытта Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің Күш құралдар басқару орталығының диспетчерімін", - деп әңгімеледі ол.

Лаура Хадисованың айтуынша, әр жұмыстың өз қиындығы болатыны секілді бұл саланың да өз ерекшеліктері, қиындықтары қатар жүреді.

"Бұл саланың өзіне тән ерекшелігі, қиындығымен қатар қызығы да бар. Ең алдымен сырттай адамдарға әйел баласының ер адамдармен қатар жұмыс істеуі оғаш көрінеді. Әсіресе, жас отбасыларға. Осы кедергілерге төтеп беріп, өтіп кетсең нағыз өз ісінің маманы боласың", - дейді ол.

Сонымен қатар, ол бұл салада әрбір қоңырау, әрбір хабарлама өте маңызды екенін, оның арғы жағында құтқарушыларды күткен адам өмірі тұратынын жеткізді.

"Жұмыс барысында  түрлі оқыс оқиғалар болады.  Бізге түскен әр қоңырау маңызды. Адам өмірін құтқаруда әр минутың маңызды. Дұрыс шешім қабылдап, дер кезінде оқиға орнына арнайы құтқарушыларды жіберу керек", - дейді ТЖД қызметкері.

Оның ең бірінші кезекшілігі 8 наурызбен тұспа-тұс келген екен.

"Ең бірінші өрт түнде басталды. 8 наурыз болатын. Сол кезде қатты қорықтым. Тұрғын үй жанып жатқан болатын. Көліктер уақытында бара ма, адам шығыны болмай ма деген ойлар болды. Мекен жайға байланысты өрт сөндіру бөлімшелерінің кестесі бар. Соны білуіміз қажет. Осы кесте бойынша жібереміз. Кей жағдайда бала өлімі болады. Ол жағдайлар өте қиын. Бірақ салқынқандылық танытып, жұмысты жалғастырамыз", - дейді ол.

Құтқару саласының қызметкері жұмыстағы ең басты уайым адам өмірі екенін айтады.

"Кейде лаулаған отты сөндіру үшін ондаған техника жұмылдырылады. Олардың әрқайсында 6-7, кейбірінде  8 тонна су болады. Кейде оның өзі жеткіліксіз. Себебі тілсіз жаудың құрсауынан әріптестерімізді, азаматтарымызды аман алып шығамыз ба, жоқ па, соны уайымдаймыз", - дейді ТЖД қызметкері.

Лаура Хадисова осы уақытқа дейін түрлі оқиғаны көрген.

"Қаламызда орналасқан Мұнай өңдеу зауытында мұнай қалдықтарының жануы, қаланың орталығында орналасқан тоғыз қабатты "Ақ жайық" қонақүйінің отқа орануы секілді оқиғалар болды. Қала сыртындағы Қарабатан зауыты аумағында 2018 жылы наурызда жатақхана өртеніп, алты жұмысшы қаза тапты", - деп еске алды ТЖД қызметкері.

Оның сөзінше, азаматтар тіпті қызу өлшейтін құралдағы сынап жарылса да төтенше жағдай қызметінің көмегіне мұқтаж болады.

"Былтыр жыл аяғында тұрғын үйде табиғи газ жиналып қалып, жарылыс болды. Бір жанұя түгелдей зардап шегіп, төрт адам қаза тауып (екеуі бала - еск.), бір адам күйік алды. Алайда біз қызметте тек өрт оқиғаларын қабылдап қоймаймыз. Облыс аумағындағы барлық төтенше оқиғаны қабылдаймыз. Жасөспірім балалардың көпірден, жоғары қабаттардан секіріп кетуі, қызу өлшейтін құрал сынып қалуы, мысықтардың терек басына шығып кетуі, құлыпталып қалған пәтер есіктерін ашу сияқты адам өміріне қатысты төтенше жағдайларға қатысып, қолдан келгенше алдын алуға тырысамыз. Айта берсе, мұндай оқиға өте көп", - деп түйіндеді әңгімесін ол.

Айта кетейік, Атырау облысы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының диспетчері Лаура Хадисова былтыр 11 шілдеде "Ақ Жайық" мемлекеттік табиғи резерватының аумағында жанып жатқан өрт оқиғасын көріп, дер кезінде жұмыс істеуінің арқасында тілсіз жауды ауыздықтауға септігін тигізген. 

Қызмет еткен жылдары ішінде еңбегі еленіп, ІІІ дәрежелі "Мінсіз қызметі үшін" медалімен (2017 жылы), "Қазақстан полициясына 25 жыл" төсбелгісімен (2017 жылы) маратпатталған.

Суреттер: жеке архив

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости