RSS лента

Жұмысшы мамандықтар жылы: дәнекерлеушінің бір күні

  • 13.05.2025, 09:34,
  • 112
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

«КазКом-С» ЖШС жұмысшы мамандарды даярлауға елеулі үлес қосып келеді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Атырауда орналасқан кәсіпорында жыл сайын 15-ке дейін жас маман өндірістік тәжірибеден өтеді. Кейін олар еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие болады екен. Контактілі дәнекерлеу шебері Қуанғали Қадралиев «КазКом-С» ЖШС-де 2017 жылдан бері жұмыс істейді. Көп жылдық еңбек өтілі бар маман қазіргі таңда кәсіпорынның дамуына үлес қосып қана қоймай, өзінің білімі мен тәжірибесін жас ұрпаққа үйретуде. Оның жетекшілігімен өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері дәнекерлеу ісінің қыр-сырын меңгеруде.



«Құрылыс саласында 1979 жылдан бері жұмыс істеймін. «КазКом-С» кәсіпорнына 2017 жылы арматуршы болып жұмысқа орналастым, қазір контактілі дәнекерлеу шеберімін. Мұндағы еңбек жағдайы жақсы – тегін асхана, жуынатын орынға дейін бар. Егер тапсырыс көп болып, демалыс күндері жұмыс жасасақ, қосымша ақы төленеді. Маған бұл жерде өз тәжірибемді жастарға үйрету мүмкіндігінің бары ұнайды. Колледж бітірген түлектерге сапалы өндірістік тәжірибе өте қажет. Бұл – олардың болашағына жолдама. Осы істе менің де үлесім бар екеніне қуаныштымын», – деді Куангали Қадралиев.



Айта кету керек, «КазКом-С» кәсіпорны өңірде дуалды білім беру жүйесін алғашқылардың бірі болып қолдаған. Бұл бағытта олар Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді. Студенттердің жыл сайынғы өндірістік тәжірибесін ұйымдастырумен қатар, мектеп оқушыларына арналған бірлескен кәсіби бағдарлау іс-шараларына да белсенді қатысады. Кәсіпорын басшылығы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу жөніндегі облыстық комиссия құрамына және облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы адами капиталды дамыту жөніндегі салалық кеңес құрамына енеді.



«Ағымдағы жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланғанына өте қуаныштымыз. Бұл мәселеге ерекше назар аудару қажет. Себебі, осы кадрлардың кәсіби деңгейі біздің кәсіпорындардың тиімді жұмысына тікелей әсер етеді. «КазКом-С» ЖШС дуалды білім беру жүйесі енгізілген алғашқы жылдардан бастап осы жүйе бойынша жұмыс істеп келеді. Бұл жүйе жұмыс берушілер үшін де, жас мамандар үшін де маңызды. Жыл сайын 3–5 ай мерзімге бізде 15-ке дейін колледж студенті өндірістік тәжірибеден өтеді. Кейін олар өз қалауы бойынша бізде жұмыс істей алады немесе басқа жерден жұмыс таба алады» деді «КазКом-С» ЖШС директоры Светлана Долгова.



Айта кетейік, темір бетон бұйымдарын өндіретін «КазКом-С» ЖШС 2004 жылы Атырау облысындағы құрылыс саласы кәсіпорындарының қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Бүгінде кәсіпорында елу адам еңбек етеді. Кәсіпорын 200-ден астам өнім түрін шығарады.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости