Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 772 колледж жұмыс істейді, онда 565 мың студент білім алуда. Еңбек нарығын сұранысқа ие мамандармен қамтамасыз ету мақсатында мемлекет 9-сынып түлектеріне тегін білім алу мүмкіндігін жасауда. Биыл сұранысқа ие техникалық және кәсіптік білім беру бойынша тегін оқумен қамтылатын студенттер саны 153 мыңды құрайды, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 мың орынға артты. Мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы техникалық мамандықтарға, оның ішінде машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және басқа да салаларға бағытталады.
Қазіргі уақытта колледждерге 518 кәсіпорын шефтік қамқорлық көрсетеді, олардың санын 4 мыңға жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар жұмыс берушілермен бірлесіп, кәсіптік стандарттар мен мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары және WorldSkills стандарттарының талаптарын ескере отырып, 8 мыңға жуық білім беру бағдарламасы әзірленді. Биыл колледждер мен жұмыс берушілер 2 мыңнан астам білім беру бағдарламасын әзірлейді және өндірістік базада 2 мың педагог тағылымдамадан өтеді.